Basty bet

Қадір түні – мың айдан да қадірлі

Алла тағала пенделеріне кейбір күндер мен түндерді қасиетті етіп берген. Айталық, қасиетті ай бар. Ол – Рамазан айы. Қасиетті күн бар. Ол – жұма күні, Арафа күні. Қасиетті уақыт бар. Ол – дұға қабыл болатын сәт. Қасиетті түн бар. Ол – мың айдан да қайырлы Қадір түні.
Қадір түні басқа түндермен салыстырғанда ерекше түн. Бұл түнде Жаратушы Иеміздің пенделеріне берер сыйы да мол. Раббымыз пендесіне басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлестіреді. Сол себепті, мұсылман қауымы Қадір түнін тағатсыздана күтіп, оны құр жіберіп алмауға әрі бұл түнді тиімді пайдалануға тырысады. Сондай-ақ мұсылман қауымының Қадір түнін күтуінің тағы бір себебі – Жаратушыға жақындау. Себебі, Қадір түнінде тілеген дұға-тілектер сөзсіз қабыл болады.
Осы ретте, мың айдан да қайырлы Қадір түніне орай ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев бұл күннің ерекшелігі мен қасиеті туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар, ол Қадір түнін қалай өткізу керектігіне кеңінен тоқталды.
-Ғалымжан Қабылбекұлы, ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Бірінші кезекте, Қадір түні туралы айтып берсеңіз. Бұл түннің Қадір деп аталуының себебі неде?
-Әмин, баршамызға Ораза қабыл болсын! Қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған құлдар үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Оның қасиеттілігі сол бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. «Қадір» сөзі «өлшем», «тағдыр», «құдірет», «Қадір-қасиет» деген мағыналарды білдіреді. Ал енді «Қадір түні» деп аталуының себебі, Құранда 5-аяттан тұратын «Ләйләтүл Қадір» деген сүре келген, яғни «Қадір түні» деген атаумен. Содан бұл түн «Қадір түні» деп аталып кеткен. «Қадір түні» сүресіндегі 4-аятта Алла тағала былай деп айтады: «Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының рұқсатымен әртүрлі істерді атқару үшін лек-легімен түскен үстіне түсе береді». Осы аяттағы «әртүрлі істерді атқару үшін» деген сөздер жер бетіндегі тіршілік иелерінің келесі жылғы Қадір түніне дейінгі тағдыры жазылады деген мағынаны да білдіретінін айтады ғалымдарымыз. Сол себепті «Қадір», яғни «тағдыр» жазылатын түн деп атаған.
Биыл Алла қаласа, Қадір түнін сәуір айының 5-нен 6-на қараған түні күтеміз. Анығын Алла білуші, негізінде Қадір түнінің нақты қай түн екені жасырын. Оны ешкім білмейді. Алайда ғалымдарымыз осы түнге қатысты айтылған хадистерді салыстыра отырып, Рамазан айының 26-сынан 27-іне қараған түн деп тұжырымдаған. Ол түн биыл осы сәуірдің 5-нен 6-на қараған түнге тура келіп отыр.
– Қадір түнінің қандай белгілері бар? Қадір түнінің ерекшелігі мен қасиеті туралы айтып беріңізші?
-Қадір түнінің кейбір ерекшеліктерін ғалымдарымыз былай келтіреді. Ол түн басқа түндерден ерекше жарық болады, жұлдыздардың жарқырауы көмескіленеді, өйткені аспаннан өте көп періштелер жерге түскен себепті, олардың нұрынан жұлдыздардың өзі жарқырамай қалады деген. Ауа райы өте мамыражай жайлы болады, сол түннен кейінгі шыққан күннің жарқыраған шапағы болмайды деген белгілерін келтірген.
Қадір түнін Алла тағала Құранның аятында: «Қадір түні мың айдан да қайырлы» деп сипаттаған. Демек осы түні жасалған ізгі амалдар мен құлшылықтар және Алла тағаланың разылығын алу үшін атқарылған өзге де амалдар басқа түндері мың айда жасалынған сауапты істер мен жақсылықтардан әлдеқайда көп болмақ. Ал мың айыңыз 83 жылға тең екен. Сонда 83 жыл бойы үзбей жасалынған құлшылыққа пара-пар сауапқа кенелу мүмкіндігі пайда болып отыр.
-Қадір түнін қалай өткізген дұрыс? Қадір түні қандай дұға- тілек жасалады?
-Қадір түнін құлшылықпен, мүмкіншілік болса, осы түні қайырымдылық жасап, садақа беріп, Құран оқып, намаз оқып өткізген абзал. Бұл түнді осындай ізгі амалдармен өткізген дұрыс. Қадір түні садақа берсеңіз, мың ай бойы үздіксіз садақа еткеннің сауабы жазылады болмаса мың ай бойы үздіксіз Құран оқығанның сауабы беріледі
Қадір түні Аллаға мадақ айтып, Мұхаммедке (с.а.с.) салауат айтып, барлық жақсы тілектерді жасаған дұрыс. Өзіңізге, отбасыңызға, ата-анаңызға жақсылықтар сұрап, дұға етуге болады.
-Бұл түнді таңға дейін ұйықтамай күту қаншалықты дұрыс? Қадір түнінде адамдар үйде болғаны дұрыс па әлде мешітте болғаны абзал ма?
– Бұл түнді ұйықтамай өткізу шарт емес. Барынша құлшылығыңызды жасап, дұға-тілектеріңізді айтып, ізгі амалдарды орындап, кейіннен ұйқыңыз келіп жатса, өзіңізді қинамастан жақсылап дәрет алып келіп, оң жағыңызбен жатып ұйықтасаңыз, ұйықтағаныңызға да сауап бар. Ал, енді кейбір кісілер Қадір түнін ұйықтамай өткізу керек деп ойлайды да таң атқанша әртүрлі ойындар ойнайды, теледидардан пайдасыз бір дүниелерді көреді, қалта телефонын алып әлеуметтік желіге кіреді. Бұлай Қадір түнін өткізу мүлдем дұрыс емес. Ертеңіне баратын жеріңіз болса, онда шама келгенше жақсы амалдар жасап, жатып демалып алған дұрысырақ болады.
Қадір түнінде ер кісілер қолы бос болып, ертеңіне ешқайда бармайтын болса, мешітке барып жамағатпен құлшылықта болғаны жақсы, ал әйел кісілердің үйде болғаны дұрыс.
-Аудан тұрғындарына Ораза айында, Қадір түнінде айтар тілегіңіз.
– Ал енді осы мүмкіндікті пайдалана отырып аудан тұрғындарын және барша жамағатты түндердің қайырлысы Қадір түнінің келуімен құттықтаймын! Баршаңызға Алла тағала осы қасиетті де қастерлі Қадір түнінің берекесін нәсіп етсін. Барлық жасаған ізгі амалдарымызды қабыл етіп, өзі уәде еткен мол сауабын бұйыртсын. Жасаған барлық ізгі тілектерімізді қабыл етіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Келер Рамазан айына төрт көзіміз түгел, үлкен жетістіктермен жетуді бұйырсын!
-Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close