Бала – бауыр етің. Адам баласы үшін өмірде перзент сүю – үлкен бақыт болса, сол перзентің дені сау, өнерлі, өнегелі, иманды болса, одан да зор бақыт.
Халық даналығында “Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты” деген нақыл сөз бар. Яғни, баланы дүниеге әкелген соң оны баға да, баули да білу ата-анаға міндет.
“Тәрбие жалқауды да адам етер, еркелік жақсыны да надан етер” дейді дана халқымыз. Егер балаңды ізгілікке, еңбексүйгіштікке, ұлтжандылыққа, имандылыққа тәрбиелесеңіз ғана дұрыс баули білгеніңіз. Асыл дінімізде де “Кез келген ата-ана баласына жақсы тәрбиеден артық ештеңе қалдыра алмайды” дейді.
ХХІ ғасыр – білім мен ғылымның ғасыры. Яғни, кез келген адам өзін-өзі танып, үздіксіз дамытуы тиіс. Қай заманда болсын адамның рухани ішкі әлемі, көзқарасы, ой-өрісі, бірінші орында тұрады.
Бала тәрбиесінде біздің көп қателесіп жатуымыздың себебі – ол білімсіздікте.
Бүгінгі таңда кейбір отбасында ата-ана мен баланың қарым-қатынасының дұрыс болмауы, бір-бірімен түсінісе алмауы өте үлкен күрделі мәселе болып отырғаны жасырын емес.
Баланың сапалы білім, саналы тәрбие алып, дұрыс бағытқа түсуі ата-анасы мен мұғалімдеріне, ортасына тікелей байланысты.
Сонымен бірге жұмысбастылық, адамдардың смартфон, телефон мен компьютерді, интернетті шамадан тыс пайдалануының салдарынан бала тәрбиесінде көптеген кемшіліктер орын алуда. Оның салдары бүгінгі таңда күрделі мәселелерге жеткізуде. Бүгінде бала тәрбиесі туралы оқып, ізденіп, өзін дамытуды қолға алған адамдар да аз емес. Бірақ оған көп адамның жағдайы, уақыты, білімі жете бермейді. Сондықтан бала тәрбиесінде ата-аналарға кеңес ретінде тамшыдай болса да көмек көрсету мақсатында №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның педагог-психологы, 2013 жылы “Үздік психолог” республикалық байқауының жеңімпазы атанған педагог-шебер, психология ғылымдарының магистрі Мира Өскенбаевамен сұхбаттасып, мектеп жасындағы балалар арасында жиі кездесетін мәселелер төңірегінде ой бөліскен едік.
-Мира Аманжолқызы, ата-ана үшін баланы мектепке дайындау – үлкен мәселенің бірі деп ойлаймын. Себебі, мектепке барғысы келмейтін балалар ортамызда кездесіп жатады.
Мектепке дайындау дегеніміз – әрине тек киімі мен оқу құралдарын дайындау емес. Яғни, Сізге қойғым келген сұрақ – баланы психологиялық тұрғыда қалай дайындау керек? Неден бастау керек? Меніңше, бірінші денсаулығын тексеруден бастау керек.
-Иә, шынында бұл ауқымды тақырып. Баланың дайындығын бірнеше критерийлерге байланысты қарау керек. Яғни, интеллектуалды, психологиялық, физиологиялық және нейрофизиологиялық критерийлер. Мысалы, бала есепті жақсы шығарғанымен, өз бетімен жейдесінің түймесін қадай алмайды. Яғни, ұсақ моторикасы өте нашар болуы мүмкін. Одан бөлек баланың координациясы нашар болғаннан, жол жиектемесімен жүре алмайды. Бала интеллектуалды тұрғыда мықты, бірақ эмоционалды интеллекті төмен болатын жайттар да бар. Мәселен, басқа балалармен қарым-қатынаста қиындыққа тап болуы мүмкін. Мұның барлығы баланың психологиялық дайындығына жатады.
Баланы мектепке дайындауды физиологиялық критерийден бастаған жөн. Алдымен баланы медициналық тексеруден өткізген дұрыс. Яғни, бала мектепке барарда емханадан №086 денсаулығына қатысты құжат алуы керек. Бала бұл құжатты алу үшін тиісті дәрігерлерден міндетті түрде тексеруден өтуі тиіс. Өкінішке қарай, бізде көптеген ата-аналар балаларын толық өткізбей, денсаулығы жақсы деген құжат алып келеді. Құжаты дұрыс, бірақ баланың тіл мүкістігі бар немесе бала гаджетке тәуелді болғандықтан көзі дұрыс көрмейді. Немесе баланың бойында дәрумен жетіспеушілігі бар. Бұл ата-ананың сауаттылық деңгейіне байланысты. Баланы дер кезінде тексертіп, алдын алмағандықтан, уақыт өте бұл үлкен мәселеге айналады. Баланың қабылдауы, есте сақтауы, сөйлеу деңгейі бәрі тексерілуі керек. Қысқасы, баланы тек әлеуметтік жағынан ғана емес, психологиялық, медициналық тұрғыдан да дайындау керек.
Сонымен бірге бала табиғатынан оңақай және солақай болады. Бұл табиғи даму. Сондықтан солақай баланы мәжбүрлеу дұрыс емес. Бұл табиғатын өрескел бұзу.
Солақай балалар көбінде креативті ойлайтын, өнерге жақын, шығармашыл болып келеді. Ата-ана оны әрі қарай дамыту керек. Баланың бойындағы өзгешелікті, қабілетті көре біліп, оны мұғаліміне айтып, дұрыс бағыттап отыру маңызды.
-Мүлдем мектепке барғысы келмейтін баланы қалай қызықтыруға болады? Сіздер мектепте олармен қандай жұмыс жасайсыздар?
-Бала мектепке дейін балабақшаға барғаны дұрыс. Үйдегі бала мен балабақшаға барған баланың айырмашылығы жер мен көктей. Балабақшаға бармай бірден мектепке бару бала үшін қиын.
Мектепке мүлде барғысы келмейтін жағдайлар бірінші сынып оқушылары арасында кездеседі. Оның да өз себептері бар. Негізгі себеп – жаңа айтып өткеніміздей, баланың дайындығына байланысты. Бала психологиясына қатысты кез келген мәселе ата-ана мен мұғалім арасында үзілмеген байланыстың нәтижесінде шешіледі. Мәселен, бала ерке болуы мүмкін. Ерке бала ата-анасынан бөлек бөтен біреуден қосымша сабақ алуы керек. Бала бөтен кісінің сөзін жақсы қабылдауы мүмкін. Үйде баласын оқытуда ата-ана баласына бөлген уақытының 5-10 минутында мұғалім рөліне кіруге тырысу керек. Баланы режимге үйрету қажет. Сонымен қатар баланың ағзасына дәрумен жетіспеушілігі болуы мүмкін. Сондықтан барлық мәселеге ата-ана дер кезінде мұқият көңіл бөлгені абзал.
-Нейродинамикасы төмен балаларға қалай көмектесуге болады?
-Нейродинамика дегеніміз – мидың тонусы. Яғни, мидың белсенді күйде болуын айтамыз. Мысалы, нейродинамикасы төмен балалар берілген тапсырмаларға бірден бас қоя алмайды. Осылайша тапсырмаларға ары қарайды, бері қарайды, көп қимылдайды, зейінін шоғырландыра алмайды. Оны орындағанның өзінде тез шаршап қалады.Мұның өзі нейродинамиканың төмен екенін білдіреді.
Нейродинамикасы төмен балалармен жұмыс істегенде біз негізінен кинесиологиялық тапсырмалар береміз. Бұл дегеніміз – бір уақытта бірнеше әрекетті орындау. Әрбір әрекет баланың ойлау жүйесін дамытады. Мәселен, дастарқан жасау немесе жинаудың өзі балаға ненің қай жерде, қалай тұру керектігін үйретеді. Бірақ кейбір ата-аналар баланы кішкентай, төгіп-шашып қояды деп жұмсамайды, үйретпейді. Ол дұрыс емес. Баламен бірге ойнау, жұмыс істеу баланың дамуы үшін маңызды. Баланың қабылдауы, зейіні, ойлау, есте сақтау қабілеті барлығы бір-бірімен байланысты.
Баланы құммен, ермексазбен, басқа да заттармен ойнату баланы қалам ұстауға, яғни ұсақ моторикасын дамытуға үйретеді, шығармашылығын дамытады. Ұстап көру, сезіну, одан бір нәрсе жасап шығару арқылы баланың қызығушылығы оянады.
Сонымен бірге баланың нейродинамикасын дамытуда таза ауада ұзақ серуендеу маңызды. Бұдан шығар қорытынды, баланың миына көбірек оттегі барғаны жөн. Таза ауада жүрген сайын миға оттегі барады. Әрі жиі су ішсе құба-құп. Режим сақтап, белгілі бір уақытта тұрып, бір уақытта жатып үйрену қажет. Мысалы, гаджетті шектеулі уақытта пайдаланудың өзі нейродинамиканы көтеруге көмектеседі.
-Балаға уақытын жоспарлап, жүйелеп үйретудің маңызы туралы айтып өтсеңіз.
-Негізі бір тәуліктегі 24 сағатты үшке бөліп үйрену керек. Мәселен, сегіз сағат ұйықтап тынығуға, сегіз сағат білім алуға, сегіз сағат тамақтану, серуендеу, шығармашылықпен айналысуға арнау қажет.
Баланың уақтылы ұйықтауына үлкен мән беру маңызды. Кеш ұйықтаған баланың сабаққа деген ынтасы да төмен болады. Ата-ана бала ұйықтар алдында бөлмесіне кіріп, телефонмен жатса, оны алып, қадағалап, баланы құшақтап, сүйіп, жылы сөзін айтып тұруы маңызды. Ата-ананың махаббаты, көңілі бала үшін барлығынан да қымбат.
Барлық адамға Алла тағала бірдей уақыт берген. Оны әркім әртүрлі өткізуде. Уақытты жоспарлап үйренген бала, әр сәтін тиімді өткізуге тырысады. Өкінішке қарай, өзін дамытуға арналған сегіз сағатты кей адамдар телефонда, компьютерде отыруға ғана жұмсайды.
-Баланы біреумен салыстыру дұрыс па?
-Дұрыс емес. Баланы біреумен салыстыру баланың ерік-жігерін жоғалтады. Әр бала – жеке тұлға. Оның өзіне, табиғатына тән қабілеттері, мінез-құлқы бар. Сондықтан ата-ана баланың ерекшелігін, қабілеттерін көре біліп, оны дамытумен айналысуы керек.
Өкінішке қарай, көп ата-ана кітап, газет-журналдар оқымайды. Бала тәрбиесіне қатысты ізденбейді. Теледидардан бағдарламалар көрмейді. Оның орнына қажетсіз дүниелерге уақыт жұмсайды. Ал, қалалық жерде кейбір ата-аналар арнайы курстарға барып, мамандардан ақыл-кеңес алып жатады.
Бізде бала тәрбиесіне қатысты мәселелер өте көп. Бұл күрделі мәселе. Сол себептен әр адам өзін дамытумен жүйелі айналысқаны абзал.
-Бүгінгі қоғамда мектеп жасындағы балалар арасында кездесетін үлкен проблема. Яғни, жұмыс барысында қандай мәселелер жиі кездеседі?
-Мектеп жасындағы балалар арасында жиі кездесетін мәселе – түсініспеушілік. Баланың өзін түсінбеуі, айналасындағылармен түсінісе алмауы. Өзінің ойын ата-анасына ашық айта алмау, шамадан тыс ашушаңдық, кей ата-ананың балаға шамадан тыс жауапкершілік артуы. Бұл мәселелерді дер кезінде шешу керек. Ата-ана өзі шеше алмай жатса, уақтылы дабыл қағуы керек.
Бүгінгі көптеген жастарда сабыр сақтау деген жоқ. Оларға барлығы тез болуы керек. Ешнәрсені күткісі келмейді. Жастардың олай болуына компьютердегі түрлі ойындардың әсері көп. Агрессиялық ойындар баланың жүйке жүйесіне, оның дамуына қатты әсер етеді. Оның үстіне қазір үйде пісірілген тамақтардан гөрі жастар көшеде тез дайындалатын тамақтарға әуес. Мұның барлығы денсаулығына зиян.
Айтылған мәселелердің барлығы айналып келгенде баланың отбасындағы тәрбиесіне байланысты. Баланы ерте жастан еңбекке, өнерге баулып, түрлі үйірмелерге беріп, уақытын жоспарлап, жақсы әдеттерге баули білу қажет. Ол қасиеттерді балаға көрсету, үйрету үшін өзің дайын болуың керек. Халқымызда “Балаңды тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле” деген жақсы сөз бар.
Биылғы оқу жылында мектепте ҚР Оқу-ағарту министрінің 25 тамызда шығарған №377 бұйрығын негізге алып жұмыс жасаймыз. Мен мектепте негізінен 7-11 сынып оқушыларымен жұмыс жасаймын.
Жұмыс барысында көптеген ата-аналар келіп, көмек сұрап, ой бөлісіп жатады. Көбінде ата-ана мен балалардың бір-бірімен түсінісе алмауы орын алады. Ондай жағдайда ата-анаға кеңес беріп, баламен жұмыс жасаймыз.
Бала психологиясында мәселе бір сәтте пайда болмайды. Ол бірнеше уақыттан бері жиналған мәселерден шығады. Бала негізінен ата-анасына өзінің қалауын, арман-мақсатын айтқысы келеді, тіпті айтады да. Бірақ ата-ана дұрыс тыңдамағандықтан мән бермейді. Материалдық жағына мән береді де баланың жан дүниесіне үңілмейді. Өзіңді тану – өмірлік маңызды іс. Өзіңді дамыту – үздіксіз білім алу, іздену. Осыны әрбір адам өмірлік ұстанымы етуі қажет.
-Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”