Basty bet

Білім берудегі жаңа бағыт: Цифрлық трансформация мәселелері халықаралық алаңда талқыланды

Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы білім беру саласындағы өзекті тақырыптарды талқылайтын маңызды диалог алаңына айналды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Мұнда «Цифрлық трансформация жағдайында мектептің оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру» тақырыбымен IV халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Ауқымды жиын «Ustaz Ulytau» педагогикалық трансформация орталығының бастамасымен ұйымдастырылып, отандық және шетелдік сарапшыларды бір ортаға тоғыстырды.

Іс-шараны «The Ulytau Educational Foundation» қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы және облыс әкімдігі білім басқармасы бірлесіп өткізді. Конференцияға білім басқармаларының жетекшілері, ғылыми орта өкілдері, мектеп басшылары, тәжірибелі педагогтер мен халықаралық ұйымдардың сарапшылары қатысты.

Жиынның негізгі мақсаты – білім беру жүйесін жаңғыртудағы басым бағыттарды айқындап, тәжірибе алмасуға, инновациялық шешімдерді енгізуге және педагогикалық көшбасшылықты дамытуға ықпал ететін орта қалыптастыру.

Алғашқы пленарлық отырыста сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов білім саласындағы өзгерістердің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, цифрлық дәуірде оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру – уақыт талабы ғана емес, келешек алдындағы жауапкершілік. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы деп жариялауы бұл бағыттағы жұмыстардың стратегиялық маңызын арттыра түсетіні атап өтілді.

Серік Жақсылықұлы қазіргі оқушылардың ақпаратты қабылдау ерекшеліктеріне де назар аударып, білім беру тәсілдерін жаңарту қажеттігін айтты. Интерактивті құралдар, цифрлық платформалар, онлайн оқыту жүйелері мен виртуалды зертханалар білім сапасын арттыруда маңызды рөл атқарып отырғаны сөз болды. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы күшейтілгені де атап өтілді.

Пленарлық бөлімде цифрлық трансформация жағдайындағы білім мазмұнын жаңарту жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, STEM тәсілі негізінде оқыту, XXI ғасыр дағдыларын қалыптастыру, өңірлік білім беру экожүйелерін дамыту және заманауи мектеп тәжірибесіне цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері көтерілді. Сонымен қатар инновациялық білім беру жобаларының көрмесі ұйымдастырылды.

Конференция аясындағы практикалық жұмыстар №66 орта мектеп базасында жалғасын тапты. Мұнда өткен панельдік және секциялық отырыстарда педагогтер өз тәжірибелерін ортаға салып, тиімді әдістерді таныстырды.

Соның ішінде «Canadian International School» мектебінің мұғалімдері пәндерді кіріктірудің тиімділігіне арналған воркшоп өткізіп, оның оқушылардың білім сапасына ықпалы жөнінде нақты мысалдар келтірді. Қатысушылар пәнаралық оқытудың артықшылықтары мен оны енгізу барысында туындайтын мәселелерді талқылап, тәжірибелік жобаларымен бөлісті.

Конференция бүгін өз мәресіне жетіп, білім беру жүйесін цифрлық трансформация жағдайында дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар қамтылған қарар жобасын қабылдаумен аяқталды.

Таңдаулы материалдар

Close