Basty bet

Қош келдің, әз-Наурыз!

Жуалы жұртшылығы ұлық мерекені сән-салтанатымен атап өтті

Жалпы түркітілдес мемлекеттер үшін Наурыз мейрамының орны бөлек. Өйткені, табиғаттың жаңарып, барша тіршілік атаулының бастауы дәл осы наурыз айымен тұспа-тұс келеді. Сондықтан бұл күнді ерекше ықыласпен қарсы алып, оның мән-маңызына, жалпы осынау көктем, тіршіліктің мерекесінде жасалатын әрбір жөн-жоралғыға ерекше маңыз беріледі.

Бұл мейрамның қазақ халқы үшін маңызы ерекше. Ел өңірлерінде әз-Наурызды атап өту дәстүрге айналғалы қашан?
Қазіргі уақытта ата-бабадан мирас болған Наурыз мейрамы көктем мерекесі, жаңа жылдың басы ретінде жаңғыра түсіп, халқымызбен бірге жасауда. Бұған дәлел ретінде айтар болсақ, бұл мерекеге байланысты халық арасында «Әз» деген ұғым бар. Дана халқымыз «әз болмай, мәз болмайды» деген қанатты қағида қалдырған.
Наурыз – қасиетті ай, Шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Наурыз – шат-шадыманды ойын-сауық, той басы. Кей жерлерде бұл наурыз тойы немесе наурызнама деп те аталады; Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік ұлттық тағылымы – адамдарды жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақыру болып табылады.
Наурыз – тоқшылық күні. Бұл күні қазан оттан түспейді. Әр үй наурызкөже дайындап, көрші-қолаңды, ағайын-туысты қонаққа шақырады. Бір сөзбен айтқанда, Наурыз мейрамы ұлтымыздың ұлылығын танытатын ең ұлық мереке.
Иә, Жуалы жерінде Наурыз мерекесі дәл наурыздың жиырма екінші жұлдызы күні бар сән-салтанатымен аталып өтті. Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылының орталық алаңы мерекеге сай әсем безендіріліп, мерекені тамашалауға келген аудан тұрғындары мен қонақтарына қаз-қатар орындықтар қойылды. Мереке күні күннің қабағы түнеріп, аспаннан аракідік қар жауып, ауа райының қолайсыздығына қарамастан ұлық мерекені тамашалауға келген көпшіліктің қарасы мол болды.
Алаңның бір шетіне қазақы киіз үйлер тігілсе, енді бір шетінде қолөнер бұйымдары мен сурет көрмесі, аудандағы ұлттық мәдени орталықтардың көрмесі алыстан көз тартып, мерекенің мәнін аша түскендей. Сонымен қатар, алтыбақан маңайында сауық құрған жастардың да қарасы мол. Ал орталық алаңның бір шетінде ұлттық спорттық ойындардан жарыс өтіп жатты. Атап айтқанда, қол күресі, арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойындары болды. Мәдениет үйінің ауласында күні бұрын құрылған уақытша шатырларда аудандық әкімдіктің бөлімдері мен мекемелердің дайындаған мерекелік дастарқанынан көпшіліктің де дәм татуына мүмкіндік туды. Мұнда мерекеге жиналған көпшілікке наурызкөже және тамақ таратылды.
Ұлыстың ұлы күні мерекесіне арналған «Қош келдің, әз-Наурыз!» мерекелік шарасы аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы қызметкерлерінің арнайы дайындаған театрландырылған көрінісімен басталды. Мерекеге жиналған жұртшылық қасиетті тайқазан мен алтын табақтың ортаға әкелінуін тамашалап, Қыдыр атаның батасына қол жайды. Қиялмен бір сәт ертегі әлеміне де сапар шекті. Қойылған көріністердің барлығы қазіргі жаңа заманмен астастырылған деуге болады.
Наурыз мерекесіне жиылған Жуалы жұртшылығын аудан әкімі Олжас Қаржауов және аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков арнайы құттықтап, жұртшылыққа амандық пен береке тілей отырып, барша қауымға Ұлыстың ұлы күнінің құтты болуына шын жүректен тілектестік білдірді. Ауданымыздың Құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері Әбілқасым Ергебеков пен Аманжол Дүрәліұлы мерекенің мағынасына тоқталып, жиылған көпшілікке ақ батамен қоса, мерекеге байланысты айтылатын Наурызбата беру дәстүрінен де жаңылған жоқ.
Мерекелік іс-шара ары қарай аудан өнерпаздары және «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблінің ән мен жыр және би шашуымен жалғасып, көпшілік мерекелік көңіл күйге бөленді.

Таңдаулы материалдар

Close