Basty bet

«Неміс қызы болсам да, жүрегім қазақ деп соғады»

Тәуелсіздік алғалы елімізде татулық пен тұрақтылыққа баса мән беріледі. Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті. Аға буын өкілдерінің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығы да осы. «Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, еңбекпен өмірлерін ұштастырған Бауыржан Момышұлы ауылында өзге ұлт өкілдері де өмір сүруде. Жалпы ауылдың тұрғындары татулық пен достықты ту етіп, тату-тәтті ғұмыр кешіп отырғаны белгілі. Ауылда шешен, орыс, әзірбайжан, өзбек ұлтының өкілдері тұрады. Солардың бірі, неміс ұлтының өкілі Ирина Панина.
Ол 1971 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда (бұрынғы Г.Орджоникидзе атындағы) 8 сыныпқа дейін оқып, әрі қарай №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияға ауысады. Сонда 10 сыныпты бітірп, Ресей Федерациясының Мәскеу облысы Раминск қаласындағы текстиль училищесіне оқуға түседі. Оқуды аяқтаған соң сол қаладағы фабрикада бір жылдай жұмыс істейді. Әрі қарай туған жеріне қайтып оралады.
Иринаның әкесі Имануил Зайлер 1953 жылы отбасымен Қрымнан Шығыс Қазақстанға қоныс аударған. Ал 1969 жылы ол жақтан Жуалы ауданына көшіп келеді. Ол осы жақта слесарь, КСХТ мекемесінде механизатор болып жұмыс істеген. Ал анасы Ольга Васильевна сол кездегі Целиноград қаласы Макинский ауданында туған. Бірақ өмірі мен еңбек жолы Жуалы ауданында өрбиді. Осында фабрикада ұзақ жыл тігінші болып жұмыс істейді. Әрі қарай құрылыста еңбек етеді. Жолдасы екеуі өмірге 7 ұл-қыз әкеліп, соларды тәрбиелеп өсіреді. Бірақ жолдасы өмірден ерте озады. Қазіргі таңда кейіпкеріміздің анасы Германия Республикасында тұрады.
Енді кейіпкерімізге қайта оралсақ. Мақаланың бас жағында айтқандай, Ирина туған жеріне оралып, ауданда сол уақытта дүркіреп жұмыс істеп жатқан фабрикаға жұмысқа тұрады. Бірақ ол жерде бір жылдай істеп, 1993 жылы аудандық поштаға газет-журнал таратушы болып ауысады. Міне, содан бері 32 жыл өтіпті…
Қазіргі таңда аудандағы газет-журналдарды жазылушыларға уақытылы жеткізіп беру жұмысымен жеті-сегіз маман айналысады.
Шындығында, хат тасушының атқаратын жұмысы жауапты да қиын. Әсіресе, мұндай мамандарға көктем, күз, қыс мезгілдерінде қолайсыз болады. Қар аралас жаңбыр жауып, жер батпақ болады, күн суытады, көктайғағы тағы бар.
Иә, пошта тасушылары күннің ыстығы мен суығына қарамай, өз жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Өйткені олар тұрғындарға газет-журналдар мен хаттарды уақтылы жеткізуді қамтамасыз етеді.
-Пошта – бұл ерекше құрылым. Пошташы болу үшін адамға шыдамдылық пен тиянақтылық қажет. Әрбір хаттың ішінде маңызды ақпарат болуы мүмкін. Хатты иесіне жеткізу – пошташының басты міндеті. Жұмысымыз таңертеңгі 9:00-де басталады. Біздің бір күндік жұмысымыз төрт сағат деп жазылған. Бірақ барлығы түсетін хаттар мен тапсырыстың көлеміне байланысты. Біз үйге қайтқанша сағат кешкі 18.00 болып қалады. Пошташы хат-хабарды жеткізу бойынша өзінің тікелей міндетін орындауы тиіс.
Біз өзімізге бөлінген газет-журналдарды таратпас бұрын компьютерге тіркейміз. Барлық газет-журналмен хаттарды тіркеп болғаннан кейін ғана мекемелер мен жазылушыларға таратуға шығамын,- дейді Ирина Панина.
Кейіпкеріміздің жолдасы Андрей Борисов «Жуалы-Су» мекемесінде, Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжде ұзақ жыл электрик болып жұмыс істеген. Екеуі өмірге екі қыз әкеліп, оларды тәрбиелеп, білім берген. Үлкен қызы қазіргі таңда Германияда отбасымен өмір сүруде. Ал кіші қызы Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде білім алған. Қазіргі таңда орталық базарда тігінші болып жұмыс істейді. Болашақта Ирина Имануиловна қызымен Германия мемлекетіне қоныс аударсақ деген жоспарымен де бөлісе кетті.
-Түстенуге бір сағат уақыт беріледі. Бірақ тапсырыс көп болған кезде түскі ас ішпей жүре беремін. Керісінше түскі үзіліс кезінде газет-журналдарды таратып тастауға тырысамын. Себебі, осы кезде адамдардың ақпарат қабылдауға, газет-журнал оқуға бос уақыты болады.
Мен газет-журналдарды велосипедпен таратып шығамын. Кей кезде жаяу жүріп таратқанда ұнайды. Кейбір мекеме қызметкерлері газет-журналды ерте алып келуді сұрайды. Сол кезде велисопедпен таратқаныма қуанамын. Өйткені уақтылы жеткізген маған ұнайды. Арасында жаяу жүретін жанымдағы әріптес қыздарға көмектесемін,- дейді тәжірибелі пошта тасушы.
32 жыл өмірін сала жұмысына арнаған пошташы Ирина Панина көптеген марапат алған үлгілі қызметкер.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close