Basty bet

Басты мақсат – қызметке орналасуды барынша оңайлату

Мемлекеттік қызмет саласының мемлекетті дамытудағы, азаматтардың әл-ауқатын арттырудағы маңызды рөлін айтпай-ақ бағамдауға болады. Бұл ретте мемлекеттік қызметке деген халықтың дұрыс көзқарасын қалыптастыру бәрінен маңызды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» аталатын Жолдауында да аталған саланың жұмысын одан әрі жетілдіру ісіне баса назар аударылды.
«Үкіметке жаңа әкімшілік реформа әзірлеуді тапсырамын. Оған қоса, мемлекеттік органдардың жұмыс нәтижесін жақсартып, жауапкершілігін арттырған жөн.
Бізге сапалық тұрғыдан жаңа мемлекеттік басқарушылар керек. Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу және жұмыстан босату жүйесін заман талабын ескере отырып, қайта жасау қажет. Мемлекеттік қызмет жеке сектордағы кәсіби мамандар үшін барынша ашық болғаны дұрыс. Кадрлық резервті нығайту керек»,- делінген Президенттің Жолдауында.
Халыққа адал әрі ашық қызмет көрсету – мемлекеттік қызметшілердің тікелей міндеті. Бұл тұрғыда саннан сапаға көшу мәселесін де ұмытпағанымыз жөн. Осыған сәйкес, қазіргі таңда халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің саны жыл санап артып келеді. Ал оны алу процесі бұрынғыдан жеңілдетілгенін ерекше атап өту қажет. Бірқатар мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшуі де – жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарды жоюға мүмкіндік беруде.
Өткен аптада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастамасымен Жуалы ауданында жұртшылықпен бірқатар кездесулер ұйымдастырылып, онда мемлекеттік қызметке байланысты мәселелер, оның ішінде, мемлекеттік қызметті алу жолдары, онымен бірге мемлекеттік қызметке орналасудың тиімді тұстары мен жастардың осы салаға көптеп тартылуына байланысты бірқатар маңызды мәселелер кеңінен айтылды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Гүлназ Смағұлова аудандағы ұлттық орталықтардың өкілдерімен кездесіп, кеңінен пікір алмасты.
Аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында өткен кездесуді аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімшесінің басшысы Еркебұлан Қамбарбеков ашып, жүргізді.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Гүлназ Смағұловаға сөз беріліп, ол өз сөзінде, мемлекеттік қызметтегі өзгерістер мен салалық заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде айтып берді.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметке жастарды тарту, оның ішінде, мемлекеттік қызметшілердің қатарын өзге ұлттың өкілдерімен де толықтыру жөніндегі тапсырмасы бар. Біз осы мақсатта облыстың аудандарын аралағанда, ең бірінші кезекте жергілікті жердегі өзге ұлттың өкілдерімен кездесеміз. Бұл жолғы кездесуіміз де дәл осындай. Мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру үшін және мемлекеттік қызметшінің бет-бейнесінің қалай болу қажеттігін тұрғындарға түсіндірудеміз. Сондықтан мен ең біріншіден сіздерді мемлекеттік қызметке келуге шақырамын.
Осы тұста бір айта кетерлігі, кейбір азаматтар «менің мамандығым заңгер немесе басқа» деп ойлап, мен бұл мамандықпен мемлекеттік қызметші бола алмаймын деуі әбден мүмкін. Жоқ, олай емес. Сіз кез келген мамандықтың иесі болсаңыз да, мемлекеттік қызметші бола аласыз. Бірақ қызметке орналасар алдында үміткердің біліктілік талаптары міндетті түрде ескеріледі. Қалай болғанда да «мемлекеттік қызметші» деген атқа ие болып, осы салада жұмыс істеудің жауапкершілігі өте жоғары.
Бұл салада мемлекет те мемлекеттік қызметке орналасуды жеңілдетуге, әсіресе жоғары білімді, елге, Отанға жаны ашитын елжанды азаматтарды салаға көптеп тартудың маңыздылығына үлкен мән беріп отыр. Біздің болашағымыз – жастар. Сондықтан, жастар мемлекетшіл, білімді әрі білікті болғаны дұрыс.
Әрине, барлығы бірден бола салмайды. Бұл салада қызметтік сатылай өсуге баса мән беріледі. Ал заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, төменгі лауазымдарға орналасудың талаптары барынша жеңілдетіліп отыр. Басқа да жаңашылдықтар енгізілу үстінде. Сөзімнің соңында айтарым, талапты жастар болса, осы салаға жұмысқа орналасуларына болады,- деді Гүлназ Шыңғысқызы.
Кездесуде қатысушылардың тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауап берілді.
Келесі кезекте аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында ауданның мемлекеттік қызметшілерімен кеңейтілген құрамда және еркін форматта кездесу өткізілді. Оны аудан әкімі аппаратының басшысы Рәтбек Көсембаев ашып, жүргізді.
Жиынның басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Руслан Шарипов сөз сөйлеп, қатысушыларға жалпы мемлекеттік қызмет туралы түсінік беріп, мемлекеттік қызмет саласында енгізілген өзгерістердің заңнамада құқықтық тұрғыдан көрініс тауып отырғанын айтты. Сонымен қатар, қызмет көрсетудің тиімділігі туралы да айтылып, аудуиториямен пікір алмасылды.
Жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Г.Смағұлова сөз сөйлеп, салаға енгізіліп отырған өзгерістердің бірқатарын атап өтті.
-Саладағы соңғы өзгерістің біріне тоқталсам, ендігі кезекте жоғары оқу мемлекеттік грант негізінде оқып бітірген талапты да талантты жастар мемлекеттік қызметтегі төменгі сатыларға ешбір конкурссыз қабылданады. Бұл айтарлықтай жаңалықтың бірі. Одан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау мәселесіне де баса назар аударылмақ. Оның ішінде, жаңа форматтағы бағалау мен ескі методиканың арасында біраз айырмашылықтар бар. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың қызметін бағалау да енгізілген. Мемлекеттік қызметті бағалаудың жүйесі мен шарттарында біраз өзгерістер орын алып отырғанын баса айтқым келеді.
Одан бөлек, мемлекеттік қызмет істері агенттігі және тиісті министрліктермен бірлесе отырып пилот ретінде электрондық конкрусты қолға алып отыр. Онда үміткерге тиісті заңнамалардан 60 сұрақ қойылады. Үміткер оның 30-ына дұрыс жауап беруі шарт. Айта берсе, салаға енгізілген өзгерістер өте көп деуге болады. Мемлекеттік қызметке цифрландырудың да соңғы үлгілері енгізілуде. Саладағы цифрландыру жоғары деңгейде жүзеге асырылса, мемлекеттік қызметте сыбайлас жемқорлық кеселі түбірімен жойылар еді деген сенім бар. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мәселесіне де баса назар аударылып отырғанын айтқым келеді.
Иә, салада өзгерістер орын алуда. Мұның бәрі түптеп келгенде, мемлекеттік қызметке деген халықтың көзқарасын дұрыс қалыптастырып және оған орналасу жолдарын оңайлату мен жеңілдетуді көздейді. Сондықтан, сіздердің атқарып отырған қызметтеріңіз өте күрделі. Біліктілікпен қатар, жергілікті халықтың көңілінен, ең бастысы, сенімінен шығуға ұмтылуларыңыз қажет. Саладағы жұмыстарыңызға тек қана сәттілік пен табыс тілеймін,- деді Гүлназ Шыңғысқызы.
Кездесу барысында аудан әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімшесінің басшысы Жанерке Налекова, тағы басқа азаматтар департамент мамандарына сұрақтарын жолдап, бірқатар ұтымды ұсыныстарды да жеткізді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мамандарының қатысуымен аудандық «Достық» мәдениет үйінің кіші залында кеңес беру алаңы және бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңке өткізілді. Шараның ашылуында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Р.Шарипов сөз сөйледі. Шара ары қарай жастарға, жалпы мемлекеттік қызметке орналасуға ниет білдірген азаматтарға кеңес берумен өз жалғасын тапты.
Облыстық департамент басшысының орынбасары Р.Шарипов Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде білімгерлермен кездессе, аталған департаменттің бас маманы Гүлназ Шыңғысқызы келесі кезекте аудан орталығындағы №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда, одан кейін Көлбастау ауылындағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушыларымен кездесулер өткізіп, мемлекеттік қызмет туралы түсінік беріп, өзінің болашағын аталған саламен байланыстыратын оқушылар үшін пайдалы ақпараттардың бірпарасын ұсынды.
Жалпы департамент мамандарының ауданға жасаған жарты күндік сапары жемісті болды деуге негіз бар. Өңірде өткен кездесулердің барлығында қатысушыларға мемлекеттік қызметтің қазіргі жай-күйі, мемлекеттік қызметке орналасудың тәртібі мен талабы туралы, аталған саладағы заңнамаға қатысты соңғы өзгерістер және өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік қызметтегі үлесін арттыру туралы кеңінен айтылуы да жайдан жай емес. Сайып келгенде, мемлекеттік қызметтің беделін биіктетіп, халыққа қызмет көрсету – барлығымыздың азаматтық парызымыз болмақ.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close