Basty bet
Шекара қызметкерлерI марапатталды
18 тамыз – Шекарашылар күніне орай Бауыржан Момышұлы атындағы шекара бөлімшесінде шекара сақшылары мен ардагерлеріне арналған мерекелік шара өтті.
Оған аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков және аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің «Застава тарландары» ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қошан Жайлауұлы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасының бастығы, подполковник Ділмұрат Абдрахманов пен Бауыржан Момышұлы және Ақсуат шекара бөлімшелерінің шекара сақшылары қатысты.
Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының көтерілуі мен Әнұранның шырқалуымен басталды. Әрі қарай аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы шекара сарбаздары мен ардагерлерін кәсіби мейрамдарымен құттықтай отырып, үздік сарбаздарды марапаттады. Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы бөлімшесінің бастығы, аға лейтенант Азамат Қайратұлы мен Ақсуат шекара бөлімшесінің бастығы аға лейтенант Самат Бақытұлы арнайы Алғысхатпен марапатталып, аталған бөлімшелерге сый ретінде фотоальбом тарту етілді.
Сондай-ақ, қатардағы жауынгерлер Руслан Балтабайұлы, Береке Серікұлы, Еркебұлан Қожамұратұлы, Мақсат Қайратұлы, Елдос Советқалиұлы және Бақыт Асанұлын қызметтерін мүлтіксіз орындап жүргені үшін Алғысхатпен марапатталды.
Мерекелік іс-шарада аудандық мәслихаттың хатшысы, Ауған соғысының ардагері Ерғали Өтемісұлы да жас сақшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, игі тілегін жетізді. Ал Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл ауданы бойынша Шекара басқармасының бастығы, подполковник Ділмұрат Абдрахманов мерекемен барша шекарашыларды құттықтап, аудан әкімі Жалғас Мұртазаға арнайы мерекелік медаль табыстады. Мереке концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Іс-шара барысында сақшылардың жұмысымен танысу үшін «Әскердегі бір күн» атты акция ұйымдастырылды. Акцияға ауданнан 33 азамат қатысты. Оның мақсаты – жастардың патриоттық сезімін оятып, отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Шараға қатысушылар Бауыржан Момышұлы шекара бөлімшесінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Іс-шараның соңында шекара сақшылары аудан әкімі мен орынбасарына, аудандық мәслихаттың хатшысы мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлеріне ұйымдастырылған мерекелік концерт үшін өз алғыстарын білдірді.
Қатардағы жауынгер Бекболсын Амангелдіұлы Шекарашылар күніне арнайы өлең жолдарын шығарып, оқып беріп сақшылардың мерейін өсірді.
Мерекелік шара аудан әкімінің бас инспекторы, запастағы майор Бақытгүл Хасенқызының сақшылармен болашақ сарбаздарға арналған «Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» атты тәрбиелік сағатымен аяқталды.
Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»