Basty bet
Азаматтардың мұң-мұқтажына назар аударылды
Өткен аптаның жұма күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында жеке қабылдауға алдын ала жазылған бірқатар азаматты жеке сұрақтарымен қабылдау жүргізіп, олардың мұң-мұқтажына баса назар аударды.
Аудан басшысының қабылдауына алғаш болып Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, зейнеткер Мария Әбдиева кірді. Ол аудан басшысын тұрмыстық жағдайынан хабардар етті.
-Өзім зейнеткермін. Қолымда ІІ топтағы мүгедек қызым тұрады. Бұдан бұрын Тараз қаласынан мүмкіндігі шектеулі қызыма мемлекеттен тұрғын үй алу ниетімен сонда тіркеуге тұрғызғанмын. Сөйтіп тұрғын үй кезегіне жазылдық. Бірақ арада біраз уақыт өтіп, тұрмыстық қиын жағдайларға байланысты кезектілікті бақылауға мүмкіндігім болған жоқ. Бірде қызымның тұрғын үй кезегін білуге қалаға барғанымда, қызымды кезектен алып тастағанын білдім. Содан қызымды қайтадан Жуалы ауданына тіркеуге қойып, осында тұрғын үй кезегіне тіркедім. Соған байланысты мүмкіндік болса, қызыма тұрғын үй берілсе деймін. Осы мәселеге көмек беруіңізді өтінемін,- деді қарт ана.
Ананың мәселесін мұқият тыңдаған аудан басшысы Ж.Мұртаза оған төмендегідей жауап берді.
-Мұқтаж жандардың санатына мемлекет тарапынан берілетін тұрғын үй тек кезектілік тәртібімен ғана беріледі. Өйткені, біздің тарапымыздан тұрғын үйге мұқтаж жандардың мәселесі тек тиісті заңның шеңберінде ғана шешіледі. Тұрғын үйге мұқтаждық мәселесімен қайырылатын кез келген өтініш иесі ең біріншіден осы мәселені ескерулері қажет. Одан кейін тұрғын үй ең бірінші кезекте шын мұқтаждарға, оның ішінде, кезекте тұрған мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жетім балаларға, аз қамтылған, сол сияқты көпбалалы аналарға беріледі.
Қазір тұрғын үй кезегіне тұру процесі оңайлатылған. Барлығы электронды түрде. Тағы бір айтайын дегенім, былтыр аудан орталығында салынған 18 пәтерлі тұрғын үйдегі пәтерлер кезекте алғаш болып тұрған мұқтаж азаматтарға берілген болатын. Кезектілік жыл сайын жаңарып отырады. Тұрғын үйді беру тек заң талаптарының аясында ғана жүзеге асырылады,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Бұдан кейін аудан басшысының қабылдауында болған Б.Момышұлы ауылының тұрғындары – Ж.Тұрғынбек, Қ.Амирова тұрақты жұмысқа орналасуға көмек сұраса, Қайрат ауылының тұрғыны А.Жанғазиев өз үйінің ауласынан шағын кәсіп ашуға несие алуға және үш фазалық электр желісін тартып беруге көмек көрсету турасында өтінішін білдірді.
Жеке мәселелермен қайырылған барлық азаматтың сұрақтарын мұқият тыңдап, мұң-мұқтаждықтарымен жете танысқан аудан басшысы Ж.Мұртаза оларға заңдылық аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізумен бірге, тыңғылықты жауап берді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»