Basty bet
Ұжымдық шартта қосымша ақы қарастырылған
Мен жоғары оқу орнына 2020 жылы түсіп, 2022 жылы ғылыми-педагогикалық бағыттағы «Педагогика және психология» мамандығы бойынша магистр дәрежесіне ие болдым, жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім алдым. Аталған магистр дәрежесі үшін маған қосымша ақы төленеді ме?
Б.А.
Бауыржан Момышұлы ауылы
Сұраққа білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құқықтық инспекторы Гүлжан Болатқызы Орымбаева түсініктеме береді:
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы №191 бұйрығының 3 тарау 39 тармағының 1) тармақшасына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарындағы мұғалімдерге және әдістемелік орталықтардың (кабинеттердің) педагогтеріне белгіленген үлгідегі құжаттардың негізінде айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген мөлшерінде қосымша ақы есептеледі және нақты оқу жүктемесіне қарамастан негізгі жұмыс орны бойынша жүргізіледі: жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес оқу мерзімі екі жылдан кем емес ғылыми-педагогикалық бағытта және (немесе) ғылыми-педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламалары бойынша ECTS (European Credit Transfer and Accumulation System – Еуропиан Кредит Трансфер энд Акьюмилейшн Систем) 120 академиялық кредиттен кем емес меңгерген магистр дәрежесі үшін (дайындау бағыттары бойынша – 7M011 «Педагогика және психология»), магистратураны аяқтаған магистрге белгіленеді.
«Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімдігінің білім бөлімі» КММ мен «Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің филиалы «Жуалы аудандық комитеті» арасында 2021-2023 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Ұжымдық шартқа (әрі қарай-Ұжымдық шарт) 2022 жылдың 22 сәуірінде жасалған қосымша келісімге сәйкес Ұжымдық шарттың «Еңбекке ақы төлеу және нормалау» 6 бөлімінің 6.5.19 тармақшасына төмендегідей өзгеріс енгізілді: ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін қосымша ақы педагогтерге, мұғалімдерді, педагог-психологтарды, әлеуметтік педагогтерді, қосымша білім беру педагогтерін, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарын ұйымдастырушылар педагогтерін, білім бөлімінде жұмыс атқаратын мемлекеттік қызметшілерге және әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) педагогтеріне қоса алғанда, 10 АЕК мөлшерінде төленеді. Көрсетілген қосымша ақы тиісті диплом болған кезде белгіленеді және нақты жүктемеге қарамастан негізгі жұмыс орны бойынша жүргізіледі.
Сізге дипломда белгіленген «Педагогика және психология» мамандығы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша ақы негізгі жұмыс орныңыз бойынша төленуге тиіс.