Basty bet

Сана тазармай, дала тазармайды

Ауданда көктемгі көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазалық екі айлығы басталғанына бір ай болды. Бекітілген жоспарға сәйкес, аудан аумағында апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл игі бастамалар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясымен ұштасып отыр. Акция аясында бұлақ көздері ашылып, ағаш көшеттері отырғызылуда. Сонымен қатар, кездейсоқ қоқыс тасталған орындар анықталып, оларды жоюға ерекше көңіл бөлінуде. Қоршаған ортаға зиян келтірген азаматтарға заңнамаға сәйкес айыппұл салынуда. «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жастары да ауданның көркеюіне өз үлестерін қосуда.

Дегенмен, ауданда осыншама атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, тұрғындардың арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Мұны аудан көшелерін аралау барысында анық байқадық.
Алдымен Бауыржан Момышұлы ауылындағы Рысбек батыр көшесінің бойымен батыс бағытта жүріп өттік. Көшенің кейбір тұстары таза болғанымен, жекелеген жерлерде кесілген ағаш қалдықтары мен ауладан шығарылған мал қиы көзге түсті. Одан әрі Д.Пахомов бұрылысы-2 көшесінде шашылған қоқыстар байқалды. Ал, Д.Пахомов көшесіндегі суағарлар әлі де қоқыстан тазартылмаған.
Сондай-ақ, Н.Тұрысов көшесінің маңындағы, Наурыз көшесінің бойындағы және №29 М.Жұмабаев атындағы орта мектепке қарама-қарсы орналасқан сайлардың іші тұрмыстық қалдықтарға толып кеткен. Әл-Фараби мен Ы.Алтынсарин көшелерінің бойында да шашылып жатқан қоқыс пен кесілген ағаш бұтақтары жиі кездеседі.
Ал, Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылында тазалық жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілгені байқалады. Көшелер таза, бей-берекет жатқан қоқыс көрінбейді. Осындай оң көрініс Мыңбұлақ ауылдық округінің орталығы Көлбастау ауылында да байқалды. Алайда, бұл округте де мәселе жоқ емес. Яғни, Ә.Байтоқов және Ә.Рысбеков көшелерінің бойындағы сай тұрмыстық қалдықтар мен мал қиына толған.
Осы орайда, тазалық мәселесіне қатысты бірнеше азаматтың пікірін білгенді де жөн көрдік. Көлбастау ауылының тұрғыны Гүлнар Қуантайқызы қазіргі таңда әр ауылда тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жүйесі жолға қойылғанын айтады. “Белгіленген кестеге сәйкес, аптасына бір рет көшелерден қоқыс жиналып, арнайы орындарға жеткізіледі. Оның төлемақысы да аса көп емес. Дегенмен, соны төлеуге қиналатындар кездеседі. Кейбірі төлем жасағаннан гөрі, қоқысты сай-салаға тастай салуды жөн көреді. Бұл, әрине, дұрыс емес. Сай-салаға қоқыс тастаған азамат тек өзіне ғана емес, қоршаған ортаға да үлкен зиянын тигізіп отыр. Оны әрбір азамат саналы түрде түсініп, экологиялық мәдениетін қалыптастырғанда ғана айнала таза болады. Яғни, сана тазармай, дала тазармайды” дейді ол.
Ал, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Айгерім Түзелбек: “Жамбыл көшесінен Е.Сауранбекұлы көшесіне қарай келе жатқанда, жол бойында шашылған қоқыстарды жиі көреміз. Әсіресе, Жамбыл көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолында бұл жағымсыз көріністі көруге болады. Оларды көбіне мектептен қайтқан балалар тастайды. Кейбір ересектер де бос құтыларды өзгенің ауласына лақтырып кетеді. Негізінде, тұрғындар өз аулаларын таза ұстайды. Әр отбасында экологиялық мәдениеттің қалыптасуы үшін қоқысты бей-берекет жолға тастауға болмайтындығы үнемі айтылып отыруы керек. Оны әрбір ересек адам өзінен бастауы тиіс. Сонда үлкенге қарап, баланың бойында қоршаған ортаға деген жанашырлық қалыптасатын болады. Жалпы, көшені тек мемлекеттік қызметкерлер тазалайды деген түсініктен арылуымыз керек”, – дейді.
Ал, аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Нұртілеу Төреннің айтуынша, 1 сәуірден бастап «Жасыл ел» еңбек жасақтарына 29 жас тартылған. Олардың қатарында білімгерлер, NEET санатындағы және жұмыссыз жастар бар.
Жастардың күшімен Бауыржан Момышұлы ауылындағы бірқатар көшелер тазартылып, Тәуелсіздік көшесінің бойындағы сай-салаларда және Жібек жолы көшесінің бойыннан бастап «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автожолына дейінгі аумақта сенбілік жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге, Ақсай ауылдық округіндегі ағаш отырғызу акциясына және “Теріс-Ащыбұлақ” су қоймасының маңындағы тазалық шараларына қатысқан.
Н.Төреннің сөзінше: “Кей тұрғындар үшін қоқыстың шашылып жатуы қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Сенбіліктер барысында мұны анық байқаймыз. Себебі, бүгін тазаланған жер ертеңіне қайта қоқысқа толып жатады. Бұл – атқарылған еңбекті бағаламау әрі жауапсыздықтың көрінісі деп білемін” дейді.
Бүгінгі мақалада біз мынадай қорытындыға келдік: тазалық – баршаға ортақ міндет. Әрбір тұрғын өз ауласының, өз маңайының тазалығына жауапкершілікпен қарап, қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосуы қажет. Сонда ғана ауылымыз көркейіп, өмір сүруге қолайлы орта қалыптасады. Бірақ «өзімдікі» деп барынша тырысқанымызбен, «ортақ» дүниеге келгенде салғырттық танытатынымыз өкінішті-ақ. Өйткені, ауыл ішіндегі сай-салаға қоқысты ешкім алыстан тасымайды. Оны ластайтын да, тазартылған жерге ертеңіне қайта қоқыс тастайтын да – сол маңның адамдары. Сол себепті де туған өлкенің тазалығын сақтау – өзімізді сыйлаудан басталатынын естен шығармаған абзал.

Таңдаулы материалдар

Close