Basty bet
Жұбайлар жарастығы – сыйластық пен сүйіспеншілікте
«Отанды сүю – отбасынан басталады» дегенді санамызға сіңіргелі қашан?! Отанға деген махаббат – отбасыңызға деген мейірім, анаңызға деген махаббат – ана тіліңізге деген құрметіңіз секілді. Ал, мерейі тасыған отбасы – әр күні мерекеге ұласқан тірлігі бар, береке мен тастүйін бірлігі бар, өзгеге үлгі болар шағын мемлекет емес пе?! Отан іргетасының берік болуына септігін тигізіп жүрген отбасыларды көпке таныту біздің де басты мақсатымыз.
Осы ретте, 15 сәуір – Ғашықтар күніне орай, бірлігі мен ынтымағы жарасқан, өзара сыйластығы мен сүйіспеншілігі берік орныққан, ұрпағының өсіп-өнгенін көріп отырған шақпақаталық ерлі-зайыпты Базар Әубәкіров пен Гүлшат Сейдалиеваның отбасын әңгімеге арқау етпекпіз.
Отағасы Базар Тұрғынұлы ақыл мен көркем мінезді жарастыра білген, адал еңбегімен әулеттің мақтанышына айналған ардақты әке. Шақпақ ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген ол Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепті тамамдаған соң, бұрынғы Жамбыл қаласындағы 154-училищеге оқуға түсіп, құрылысшы мамандығын алып шығады. Отан алдындағы борышын Қиыр Шығыста өтеп келіп, біраз жыл құрылыста тер төгіп, еңбек етеді. 1989 жылы шақпақаталық Гүлшат Сейдалиевамен бас қосып, екеуі еңбекпен есейіп, өркен жайып, бүгінгі күні ауылдағы үлгілі отбасылардың қатарын толықтырып отыр. Адал еңбектің арқасында үйі жанға, қорасы малға толды. Кең пейілі мен мол дастарқаны әр уақытта жаюлы.
Өмір айдынында мәңгілік бірге болуға уағдаласқан олар аяққа тік тұру үшін талай қиындықтарды да бірге еңсерді. Еліміз алғаш Тәуелсіздік алған жылдары оларды ата-аналары бөлек отау етіп, ақ батасымен бөлек шығарады. Тоқырау жылдары жоқтан бар жасаған жас жұбайлар қиындыққа мойымауды, алға қарай ұмтылуды көздейді. Бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен өзара сыйластығы отбасының іргесін берік орнатуға себепші болады. Міне, содан екеуі жастық шақтарындағы қызықты күндерімен бірге қиыншылықтарды да еңсеріп, алға қойған мақсаттарына ұмтылады. Жалпы, шаңырақ көтерген екі жас өмірде бір-біріне әрдайым қолдау көрсетіп, кез келген жағдайда демеу бола алса, онда олардың бағындырар асуы да биік болары сөзсіз.
«Жақсы жігіт ел-жұртының қаласындай, жақсы әйел әмме жұрттың анасындай» деп Сүйінбай ақын жырлағандай, бұл отбасының отанасы он саусағынан өнер тамған ісмер. Ол Алматы қаласындағы С.Киров атындағы университетті тігінші мамандығымен бітірген. Еңбек жолын аудандағы бұрынғы тұрмыстық комбинатта бастап, тігіншілік өнердің қыр-сырын үйренеді. Оның бойындағы ісмерлік қасиеті отбасының табысты болуына себепкер болады. Кәсіпті өткен ғасырдың 90-шы жылдары адал еңбекпен бастаған олар кейіннен ауылдан «Гүлшат» жеке кәсіпкерлігімен азық-түлік дүкенін ашады. Қазіргі таңда Базар аға жеке кәсіпкерлікпен айналысса, отанасы аудан орталығындағы «УЮТ» дүкеніндегі тігін цехында қосымша жұмыс істейді. Бос уақытында сүйікті ісі тігіншілікпен айналысып, құрақ құрап, тоқыма тоқиды. Ауыл тұрғындарынан тапсырыс қабылдап, түрлі той-жиындарға арналған киімдер тігіп, сүйікті ісін кәсіп көзіне айналдырып отыр.
Жақсы отбасы – бақыттың отаны. Ерлі-зайыптылардың жарастығы бақыт ағашы болса, балалары оның жемісі. Осы ретте, өмірлік ұстанымдары адал еңбекпен ұштасатын Әубәкіровтер отбасында үш ұл және бір қыз дүниеге келген. Олар балаларын өзара ауызбіршілікке, бауырмалдыққа және ұйымшылдыққа, сыйластыққа баулып отырғаны байқалады. Ал, отбасындағы береке-бірлік мен ынтымақтың, жылулықтың орнағаны ене мен келіннің арасындағы татулықтан аңғарылады.
Үйдің тұңғышы Ринат өмірін өнер-білім саласымен байланыстырған азамат. Ол ауылдағы №4 балалар өнер мектебінде вокал үйірмесінің мұғалімі болса, жары Жанерке домбыра үйірмесінде балаларға ұлттық аспаптың қыр-сырын үйретуде. Өзара үйлесімділік пен жарасымдылық тапқан олар бүгінгі күнде өмірде де, еңбек те бірге болып, ауыл балаларын өнерге баулып, шәкірттер тәрбиелеуде. Жанерке Түркістан облысынан Жуалы ауданының Шақпақата ауылына «Дипломмен-ауылға!» мемлекеттік бағдарламасымен келген жас маман. Алғашқы еңбек жолын қасиетті Жуалы жерінде бастаған ол өмірлік серігін де осы жақтан жолықтырғанына қуанышты.
Ал, үйдің екінші ұлы Нұрхат Тараз қаласында шекара қызметіндегі әскери қызметші болса, жұбайы Іңкәр облыстық «Aulieata» медиа-холдингінің контент редакторы болып жұмыс істеуде. Мамандығын денсаулық сақтау саласымен байланыстырған қыздары Дариға Тараз қаласындағы «Болашақ» колледжінде фельдшер мамандығында оқыса, кенже ұлдары Асылжан ауыл мектебінің 11 сынып оқушысы. Оның арманы – әскери қызметші болу.
Үлгілі отбасы ауылдағы түрлі қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады. Отбасында ұлы мен келініне үнемі қолдау көрсететін олар отбасылық байқауларға ұйымшылдықпен қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Мәселен, «Ақылшы ене, инабатты келін» облыстық байқауында отанасы Гүлшат Сейдалиева мен келіндері Жанерке Байсақова І орынды жеңіп алған. Одан бөлек, «Отбасы – ұлт тірегі!» атты облыстық жас отбасылар байқауында Әубәкіровтер отбасы ІІ орыннан көрінген. Келіндері Жанерке «Үздік тігінші-2023» аудандық байқауында ІІ орыннан, «Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» аудандық келіндер байқауында І орыннан көрініп, «Ақ босаға» аталатын аудандық сайыста «Өнерлі келін» номинациясына ие болғанын да айта кетейік.
-Отбасы бақытының маңыздысы – ерлі-зайыптылардың өзара түсіністігі. Барға қанағат, жоққа салауат ету керек. Бақыт – өз қолыңда. Өзіңді сыйласаң, жарыңды да сыйлай білуің керек. Бірін-бірі сыйлап, түсінісе білу – отбасының бақыты. Сүйіспеншілік пен сыйластық бар жерде, бақыт та болады. Біздің осы күнге жетуіміздің бір себебі, адал еңбек болса, бірі, ол біздің бір-бірімізге деген сыйластығымыз,- дейді ерлі-зайыпты Базар Тұрғынұлы мен Гүлшат Сейдалиева.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»