Basty bet

Жем-шөп сақтау орындарындағы өрт қауіпсіздігі ережелері

Жаз және күз бойы ауыл тұрғындары, тіпті қала тұрғындары тыншымай қысқа малға жем-шөп жинайды. Осы маңдай термен жиналған жем-шөп әп-сәтте өрт шалып жойылғанда ішің қалай ашымас.
Соңғы күндері ауданымыздың өрт сөндірушілері шөп маяларында шыққан өртке жиі шығуда және мұндай өрттердің саны күн сайын өсуде.
Осыған орай Жуалы ауданының ТЖ бөлімінің қызметкерлері және №7 Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшыларына ескертеді: шөпті жинау және сақтау кезінде сенімді жинау техникасын қолдану және шөп, жем жиналатын орынды дұрыс ұйымдастыруға аса көңіл бөлу қажет. Бұл шараларға үлкен шығын мен көп уақыт кетпейді. Және сіздерге жем-шөпті жинау және оны сақтау кезіндегі негізгі өрт қауіпсіздігі ережелерін естеріңізге саламыз: Шөпті дайындауға және жинауға тек ұшқын сөндіргіші бар және алғашқы өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған техника қолданылуы қажет. Шөп жиналатын орын тез жанатын қоқыстан тазартылып, жан-жағы қоршалуы қажет және мүмкіншілікке қарай су көзіне жақын орналасқаны дұрыс. Шөп маялары электр желілерінен 15 м., ал жол бойынан 20 м. қашықтықта орналасуы тиіс. Сонымен қатар кепкен шөпті тұрғын үйге жақын және қораның төбесіне, өтетін жолға жинауға тиым салынады.
Құрметті тұрғындар!
Отты қолдануда абай болыңыздар! Жем-шөп жиналған жерде от қолдануда аса сақтық қажет, өшпей қалған оттық, өшпей жерге түскен темекі тұқылы, сіріңкеден өрт шығып, ол орны толмас оқиғаға әкелетінін естен шығармаңыздар! Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар, олардың отпен ойнауына жол бермеңіздер!
Биыл жауын-шашын мол болып, бітік шыққан шөп көз қызықтырады. Осыны ысырапсыз жинап алу өз қолымызда. Кепкен шөп болмас ұшқын тисе лап етуі мүмкін, оның арты үлкен өртке айналуы мүмкін. Сондықтан қысқа дайындық кезінде, жем-шөп жинау науқанында өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтаған дұрыс.
Естеріңізде болсын, өз қауіпсіздіктеріңіз өз қолдарыңызда!

Жуалы ауданының Төтенше
жағдайлар бөлімі.
№7 Өрт сөндіру бөлімі

Таңдаулы материалдар

Close