Basty bet

Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы!

Бүгінгі мектептің міндеті – балаға тек білім беру ғана емес, өзгермелі әлемде өз орнын таба алатын, ұлттық болмысын сақтаған, бәсекеге қабілетті әрі жауапты тұлға қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда ауыл мектебінің әлеуетін арттыру – бір білім беру ұйымының ғана емес, тұтас ел болашағының ортақ мәселесі.
Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесінде сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту маңызды міндеттердің біріне айналды. Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі – «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Білім беруді тұрақты дамыту» қоры жүзеге асырып отырған «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы. Аталған жобаның аясында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Жуалы ауданының білім бөлімінің Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің материалдық-техникалық базасы толықтай жаңғыртылған болатын. Мектепте жаңа модификациялық пәндік кабинеттер, заманауи зертханалар, ART-TELE студиялары, STEM-зертхана, «Интеллектум» кабинеттері жабдықталып, білім алушылардың сапалы білім алуына тың мүмкіндіктер жасалды.
Бұл – ауыл баласына жасалған үлкен қамқорлық әрі болашаққа салынған инвестиция. Заманауи зертхана мен жаңа технология оқушының пәнге қызығушылығын арттырып қана қоймай, алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына, зерттеу жүргізуіне, шығармашылық ізденісіне жол ашады. Ең бастысы, ауыл мектебінің оқушысына қаладағы қатарластарымен тең жағдайда білім алып, өз қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Осындай ауқымды жобаның игілігін көріп отырған мектеп ұжымы мен білім алушылардың қуанышы зор. Сонымен бірге біз бұл мүмкіндіктің үлкен жауапкершілік жүктейтінін де жақсы түсінеміз. Өйткені, жаңарған кабинет пен заманауи құрал-жабдық өздігінен білім сапасын арттырмайды. Оны тиімді пайдалана білетін кәсіби педагог, жаңашыл әдістеме, дұрыс ұйымдастырылған білім беру ортасы және нәтижеге бағытталған жүйелі жұмыс қажет.

Басты өлшем – білімнің сапасы арттыру
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларында сапалы білімге қолжетімділікті арттыруға, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқартуға ерекше назар аударып келеді. Сондықтан тірек мектептің міндеті материалдық базаны жаңартумен ғана шектелмейді. Басты мақсат – берілген мүмкіндікті нақты білім нәтижесіне айналдыру. Осы мақсатта Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейі Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі және Педагогикалық шеберлік орталығымен жасалған меморандумның аясында үш жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты – озық педагогикалық тәжірибелерді меңгеру, жаңа оқыту әдістемелерін енгізу, мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру арқылы ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту.
Жоспарға сәйкес лицей педагогтері Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастыратын курстарға, семинарлар мен конференцияларға қатысып, кәсіби біліктіліктерін тұрақты жетілдіруде. Ал алынған тәжірибе мектеп қабырғасында әріптестермен бөлісіліп, сабақ үдерісіне енгізілуде. Бүгінгі педагогке қойылатын талап та бұрынғыдан өзгеше. Мұғалім тек білімді жеткізуші емес, оқушының ізденісін ұйымдастыратын, оның қабілетін ашатын, сыни және креативті ойлауына бағыт беретін кәсіби тұлға болуы тиіс. Сондықтан үздіксіз кәсіби даму – уақыт талабы. 2025-2026 оқу жылында озық тәжірибені тарату, коучинг сессиялар мен шеберлік сағаттарын, педагогтер арасында байқаулар өткізу жүйелі жолға қойылды. Себебі, мұғалімнің мәртебесі – оның біліктілігімен өлшенеді. Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин: «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат» деген. Сондықтан мектеп басшылығы ең алдымен мұғалімдерді дамытуға күш салады.
Аяқталған оқу жылында тірек мектептің озат тәжірибелі педагогтері Д.Баетова, А.Қойшиева, Н.Базарбаева Астана қаласында өткен халықаралық интенсивте, облыстық НЗМ мен ПШО ұйымдастырған оқыту семинарлары мен форумдарда 8 педагог өз тәжірибелерімен бөлісті. 5 педагогтың авторлық бағдарламасы мен әдістемелік құралдары сұрыптаудан өтіп, облыс көлемінде насихатталып, білім беру ұйымдарына таратылды.

Мектеп пен жоғары оқу орны: тәжірибе мен ғылымның сабақтастығы
Сапалы білім беру үшін мектептің өз ішінде ғана жұмыс істеуі жеткіліксіз. Ғылыммен, жоғары оқу орындарымен және кәсіби қауымдастықтармен байланыс орнату педагогтің де, оқушының да ізденіс көкжиегін кеңейтеді. Осы бағытта тірек мектеп-лицей Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетімен және Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтымен ынтымақтастық туралы келісімдер негізінде бірқатар жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Мұндай серіктестік инновациялық білім беру әдістерін оқу үдерісіне енгізуге, бірлескен ғылыми-педагогикалық және психологиялық жобаларды жүзеге асыруға, пәндерді оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеушілік мәдениетін қалыптастырып, педагогтердің академиялық ортамен байланысын нығайтады.

Ұлттық тәрбие – білімнің берік тұғыры
Білімді ұрпақ тәрбиелеу қаншалықты маңызды болса, ұлттық болмысы берік ұрпақ қалыптастыру да соншалықты маңызды. Мектебіміз облыстық білім басқармасы тарапынан эксперименттік алаң ретінде бекітіліп, «Жаһандану заманында білім алушыларды жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеудің аспектілері» тақырыбында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Жаһандану жағдайында әлем күн сайын өзгеруде. Ақпарат ағынының күшеюі, цифрлық кеңістіктің ықпалы, түрлі мәдениеттердің өзара араласуы жас ұрпақтың дүниетанымына тікелей әсер етеді. Осындай кезеңде ұлттық құндылықтарды сақтау мәселесі бұрынғыдан да өзекті. Ана тілі, тарих, салт-дәстүр, ұлттық мәдениет, үлкенге құрмет, кішіге ізет, отбасы құндылығы, еңбекқорлық, адалдық, отаншылдық пен елдік сана – ұрпақ тәрбиесінің берік негізі. Сонымен қатар, адамгершілік, жауапкершілік, әділдік, өзара құрмет, бейбітшілік пен ынтымақтастық секілді жалпыадамзаттық құндылықтарды оқушы бойына сіңіру де мектептің маңызды міндеті.
Біздің мақсат – әлемдік білім мен технологияны еркін меңгерген, бірақ өзінің ұлттық тамырынан ажырамаған ұрпақ тәрбиелеу. Өйткені, жаһандық кеңістікте бәсекеге қабілетті болу ұлттық болмыстан бас тарту деген сөз емес. Керісінше, өзінің кім екенін, елінің тарихы мен мәдениетін жақсы білетін тұлға ғана өзге мәдениеттерді құрметтеп, әлемдік қоғамдастықта өз орнын сенімді таба алады.

«Ауыл мектебі – сапа алаңы»: білімдегі алшақтықты азайтудың нақты қадамы
Шағын жинақты мектептердің білім алушылары оқу жылы барысында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасының аясында ресурстық орталық тарапынан қашықтан оқыту форматында сапалы біліммен қамтылды. Нақтырақ айтсақ, математика, физика, химия, биология және ағылшын тілі пәндері бойынша тірек мектеп-лицей педагогтары аптасына бір рет онлайн форматта сабақ өткізді. Қашықтан өткізілетін сабақтардың басты мақсаты – оқушылардың біліміндегі нақты олқылықтарды анықтау және оларды жүйелі түрде толықтыру. Сондықтан сабақтар дәстүрлі білім берумен ғана шектелмей, қолданбалы тапсырмалар, зертханалық-тәжірибелік жұмыстар, өздігінен іздену, ақпаратты талдау, салыстыру және қорытынды жасауға бағытталған жұмыстармен ұштастырылды. Әр пәннің оқытылу сапасы жеке-жеке сараланып, тоқсан сайын шағын жинақты мектептердің педагогтеріне назарына ұсынылып отырады.
Қазіргі таңда тірек мектеп-лицейге 7 шағын жинақты магниттік мектеп кіріктірілген. Олар: Т.Әкімов атындағы №7 орта мектеп, Б.Майлин атындағы №14 орта мектеп, Б.Момышұлы атындағы №22 орта мектеп, №27 Диқан орта мектебі, №37 Ынтымақ негізгі мектебі, №44 Бақалы және №45 Тасбастау бастауыш мектептері. Магниттік мектептердің білім алушылары тірек мектеп-лицейдің ресурстық орталығының материалдық-техникалық және әдістемелік әлеуетін пайдалану арқылы сапалы білім алуға, білімдерін тәжірибемен ұштастыруға және жан-жақты дамуға мүмкіндік алып отыр.
Бұл – ауыл мектебінің мүмкіндігін кеңейтудің тиімді тетіктерінің бірі. Шағын жинақты мектепте білім алатын баланың заманауи зертхана мен жаңа технологияға қолжетімділігі шектеулі болмауы керек. Осы мақсатта магниттік мектептердің оқушылары тірек мектеп базасындағы физика, химия, биология, информатика және STEM бағытындағы заманауи зертханаларда тәжірибелік жұмыстар жүргізіп, теориялық білімдерін практика жүзінде бекітеді. Зертханалық және практикалық сабақтардың маңызы – оқушының дайын ақпаратты қабылдауымен шектелмей, құбылыстың себебін өздігінен іздеуіне, тәжірибе жасауына, болжам ұсынуына, нәтижені салыстырып, қорытынды шығаруына мүмкіндік беруінде. Бұл өз кезегінде білім алушының зерттеушілік мәдениетін, функционалдық сауаттылығын және сыни ойлау қабілетін қалыптастырады.

Қосымша білім – баланың қабілетін ашатын кеңістік
Қазіргі білім берудің басты міндеттерінің бірі – білімді ғана емес, шығармашыл, бастамашыл, өз қабілеті мен қызығушылығын танып-білген, өмірлік таңдауын жасай алатын жан-жақты тұлға қалыптастыру. Осы мақсатта тірек мектеп-лицейде жаңартылған материалдық-техникалық база мүмкіндіктеріне сәйкес оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған түрлі үйірмелер жұмыс істейді.
ART-студия базасында «Қылқалам шебері», TELE-студия мүмкіндіктерін пайдалану арқылы «Жас тілші», «Телестудия өнері», «Мобилография өнері» үйірмелері ұйымдастырылған. Өндірістік шеберханаларда «Қолөнер шебері» үйірмесі жұмыс жүргізсе, ғылыми-техникалық бағытта «Оқушылардың ғылыми қоғамы», «Робототехника», ұлттық өнер бағытында «Домбыра», «Драма», сондай-ақ, білім алушылардың денсаулығын нығайтуға бағытталған спорттық үйірмелер жүйелі жұмыс атқаруда. Бұл үйірмелердің тағы бір маңызды қыры – ерте кәсіптік бағдар беру.
Мәселен, телестудияда жұмыс істеген оқушы журналистикаға, операторлық өнерге, бейнемонтажға немесе медиасалаға қызығушылығын байқаса, робототехникамен айналысқан бала инженерлік-техникалық мамандықтарға бейімділігін анықтай алады. Ғылыми қоғамдағы ізденіс оқушыны ғылымға жетелесе, өндірістік шеберханадағы тәжірибе техникалық және кәсіптік бағыттарға қызығушылығын оятады. Ал, өнер мен музыка үйірмелері баланың шығармашылық әлеуетін ашып, ұлттық мәдениетке деген құрметін қалыптастырады. Яғни бүгінгі мектептегі қосымша білім беру – баланың бос уақытын ұйымдастырудың ғана құралы емес, оның болашақ кәсіби бағытын айқындауға мүмкіндік беретін маңызды білім беру кеңістігі.
2025–2026 оқу жылы – нәтижелі еңбектің жемісі
Мектеп-лицей оқушылары аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі білім додаларында, пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар мен шығармашылық байқауларда бақ сынап, мектеп мерейін үстем етті. Спорттық жарыстарда да білім алушыларымыз өздерінің табандылығы мен шеберлігін көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Олимпиададағы олжалы орындарға тоқталсақ, Жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың аудандық кезеңінде мектептің 36 оқушысы жүлделі орындарға ие болды. Ал облыстық кезеңде бірқатар шәкірттер үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, 6-сынып оқушысы Ақбасова Айзере ІІ орын иеленді. Жетекшісі – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі А.Мырзабекова. 5-сынып оқушысы Рустам Жаннұр ІІ орынға ие болды. Жетекшісі – биология пәнінің мұғалімі Б.Әлімқұл. 7-сынып оқушысы Нұрғали Бекарыс ІІІ орын иеленсе, оның жетекшісі – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қ.Сапаева. 10-сынып оқушысы Қуандық Ботагөз ІІІ орынға ие болды. Жетекшісі – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі А.Нонаева. 11-сынып оқушылары Жарылқасын Әсемай мен Жанәділ Ерсұлтан да облыстық кезеңде ІІІ орыннан көрінді. Жетекшілері – Г.Меркемал, С.Асанбекова.

Ғылым мен экология бағытындағы жетістіктер
Ғылыми-зерттеу және экологиялық бағыттағы байқауларда да мектеп оқушылары жақсы нәтижелер көрсетті. Облыстық «Зерде» ғылыми жобалар байқауында 9 сынып оқушысы Нұрмағанбет Сәулет ІІІ орын иеленді. Осы байқауда 11 сынып оқушысы Айтбай Еңлік те ІІІ орынға ие болды. Жетекшісі – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі А.Қойшиева. «Pro ECO» республикалық экологиялық жобалар байқауының облыстық кезеңінде 6 сынып оқушысы Жандосұлы Сырым ІІ орын иеленді. Жетекшісі – химия пәнінің мұғалімі Д.Баетова. «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілері форумының облыстық кезеңінде 6 сынып оқушысы Мәулембек Айару мен 9 сынып оқушысы Уәлихан Диля ІІІ орын иеленді. Оқушыларды биология пәнінің мұғалімдері Б.Әлімқұл мен Н.Базарбаева дайындады.
Заманауи білім мен технологияны ұштастырған шәкірттер де мектеп абыройын асқақтатуда. «Roboland Grand Tournament» робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалінің аудандық кезеңінде 6-сынып оқушылары Таңатар Гиззат, Кеңес Аңсар, Мырзахмет Бекарыс және Саржан Асылжан жеңімпаз атанды. Олар облыстық кезеңде де сәтті өнер көрсетіп, ІІІ орынды иеленді. Жетекшісі – информатика пәнінің мұғалімі Н.Мейірхан.

Зияткерлік сайыстардағы жеңістер
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының аудандық кезеңіне 6-сыныптардан 58 оқушы қатысты. Олардың арасынан Серікұлы Ерсұлтан, Ғалымжанұлы Жасұлан, Сүлеймен Гүлдана, Саржан Асылжан, Алламберген Нұрәлі, Жеңісбек Ұлпан, Лесхан Айсұлтан және Жандосұлы Сырым облыстық кезеңге жолдама алып, білімдерін сынға салды. 2-4 сынып оқушыларына арналған «Бастау» республикалық математикалық олимпиадасының аудандық және облыстық кезеңдерінде Бекқали Бақнұр, Таласбек Нұрсанат, Бейсенқұл Амирали, Мырзағалым Нұрали және Хамзабек Айару жүлдегер атанды. «IQANAT» олимпиадасының аудандық кезеңіне 56 оқушы қатысып, олардың бесеуі облыстық кезеңде бақ сынады. Нәтижесінде бір оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. «Алтын түлек» байқауының аудандық кезеңінде Ормахан Бауыржан ІІ орын, Жарылқасын Әсемай ІІІ орын, Сауқымбек Ислам ІІІ орынға ие болды. Жетекшісі – математика пәнінің мұғалімі М.Жүсіп. Республикалық «Алтын сақа» математикалық олимпиадасының аудандық кезеңіне 12 оқушы, 3-4 сыныптар арасында 3 оқушы жеңімпаз атанды.

Шығармашылықта да шәкірттердің жетістігі жетерлік
Оқушылар тек нақты ғылымдарда ғана емес, шығармашылық бағытта да белсенділік танытты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті ұйымдастырған LI Республикалық «Жас тілшілер» форумына, сондай-ақ «Ұлан» газеті мен аталған факультет бірлесіп өткізген «Журналист болғың келе ме?» шығармашылық байқауына белсене қатысқан 11-сынып оқушысы Бескемпір Мадияр арнайы дипломмен марапатталды. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің «Текстиль» студенттік ғылыми үйірмесі ұйымдастырған «Қазіргі әлемдегі текстиль және дизайн» байқауында Базарбек Құралай, Нұрғали Айым, Сұлтанмұрат Амина және Бөлекова Жансая ІІІ дәрежелі диплом иеленді. Жетекшісі – көркем еңбек пәнінің мұғалімі А.Қадырова. Республикалық «Кенгуру» олимпиадасында – 74 оқушы, «Алтын тобылғы» байқауында 28 оқушы, «Ақбота» интеллектуалдық олимпиадасында 94 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Бұл – мектеп оқушыларының түрлі бағыттағы білім додаларына белсенді қатысуының және жүйелі дайындық жұмыстарының нәтижесі.

Спорт саңлақтары – мектеп мақтанышы
Мектеп шәкірттері спорт саласында да жоғары нәтижелерге қол жеткізді. 11-сынып оқушысы Рүстембек Мұхамедали Венгрияда өткен бокстан халықаралық турнирде жүлдегер атанды. Грэпплингтен Қазақстан Республикасы кубогында 10-сынып оқушысы Ғаниұлы Мұхамедали ІІ орын иеленді. Ал 11-сынып оқушысы Сырым Әсем Ақтау қаласында өткен Қазақстан Республикасы чемпионатына және Жамбыл облысында ұйымдастырылған облыстық чемпионатқа қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

39 түлектің арасынан 25-сі мемлекеттік гранттың иегері атанды
2025-2026 оқу жылында тірек мектеп-лицейді барлығы – 39 түлек аяқтады. Олардың 2-еуі «Алтын белгі», 7-еуі «Үздік аттестат» иегері атанды. «Алтын белгі» иегерлері: Аяулым Аханқызы және Кәусар Икрамқызы. Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында (ҰБТ) орташа көрсеткіш – 72 балды құрады. Түлектердің 25-і, яғни 64 пайызы, мемлекеттік білім грантының иегері атанды. Аудан бойынша ең жоғары 132 баллды «Алтын белгі» иегері Кәусар Ораз иеленді. Бұл көрсеткіш – мектеп ұжымы, ұстаздар, оқушылар мен ата-аналардың бірлескен еңбегінің маңызды нәтижесі. Негізгі мектеп түлектерінің де нәтижесі жоғары. Аяқталған оқу жылында 9-сыныпты 58 оқушы аяқтады. Олардың 10-ы негізгі орта білім туралы үздік аттестатқа ие болды.
Қорыта айтқанда, бір оқу жылының қорытындысында қол жеткізген жетістіктер – мектеп шәкірттерінің талпынысы мен ұстаздардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Аудандық кезеңнен басталған білім бәйгесінің облыстық, республикалық, тіпті, халықаралық деңгейге ұласуы мектептегі дарынды балаларды қолдау жұмыстарының нәтижесін көрсетсе керек. Олимпиада мен ғылыми жоба, робототехника мен шығармашылық, зияткерлік сайыс пен спорттағы әрбір жеңістің артында оқушының тынымсыз ізденісі, ұстаздың білімі мен ата-ананың қолдауы тұр. Білімді ұрпақ – елдің ертеңі. Ал, шәкірттің жетістігін биікке көтеру – ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы. Жаңа оқу жылында да тірек мектеп-лицей шәкірттерінің алар асуы биік, бағындырар белестерінің көп болатынына сенім білдіремін!

Руслан САЙЛАУБАЕВ,
Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-
лицейінің (ресурстық орталық) директоры.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close