Basty bet

Әрбір адам өз денсаулығына өзі жауапты

Қазіргі заманғы қарқынды өмір салты, зиянды әдеттер және экологиялық мәселелер адамдардың денсаулығына әсер етуде. Сондықтан денсаулықты сақтау және нығайту – тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, әрбір адамның жауапкершілігіне байланысты. Саламатты өмір салтын ұстану арқылы әрбір адам өзінің денсаулығын нығайтып, ұзақ әрі бақытты өмір сүруге мүмкіндік алады.
Халқымыз «Денсаулық – зор байлық!» деп, өзінің өмір сүруінің негізін, тіршіліктің тамырын деннің саулығынан таратады. Бұл мақал дені сау адамның ғана бақытты өмір сүріп, толыққанды еңбек ете алатынын меңзейді. Сондай-ақ, «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық», «Ауру – астан» деген мақалдар қазақ халқының денсаулықты басты орынға қоюымен қатар тамақтану мәдениетіне, отбасылық қарым-қатынасқа және тазалыққа ерекше мән бергенін айқындай түседі.
Осы ретте аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында медициналық нысандар бой көтеріп, ел иігілігіне пайдалануға берілуде. 2014 жылы Көкбастау ауылдық округінің Көктөбе ауылында бес келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт ашылып, бүінгі таңда Көктөбе және Қосбөлтек ауылының тұрғындары мен 91678 әскери бөлімінің қызметкерлеріне қызмет көрсетуде. Ал, 2019 жылы Қосбөлтек ауылында бес келушіге арналған Қосбөлтек медициналық пункті жаңадан бой көтерді. Онда қабылдау бөлмесі, ине шаншу, акушер және емдеу бөлмелері бар.
Көктөбе фельдшерлік-акушерлік пунктінде 2023 жылдан бері жас маман, жалпы тәжірибелі дәрігер Ақбөпе Әмірханмен бірге жалпы тоғыз адам жұмыс істейді. Яғни, дәрігерге дейінгі қарау, акушер, ем-шаралық, екпе жүргізетін және шаруашылық қызметкерлері бар.
Фельдшерлік-акушерлік пунктте 1 600 адам тіркеуге алынған, оның ішінде 1 127-і ересек, 473-і бала және 25 жүкті әйел бар. Биыл ауылда 17 сәби дүниеге келген.
Дәрігердің айтуынша, тұрғындар жүрек-қантамыр жүйесі аурулары, қант диабеті, өкпенің созылмалы аурулары және тірек-буын жүйесі ауруларымен есепке алынған. Олар ҚР ӨСМ №75 бұйрығына сәйкес, жекелеген аурулардың ауру сатысына қарай тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген.
-Ауыл тұрғындарына медициналық көмек қолжетімді. Аурушандық деңгейіне байланысты тиісті медициналық көмек алады. Тұрғындар мен медициналық қызметкерлер арасындағы байланыс – кәсіби этикалық негізге құралған. Деңсаулық – адамның ең қымбат ресурсы. Сондықтан әрбір жеке адам – оның құндылығын біліп, бағалау қажет. Сол себепті де, біз ауыл тұрғындарының деңсаулығына аса мән береміз. Шағыммен келген әрбір тұрғын міндетті түрде медициналық көмек алады.
Тұрғындар денсаулығын жақсарту үшін ауру асқынуларын алдын алу бойынша Д есептегі негізгі диагностикалық тексерулерден өтеді. Сондай-ақ, сиринингтік зерттеулер жас ерекшелігіне қарай қауіпті деректерді ерте анықтау мақсатында жүргізіледі. DamuMed медициналық ақпарат жүйесіне тұрғындар халық тіркелмеген, бірақ тегін дәрі-дәрмек бойынша eGOV қызметін пайдаланады, – дейді жалпы тәжірибелі дәрігер Ақбөпе Ақылбекқызы.
Дәрігердің айтуынша, көктөбеліктер уақтылы медициналық көмекке жүгініп, диагностикалық тексеруден өтеді. Мұнда дәрігерге дейінгі қарау кабинетінен алғашқы медициналық тексерулер мен консультациялар жүргізіледі. Науқасты жалпы тексеруден өткізіп, қан қысымын, жүрек соғысын және дене қызуын өлшеп, жалпы тәжірибелік дәрігердің кеңесіне жолдама беріледі. Дәрігер науқастың жағдайына қарай ем-дом шараларын жүргізіп, қажет болғанда аудандық орталық ауруханаға қосымша тексерулерге жіберіледі. Жаңадан туылған нәрестелердің де жағдайын жіті бақылап, үйге шақыруларға да уақтылы барады. Тұрғындар емдеу хаттамаларына сәйкес, амбулаторлық және стацанорлық ем түрлерін алады.
Көктөбе ауылы тұрғындарының денсаулығына баса назар аударатын жалпы тәжірибелі дәрігер Ақбөпе Ақылбекқызы өз сөзінде: “Біздің мақсат – тұрғындардың арасындағы аурушаңдық деңгейін төмендету, ауруларды ерте анықтау, тиісті диагностикалық шаралар жүргізе отырып емдеу. Дегенмен, әрбір тұрғын өз денсаулығына жауапты екенін ұмытпаса дейміз. Уақтылы медициналық тексеруден өту, түрлі аурулардың алдын алады. Дұрыс тамақтану, саламатты өмір салтын ұстану да денсаулығымызды одан әрі жақсартуға ықпалын тигізеді. Дәрігер ретінде тұрғындарға мұны үнемі ескертіп, зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстауға шақырамыз. Әсіресе, балалардың денсаулығына бей-жай қарамауды да айтып отырамыз” дейді ол.
Қазақ халқынан “ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” деген жақсы қалған. Бірлескен көктөбелік денсаулық сақтау ұжымы бұл қағиданы тұрғындардың есіне салып, оларға дер кезінде медициналық көмек көрсетуді басты мақсат тұтуда.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close