Basty bet

Жұмыссыз азаматтарға берілген үлкен мүмкіндік

«Жас маман» бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 500-ден астам азамат қатысты
2026 жылдың 20 ақпаны мен 25 тамыз күндері аудан көлемінде халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі және аудандық Мансап орталығы филиалымен бірлесе отырып бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, өткізілді. Аталған іс-шаралар аудан тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік алаңына айналып, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің өзара тікелей байланыс орнатуына жол ашқаны анық.
Жәрмеңкеге жалпы саны – 510-ға жуық азамат қатысып, өз біліктіліктеріне сәйкес бос жұмыс орындары туралы толық ақпарат алды. Іс-шара барысында аудандағы мекемелер мен кәсіпорындар өздеріндегі бос жұмыс орындарын ұсынып, қатысушыларға еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар жөнінде кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, 133 азаматты тұрақты жұмыс орындарына орналастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 100 азаматты ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту көзделуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпал етпек.
Жәрмеңкелер барысында қатысушыларға кәсіптік бағдар беру, қайта даярлау курстары, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау алу мүмкіндіктері туралы да ақпараттар берілді. Мамандар тарапынан әрбір азаматқа жеке-жеке кеңес беріліп, олардың еңбек нарығында өз орнын табуына дұрыс бағыт-бағдар көрсетілді.
Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп күтілуде. Бұл – халықты жұмыспен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нақты көрінісі әрі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған маңызды үлес болып табылады!

Серғазы Байғазы,
аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің
жастармен жұмыс
жөніндегі маманы

Таңдаулы материалдар

Close