Basty bet
Еңбектің ебін тапқан табыстың көзін табады
Еңбектің ебін тапқан адамның қашанда табысқа кенелетіні анық. Ол ер немесе әйел деп те таңдамайды. Тек ынта керек. Қазір ерлермен бірге нәзік жандылар да иық тіресе еңбек етуде. Қай істе болсын нәзік жандылар қоғамға белсене араласып, өз кәсібін ашуда. Соның бірі Нұрлыкент ауылының тұрғыны – Маржан Ідірейсова. Маржан Оңдасынқызының кішкентайынан арманы өзінің жеке дүкенін ашу болған. Уақыт өте ол арманы шыңдыққа айналып, қазіргі таңда ауылдағы мектеп жанынан оқушыларға арнап дүкен ашып отырған жайы бар. Бұл дүкеннің басқа дүкендерден ерекшелігі – дүкен шайхана ретінде ашылған. Ол жерге үлкен үзілісте ұстаздар мен оқушылар келіп шай ішіп кетуге барлық жағдай жасалған. Ал дүкеннің ішіндегі тәтті бәліштерді кейіпкеріміз өз қолымен пісіріп, дайындайды.
-Бала кезімнен дүкенде сатушы болуды армандайтынмын. Кейін мектепті бітіріп, оқуға түсіп, тұрмыс құрып, көпбалалы ана болдым. Балалардың болашағы үшін бір кәсіп ашу керек екенін түсіндім. Өйткені бір айлыққа қарап отыра алмайсың. Қосымша табыс артық етпейді. Бір күні жолдасыма кішігірім дүкен ашсақ қалай болады екен деп өз ойымды айтып едім, ол кісі бірден мені қолдай кетті. Екеуіміз үйдегі анамызға келіп осылай дүкен ашсақ қалай қарайсыз дедік. Анамыз тәуекел көріңдер, мен сендердің әр істерінді қолдаймын деп өзінің рұқсатын берді. Әрі қарай жолдасым екеуміз ауыл әкімшілігіне барып жер сұрдық. Оларға өз ойымызды айттық. Ауыл әкімшілігі де бірден қолдауларын білдірді. Жан-жақты қолдаулардың арқасында әрі қарай жұмыс істеуге деген шабыт оянды.
Біздің ендігі мақсатымыз – жеңіл құрылыс үлгісінде контейнер былайша айтқанда дүңгіршек жасату. Дүңгіршекті ауыл тұрғындары мен көршілер өзіміз жасап көмектесеміз деп өз ұсыныстарын тастады. Ол кісілерге үлкен рақмет, қашанда өз көмектерін аямайды. Бірақ біз уақытты үнемдеу үшін дайын дүңгіршек іздедік. Аудан орталығынан дайын контейнер сатып алдық. Оны ауылға әкеліп, мектеп жанына орналастырып, іші- сыртын әрледік. Дүкен ашуға, оның құжаттарын дайындауға тура бір ай уақытымыз кетті. Әрі қарай дүңгіршектің ішін затқа толтырдық,- дейді Маржан Оңдасынқызы.
Иә, қай кәсіп түрін бастар алдында адамда ашқан кәсібім ары қарай жүре ме, болмаса тоқтап қалама деген қорқыныш болады.
Олар үкіметтен ешқандай көмек алмай, бұл кәсіпті отбасымен өздерінің жинаған қаражаттарына ашты.
-Басында заттарды шамалап алатынбыз. Өйткені алған заттың барлығы сапалы болғаны ұнайды. Тұрып, қатып қалған заттарды балалар алғысы келмейді, ол біржағынан ысырапшылдыққа әкеледі. Уақыт өте дүкен ішіндегі заттардың санын көбейттік.
Бұл кәсіпті ашқанда да басымыздан небір қызықты күндер өтті. Жолдасым екеуміз бұрын дүкенде істеп көрмегендіктен шығар, аудан орталығынан азық-түлікті санап алғандай әкелген күндеріміз болды. Шүкір қазір кәсібіміз жүріп тұр. Ол жерде енем сатушы болып жұмыс істейді. Енем ауылдағы мектепте 40 жыл жұмыс істеген ұлағатты ұстаз. Қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көруде. Бізге өзінің қолынан келген көмегін аямайды. Таңертеңнен кешке дейін дүкенде отырады. Кешке келіп немерелерінің сабағына көмектеседі.
Адам негізі бір жұмысты бастарда қорықпау керек екен. Тәуекелге бел буып, ашамын, осы кәсіпті игеріп кетемін деп алдына мақсат қойса болды.
Біз көбінесе болмай қалса, не болады? Сонша ақша зая кетеді ғой деп уайымдаймыз. Балаларға керек тәттілерді кешке жұмыстан келген соң пісіріп, таңертеңге дайындап қоямын. Күндегісін күнде солай дайындап отырамын. Маған әр жұмысты бар ынтамен істеген ұнайды. Осы кәсіп арқылы біз өзіміздің нәсібімізді тауып отырмыз,- дейді жеке кәсіпкер Маржан Ідірейсова.
Жолдасы Қайрат екеуі бес бала тәрбиелеуде. Балаларының алды мектепке барса, кішкентайлары балабақшада. Кейіпкеріміздің өзі Нұрлыкент ауылындағы «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасында мейірбике болып жұмыс жасайды. Ал жолдасы мектепте мұғалім.
Одан бөлек кейіпкеріміз кішкентай сәбилерге қосымша массаж жасайды. Ол да болса бір кәсіптің түрі. Жеке кәсіпкер өзінің болашаққа деген жоспарымен де бөлісті. Ол қазіргі кәсібін болашақта кеңейтсем, басқа да кәсіппен толықтырсам дейді.
Адам еңбегімен бағалы. Тамшыдай дүниеден теңіз жасап, отбасылық кәсіптің көзін тапқан кәсіпкердің ісіне сүйсінуге болды.
Баян Оразбаева,
«Жаңа өмір»