Basty bet
Басты басымдық – тұрмыстың жайлылығын қамтамасыз ету
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі халықтың жайлылығын қамтамасыз ету.
Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмысты істеуге қолайлы елді мекеннің сапалы инфрақұрылымның болуы. Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бүгінде аймақта табысты іске асырылуда. Атап айтсақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Жуалы өндірістік филиалы Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесе отырып аудандардағы елді мекендерге табиғи газ құбырын тарту жұмысын жоспарға сәйкес атқарып келеді.
Мәселен, биыл «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Жамбыл өндірістік филиалы облыс басшылығы алдындағы міндеттемесін жоспарға сәйкес толық аяқтап отыр. Атап айтсақ, өткен жылы жалпы құны 177 миллион 400 мың теңгеге 5 елдімекенге 24,725 шақырымды құрайтын кварталішілк табиғи газ кіргізу жұмыстары атқарылып, бүгінгі таңда Қаратас, Рысбек батыр, Қызтоған мен Ақтасты ауылдарында құрылыс жұмыстары аяқталды.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны құрылыс саласы. Бұл саланың ауқымы кең. Ол барлық салада айрықша басымдыққа ие. Атап айтсақ, бұған дейін Жуалы ауданындағы 49 елдімекеннің 31- ғана табиғи газ жүйесімен қамтылған болатын. Көгілдір отынмен қамтылмай қалған 13 елді мекенге газ құбырын жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаты 2017 жылы әзірленіп, 2019 жылы магистральды газ құбырының құрылыс жұмысы басталып кеткен еді. Сөйтіп бүгінгі таңда көгілдір отынмен қамтылған елдімекен саны 44-ке жетті, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев.
Оның айтуынша, аудандағы 49 елдімекенде 10134 аула болса, бүгінгі таңда оның 44-іне газ құбыры тартылып, 9638 аула көгілдір отынның игілігін көріп отыр екен. Сол ауланың бүгінгі таңда 9197-сі үйін газ құрылғыларымен жылытуда. Яғни, табиғи газ жеткізілген ауылдағы халықтың 89,7 пайызы көгілдір отынның игілігін көруде.
– Өткен жылы бес елдімекенде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оған бөлінген қаржы көлемі 177 миллион теңгені құрайды. Бұл қаржыға 25 шақырымды құрайтын ауылішілік газ құбыры тартылды. Сөйтіп төрт елдімекен көгілдір отынға қосылды. Олар Қаратас, Рысбек батыр, Қызтоған және Ақтасты ауылдары. Жобадағы Қошқарата ауылы 2023 жылға өтпелі болатын. Қошқаратаны қосқандағы жобалық-сметалық құжаттамада көзделген жалпы қаражат 237 миллион теңгені құрайды. Бұл қаражаттың 177 миллион теңгесі игерілсе, қалған қаржы осы жылға өтпелі болғандықтан, биыл игеріліп, ауыл табиғи газға қосылатын болады, – дейді бөлім басшысы.
Осы жұмыстардың қорытындысымен табиғи газбен қамтудың үлесі 45 елдімекенге жетіп, ол тұтыну көрсеткішін 91,8 пайызға арттырмақ. Яғни, 9 697 аула газ тұтынса, ол 96,8 пайызды құрап 51 563 тұрғын, бір сөзбен айтқанда, аудан халқының 97,1 пайызы табиғи газдың игілігін көрмек. Ал жаңадан газ кіргізіп жатқан елдімекендердегі бір тұрғын үйді газға қосу және пеш орнатылуын қоса есептегендегі бір отбасына түсетін шығыны орта есеппен 400 мың теңгені құрайды. Оның 160 мың теңгесі газ кіргізуге, 240 мың теңгесі пеш орнатуға жұмсалады екен.
-Қазіргі таңда Қаратас, Рысбек батыр, Ақтасты, Қызтоған елдімекендерінде тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде. Онда екі-үш бригада уақытпен санаспай жұмыс істеуде, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ.Жатқанбаев.
Енді ауданда газ құбырына қосылмай қалып отырғаны 4 елдімекен бар. Бұл ауданның солтүстік шығысында, Талас және Жамбыл аудандарымен шектесіп жатқан Билікөл ауылдық округі. Онда Қарабастау, Әбдіқадыр, Жылыбұлақ және Дарбаза ауылдары орналасқан. «Жалпы аудандағы қалған елдімекендерді 2025 жылға дейін көгілдір отынмен қамтуды жоспарлап отырмыз. Билікөл өңіріндегі төрт елдімекенге кварталішілік газ құбырын тарту үшін жалпы құны 307 миллион теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі таңда магистральды газ тарту желілері мемлекеттік сараптамадан өткізілуде және аталған елдімекендерді 2025 жылға дейін газбен қамту жоспарлануда. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін аудандағы елдімекендерді 100 пайыз табиғи газбен қамту көзделген», дейді бөлім басшысы Қайрат Жатқанбаев.
Марат Құлибаев,
“Жаңа өмір”