Basty bet
Өзі тапқыр, өзі батыр – ол жігіттің сұлтаны
Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының іске асырумен қатар, ұлттық құндылықтарымызды жастар арасында кеңінен насихаттай отырып, аудан аумағында «Әулиеата жастары» бағдарламасын жүзеге асыру аясында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Жігіт сұлтаны – 2022» атты аудандық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – жігіттерімізді батырлыққа, шешендікке, тапқырлыққа, имандылыққа тәрбиелеп, жігіттерді жан-жақтылыққа баулу. Ата салтын насихаттай отырып, нағыз қазақ жігітінің бойындағы қасиеттерімен таныстыру.
Ауылдық округтерде іріктеуден өткен 13 жігіт «Жігіт сұлтаны – 2022» аудандық байқауында бақ сынады. Алғашқы «Мен алаштың ұлымын» атты бөлімінде жігіттер өздерін және туып өскен өлкелерінің ерекшеліктерін өлең шумақтары, әнмен, слайд, видео арқылы таныстырды. Тыңғылықты дайындықпен келген жігіттердің сахнада өздерін таныстырулары ерекше әсер қалдырды.
Екінші кезең «Күш атасын танымас» деп аталды. Бұл бөлімде жігіттер гір тасын көтеріп, білек күштерін байқатса, «Жамбы ату» сайысында ептілік пен мергендікті талап ететін бұл бөлімде жігіттер арнайы нысананы көздеп үш жебе нысанаға атты.
«Жігітке жеті өнер де аз» атты кезеңде үміткерлер қазақы нақышта шығармашылық қабілетіне қарай әр түрлі жанрда өз қалауы бойынша өнерін көрсетті. Бірі өз қолдаушыларымен отбасы мүшелерінің қатысуымен сахналық қойылым көрсетсе, енді бірі қара өлең оқып, келген көрерменді әнімен тербетті.
«Жігіт сұлтаны – 2022» байқауына аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары Нұржан Манасұлы, «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» мекемесінің әдіскері Болат Рақымханұлы, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының жастар ресуртық орталығы “Мониторинг және әлеуметтік зерттеулер бөлімінің” бөлім басшысы Айгерім Әбітаева, «Жастар ресурстық орталығының» директоры, аудандық мәслихат депутаты Мейіржан Бегасылұлы және аудандық білім бөлімінің әдіскері Руслан Талғатұлы қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімімен және көрермендердің де ерекше қошеметіне бөленген Ақтөбе ауылдық округіне қарасты №26 Жаңаталап орта мектебінен келген Мақсат Бөрібек «Жігіт сұлтаны – 2022» атағымен қоса, бас жүлдені иеленіп, облыстық байқуға жолдама алды.
Ал І орынды – Асылхан Шырымхан, ІІ орынды – Ербол Жақсылық алса, ІІІ орынды – Тілектес Дүйсебай мен Нұрдәулет Орынбай өзара бөлісті. Сонымен қатар, «Өнерпаз жігіт» номинациясын Әлішер Кеңес және «Сері жігіт» номинациясын Қанат Нығматулла иеленді.
Байқауға қатысқан барлық қатысушыларға ұйымдастырушылардың атынан Алғысхаттар мен дипломдар және жүлделі орын иегерлеріне ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Жанерке КЕҢЕСБЕК,
аудандық «Жастар ресурстық орталығының»
ұйымдастыру және қадағалау бөлімінің меңгерушісі