Basty bet
Адам құқығын қорғау барлығынан маңызды
Қоғам әрқашан тәртіпке негізделіп, арқа сүйеп қалыптасып, тіршілік етеді. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, яғни, келешегі болмайды. Мұны адамдар ежелден-ақ жақсы түсінген. Сондықтан да қоғамда тәртіп орнатудың жолдарын қарастырған. Дегенмен, керісінше қоғамдық тәртіпті бұзуға бейім азаматтар да аз болмаған.
Осыдан келіп – құқық бұзушылық орын ала бастады. Құқық бұзушылық – қоғам өміріне тән дерт. Адам баласы өмір сүрген ортада ол да әрқашан орын алады. Бұл объективті құбылыс.
Адам құқығы – ең қымбат қазына. Себебі, адамның құқығы қашанда ең биік құндылық болып қала бермек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылдың 16-шы наурызындағы Қазақстан халқына Жолдауында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының құзыретін күшейтіп, оған Конституциялық мәртебе беру қажеттілігін атап айтқан болатын. Міне, осыған сәйкес 2022 жылдың 1-ші қарашасында Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі болып Берікбол Байхожаев тағайындалған болатын.
Кеше Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі қызметіне Берікбол Байхожаев аудан жұртшылығымен кездесу өткізді. Жиынға ауылдық округтердің әкімдері де шақырылды. Басқосуды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаевқа берілді.
-Елімізде Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институтының құрылғаны жөнінде біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан осындай институттың құрылғанын, оның атқаратын қызметін жұртшылыққа таныстыру үшін облысқа қарасты аудандарды аралауды бастадым.
Өңірде адам құқықтары бұзылған жағдай анықталып жатса, жоғары органдарға және прокуратураға өтініш-хаттар жолдай алатынын және тұрғындардан түскен арыз мен өтініштердің негізінде атқарылып жатқан жұмыстар жайында кеңінен түсіндірме жүргізуді басты мақсат етіп отырмын,- деді Берікбол Ұзақұлы.
Өкіл жиналған жұртшылықты «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Заңының аясында құрылған Өкілдіктің құзырлығы және атқарылып жатқан іс-шараларымен кеңінен таныстырды. Жуалы өңіріне жұмыс сапарымен келген Берікбол Ұзақұлы адам құқығын қорғау бағытына ерекше назар аударып, бұл айтылған мәселелер қоғамның даму деңгейіне өзіндік әсер ететінін мәлімдеді.
Тақырыпқа тұздық ретінде ақпарат ретінде айта кететін болсақ, Президенттің бастамасымен елімізде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы Конституциялық заң қабылданған болатын. Енді Уәкіл кез-келген мекемелер мен ұйымдарға еш тосқауылсыз кіріп, барлық қажетті ақпараттарды сұрата алады. Оған өзге де бірқатар кепілдіктер мен өкілеттіктер берілген. Қазақстандықтар Уәкілге өз мәселелері бойынша өтініштерін жолдауға мүмкіндік алып отыр. Уәкіл Қазақстан Республикасының азаматтары және Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке өздері немесе өкілдері арқылы берген шағымдардан келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде өз құзыреті шегінде қарайды.
Өтінішті үш тәсілмен беруге болатынын тұрғындардың есіне салғымыз келеді. Айта кетер болсақ: Бірінші – «е-өтініш» порталы арқылы, екінші – пошта арқылы, үшінші тәсілі – қолма қол арқылы.
Өтінішті қарау нәтижесінде Уәкіл келесі шешімдерді қабылдайды:
1) өтініш берушінің құқықтарын қалпына келтіру үшін қабылдануға жататын тиіс шараларға қатысты ұсынымдар жібереді;
2)адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзған адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық іс қозғау туралы өтінішхатпен жүгінеді;
3) адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін талап арызымен сотқа жүгінеді.
Жалпы 2020 жылы – 1 201, 2021 жылы – 1 855, 2022 жылы – 3 874 өтініштер мен шағымдар түскен. Өтініштердің басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы электронды үкімет порталы арқылы түскен.
Ал, Уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкіліне ағымдағы жылдың 6 айында 1 22 өтініштер мен шағымдар келіп түскен екен. Оның 106-сы қаралса, 16 қаралу барысында екен.
Аталған кезеңде 88 азамат жеке қабылдауда болған. Берікбол Ұзақұлының айтуынша, қабылдаулар нәтижесімен 70 азаматқа тиісті Заңға сәйкес түсіндірме берілсе, 18 азаматтың жазбаша шағымы қабылданды.
Жалпылай айтқанда, Президент Жарлығымен бекітілген, мемлекеттік қызмет саласының дамуына оң әсер беретін уәкіл қызметінің салмағы ауыр, жауапкершілігі жоғары. Сеніп тапсырылған қызметті абыройлы орындау – әр уәкілдің жұмыс жасау принципіне байланысты. Демек, қызметтің сапасы атқарылған жұмыстың нәтижесімен өлшенбек.
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»