Basty bet
Жанды жадыратқан жазғы лагерь
Жазғы демалысты барлық бала асыға күтіп, ерекше жақсы көреді. Балалардың жазғы демалысын әсерлі, пайдалы етіп ұйымдастыру – ата-ана, мектеп, қоғам үшін де маңызды мәселелердің бірі.
Демалысты пайдалы өткізу деген ол – біліміңді жетілдіру, яғни кітаппен дос болу, түрлі интеллектуалды үйірмелерге қатысу, қыдыру, ата-анаға қолғабыс ету, ең қызығы – лагерьге бару. Соның ішінде балалар үшін ең қызықтысы – жазғы лагерь. Лагерьде балалар алаңсыз ойнап қана қоймай, түрлі іс-шараларға қатысып, өзінің жан-жақты дамуына, қабілетінің ашылуына, көпшіліктің арасында өзіне керекті қасиеттерді үйренуге, көпшіл болуға және көп достар табуға мүмкіндік алады.
Жайраңдаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас естеліктері балалардың осындай жазғы демалыс лагері екені анық.
Осы мақсатта мектеп жанындағы жазғы сауықтыру лагерінің атқаратын маңызы зор. Ауданға қарасты Нұрлыкент ауылындағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте 2 маусымнан «Балдәурен» жазғы сауықтыру лагері өз жұмысын бастады. Лагерьдің негізгі мақсаты – балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалану және денсаулығын нығайту, бір-бірімен байланыс орнатуға үйрету, бауырмашылдыққа, достыққа, бір-біріне деген қамқорлыққа, табиғатты жақсы көріп аялауға тәрбиелеу. Мектеп жанындағы лагерьге жалпы жүзден астам бала қамтылған. Онда балалар отрядтарға бөлініп, отряд аттарын, өз ұрандарын ойлап табады. Жазғы мектеп лагерінің әрбір күні сапқа тұрудан, таңертеңгілік жаттығулардан және таза ауада ойнаудан басталады. Біз мектеп жанындағы лагерь жұмысы жайлы «Ақ көгершін» тобының жетекшісі Балжан Кенжебаевамен әңгімелескен болатынбыз.
-Бірінші маусымнан бастап мектеп жанындағы лагерьде бес топ жұмыс жасауда. Олар – «Күншуақ», «Шамшырақ», «Ақ көгершін», «Сұңқар» және «Балдырған» топтары. Лагерь басталмас бұрын мектеп жанындағы демалыс және сауықтыру лагерінің жетекшісі Талғат Қартқожаев мектеп директорымен бірігіп 10 күнге арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.
Біз осы жоспар арқылы лагерьге келуші балалардың әр күнін қызықты етіп өткізуге тырысамыз. Өйткені, ол жерге бала ойнау үшін, демалу үшін келеді.
Өнерлі балалардың біз әрі қарай өнерлерін ашуға тырысамыз.
Жазғы демалысты ұйымдастыруға арналған іс-шаралар, ойындар, топтық жұмыстардың сценарийлері мен жоспарлар балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес толықтай жасалынды. Балалардың денсаулығын нығайтып, қоршаған ортаны танып, табиғатты аялап, сүюге, еңбекке, достыққа шақыратын, шығармашылық белсенділіктерін арттырып, кез келген ортада өзін-өзі көрсете білуге бағыттайтын іс-шаралар толықтай өткізіледі. Атап айтар болсақ, балаларға жақсы көңіл-күй сыйлай отырып, тапқырлық, ұшқыр қиял арқылы әзіл әлемінде қалықтауға бейімдеу, бір-бірімен еркін араласуға, достық қарым-қатынастарын жетілдіру үшін «Жазғы демалыс!» суреттер байқауы, «Мемлекеттік рәміздер байқауы» салтанатты іс шара, челлендж, «Ғажайып жаз» тақырыбы аясында оқушылар табиғат аясында серуендеп, демалып қайтты. Одан бөлек «Болашақ жастардың қолында» тақырыбы аясында тренинг ұйымдастырылып, балалардың болашақ армандарына қанат бітіріп, шабыттандыру мақсатында болашақ бейнелері ұйымдастырылды. Сонымен қатар түрлі спорттық жарыстар жүргізіліп отырады. Ұстаз-тәрбиешілердің оқушының бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыттауда орны ерекше. Бекітілген жоспар бойынша ұстаздар балалармен іс-шаралар өткізіп тұрады. Ұстаздар балалардың жазғы демалыста өз қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік жасайды. Атап айтсақ, мектеп әкімшілігінен бастап, мектеп психологтары, пән мұғалімдері, музыка пәнінің мұғалімі, мектеп кітапханашылары, дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің еңбегі зор,- деді Балжан Есімбайқызы.
Одан бөлек, мектеп жанындағы лагерьге келетін оқушылар үшін бес үйірме жұмыс жасайды. Олар лагерьге келетін оқушыларды қосымша біліммен қамтамасыз етеді. Бұл жерде балалар өздеріне жаңа достар тауып қана қоймай, каникулды қызықты өткізеді. Мұндағы барлық ұстаздар мен тәрбиешілердің жұмысы әр баланың әр күнің көңілді және қызықты ету. Мектеп жанындағы лагерьдің екінші кезені де осындай қызықтарға толы болады деген ойдамыз.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»