Basty bet
Дамудың даңғыл жолына түскен шаруашылық
көкбастаулық шаруа Қуаныш Қалдыбеков сүтті сиырдың ерекше түрін көбейту үстінде
Мал шаруашылығы – халқымыздың ежелден келе жатқан атакәсібі. Төрт түліктің басын көбейтем деген ынталы азаматқа қазіргі таңда мүмкіндіктер молынан қарастырылған деп айтуымызға болады. Атакәсіпті дамытуға мемлекет тарапынан да нақты көмек-қолдаулардың жасалып жатқаны белгілі. Бұл ретте мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін ерекше атап өткен жөн.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» аталатын Қазақстан халқына арнаған биылғы жаңа Жолдауының «Жаңа экономикалық саясат» атты бірінші бағдарында кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы және жер ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде нақты басымдықтарды атап өтіп, тиісті ведомстволарға тапсырмалар жүктегені белгілі.
Атап айтқанда, Президент тоғызыншы бағдар ретінде: «Өнім өндіру үшін, ең алдымен, жер керек. Жері жоқ адам бизнеспен айналыса алмайды. Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық»,- деп ерекше басымдықпен атап өтті.
Мал өсірудің маңызды кәсіп екенін түсінген жандар біздің өңірде де жетерлік. Ауданға қарасты жергілікті кәсіпкер «Бақыт» шаруа қожалығының басшысы Қуаныш Қалдыбеков он жылдан бергі уақыт аралығында тынбай ізденгенінің арқасында мал шаруашылығын дамытып отыр. Қожалық иесі кәсіпкерліктің негіздері бойынша білімін жетілдіріп, бизнес жоспарын әзірлеп, «Жуалы» несие серіктестігіне құжаттарын өткізген. Нәтижесінде шаруа азамат биыл «Агробизнес» бағдарламасы аясында несиенің қомақты қаражатына қол жеткізіп, оған 31 бас шетелдік «Монбельярд» деп аталатын асыл тұқымды сауынды сиырын сатып алып, атакәсіпті жандандыруға күш салуда.
-«Монбельярд» тұқымы француз селекциясы, жақсартылған симменталь сиырларының бір түрі,- деп түсіндірді бізге шаруашылық басшысы Қуаныш Қалдыбеков.
-Бұл тұқымның сүтінде ақуыз мөлшері өте көп болғандықтан, одан негізінен ірімшік жасалады. Қазір оған біздің өңірде сұраныс өте жоғары болуда. Күнделікті сауылған сүтті аудандағы ірімшік өндіретін кәсіпорынға жеткіземіз және олар өткізген сүтті өте жоғары бағамен қабылдап жатыр. Бұл тұқымды сиырдың сүті өте сапалы. Оның майлылығы да, ақуызы да өте жоғары. «Монбельярд» тұқымды сиырлар біздің табиғи жағдайымызға жақсы бейімделген және етінің сапасы да симменталь сиырдыкіне ұқсас.
Бұған дейін біздің шаруашылықта «Симменталь», «Ишевский» және «Костромский» аталатын шетелдік тұқымды сиырлар ұсталатын. Қазір олар жоқ. Алғашқы 31 бас сиырдың монбельярд тұқымын биыл маусым айында Чехиядан осында әкелдік. Себебі тікелей Франциядан сатып алуға мүмкіндік қарастырылмаған. Сатып алынған тұқым жақсы сиырлар болып шықты. Қазір сиырлардың жартысына жуығы төлдеп үлгерді. Төлдері де жаман емес. Оларды бағып, күнделікті күтім жасап жатырмыз,- дейді шаруашылық басшысы.
«Сиырдың сүті – тілінде» деген қағидалы ұғымды бұрыннан санасына сіңірген, әрі оны берік ұстанатын шаруашылық мүшелері қолдағы ірі қараның ветеринариялық жай-күйіне және азықтандыруға да жіті көңіл бөлетіндерін айтады.
– Егер сиыр сау болса, онда одан алынатын сүт те сапалы болады, Біз малдың жем-шөбіне тұрақты талдау жасап отырамыз. Сонымен қатар, талдау жасау үшін қан аламыз. Жемшөптің құрамында қандайда бір минералдардың жетіспейтініне көз жеткізу арқылы оның құрамын анықтап, керекті қоспаны саламыз.
Қазір фермада 10-нан астам жас бұзау бағылуда. Оларға 60 күнге дейін тұрақты түрде сүт беріледі. Содан кейін біртіндеп алмастырғыштар мен ірі азықтарға көшіріледі. Түліктің төлден өсіп, көбейетінін ескеретін болсақ, біздің шаруашылықта жас төлдерді өсіруге ерекше көңіл бөлінеді. Сиырдан тұрақты түрде және сапалы төл алу үшін біз, әрине, түрлі мамандармен кеңесеміз. Ветеринар мамандармен тұрақты байланыста жұмыс жасаудамыз.
Бұрынырақта Агрокредиттік несие корпорациясы және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы да қомақты несие алып, оған да сүт бағытындағы сауынды сиыр сатып алғанбыз. Қазіргі таңда одан толықтай құтылдық. Жұмысты мемлекет қолдауына сүйене отырып жүргізудеміз. Мұндай мемлекеттік қолдау басқа көптеген елдерде жоқтың қасы. Иә, бізде біршама қиындықтар да бар. Қағазбастылық, тағы басқа дегендей. Дегенмен, үкімет тарапынан берілетін көмек-қолдауды анық сезінеміз,- дейді шаруашылық басшысы Қуаныш Қалдыбеков.
Мемлекеттік қолдау жайлы айтар болсақ, шаруашылық сиырдан сауылған сүттің әр литріне 20 теңгеден үстеме субсидия алады. Бұл да шаруашылық үшін үлкен көмек. Одан бөлек, шетелген әкелінген әрбір сиырдың басына 400 мың теңгеден субсидия төленеді.
Өнімді жұмыс жасау үшін және шаруашылықты дамудың даңғыл жолына түсіру үшін шаруа азаматқа күш-қайратпен қатар, тәжірибе де ауадай қажет екені белгілі. Бұл ретте оған шаруашылық басшысы Қуаныш Қалдыбековтың тәжірибесі басқаларға да үлгі. Себебі, Қуаныш Қалдыбекұлы Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында тұрған кезінде ол сондағы мемлекеттік асыл тұқымды мал зауытында 10 жылдай экспедитор болып жұмыс істеген. Содан да болар, ол шаруашылықта көбінесе малдың асыл тұқымдысын ұстауға тырысады. Өйткені, асыл тұқымды малға қарағанда, тұқымы белгісіз жай малдың шығыны өте көп. Малдың басына емес, оның сапасына мән беру қажет деген ұстаным қай шаруа үшін де айнымас қағидаға айналса, қанекей?!
Дамудың сыры – жүйелі жұмыста екені бесенеден белгілі. Жүйелі жұмыс істеп, дамудың даңғыл жолына түскен «Бақыт» шаруа қожалығы алдағы уақытта өз үйінің ауласынан шағын сүт өңдеу цехын салуды жоспарлауда. Одан бөлек, қолдағы сауын сиырларды құнарлы азықтармен қамтамасыз ету үшін жаңа технологиямен жұмыс істеуді да алға меже етіп қойып отыр. Ол үшін ол өз үйінен гидропоникалық жолмен азықтық дәндерді өсіріп-өндірмекші. Бұл әрине, басқа азықтан қарағанда, өте құнарлы. Дәрумен де өте көп. Гидропоникалық жолмен өсірілген азықпен қоректенген сиыр да әдеттегіден көп сүт беретіні дәлелденген. Қазір шаруашылықтағы әрбір жаңа төлдеген сиырдан 15-20 литрдің аралығында сүт сауылуда.
Шаруашылықта осындай жоба-жоспарлар өте көп. Бірақ кейде оны жүзеге асыру үшін кедергілердің де көлденеңдейтіні қалыпты жағдай. «Бақыт» шаруа қожалығы асыл тұқымды малдың басын бұдан да көбейткісі келеді. Бірақ оған азық дайындау үшін егістік жер керек. Ал шаруашылыққа тиесілі аз ғана егістік жердің көлемі оған мүмкіндік бермей отыр.
-Бізде егістік жердің аздығы жұмысты ұлғайтуға қолбайлау болуда. Шаруашылықта небәрі 19 гектар жеріміз бар. Бұл – біз үшін өте аз. Жергілікті әкімшілік егістік жер бөлуге қол ұшын берсе деген тілегіміз бар. Қалғанын өзіміз жайлап жасап жатырмыз. Биыл үйіміздің аумағынан үлкен қоражай салдық. Басқа да кем-кетіктерді жөндеп, ретке келтіру үстіндеміз.
Мемлекеттің көмек-қолдауына рақмет. Жұмысымызды ұлғайту үшін төмен пайызбен несиеге қол жеткіздік. Ол қаражатқа шетелден асыл тұқымды сиыр әкеліп жатырмыз. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субисидия төленеді. Несиені төлеудің мерзіміне де екі-үш жылдық каникул қарастырылған. Ерінбей, еңбектің көзін тапқан адамға біздің елімізде мүмкіндіктер мол,- дейді шаруашылық басшысы.
«Бақыт» шаруа қожалығының құрылғанына биыл 10 жыл болды. Шаруашылықта жер көлемі аз болғанымен, техникалары сақадай-сай. «МТЗ-82» доңғалақты тракторы, тіркемелер және шөптайлағыш, сонымен қатар, қажетті қосымша агрегаттардың барлығы шаруашылық жұмыстарын алға бастыруда. Бір дана сүт сауатын аппараты бар.
Береке – басы бірлікте. Дамудың сыры – жүйелі тірлікте. «Бақыт» шаруа қожалығы алға қойған межелер мен шаруашылық жұмыстарын отбасы мүшелерімен бірге атқаруда. Шаруашылық басшысы Қуаныш Қалдыбеков басқару және жұмысты жүйелеу ісін қолға алса, басқа да жұмыстарға ұлдары Сайлау мен Бахадүр көмектеседі. Ал бұл отбасындағы кенже ұл Бақыттың орны бөлек. Өйткені, қара шаңырақтың болашақ иесі де сол. Әрі шаруашылық жұмыстарының көбісін Бақыттың өзі атқарады. «Ақыл – жастан» деген осы.
Отағасы Қуаныш Қалдыбеков отбасында Гүлзада Қалдыбекова екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеген. Олардан тәтті немерелер сүйіп отырған бақытты ата мен әже.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»