Basty bet

«Мен өмірге ғашықпын, құшам оны…»

ақиық ақынның 95 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылды

Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан
Сені іздедім жоғалған замандардан.

Сені іздедім досымнан, қасымнан да,
Ақша бұлттан іздедім, жасыннан да,
Сен бе дедім ақ нөсер ашылғанда,
Қызыл жасыл шұғыла шашылғанда ,
Көкжиек пен көкжиек қосылғанда.

Махаббаттан іздедім, сағыныштан,
Арманымнан іздедім алып ұшқан!
Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,
Сені іздедім жадырау, жабығыстан

Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,
Күннен , түннен, гүлдердің бүршігінен.
Қуаныштан, түршігу, күрсінуден
Жүректердің іздедім дүрсілінен

Сені іздедім сезімге у шараптан да,
Минуттерден іздедім, сағаттан да,
Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!
Халыққа қара өлеңнің қасиетін танытып, күпі киген қазақтың қара өлеңін «шапан жауып» өзіне қайтарған аса дарынды ақын, сирек таланттың иесі, асқақ өлең, жасын жырлары арқылы халықтың жүрегінен өшпестей орын алған ақиын ақын, ұлт поэзиясының Хан Тәңірі – Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл 95 жыл толып отыр. «Өлсе өлер, Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім» деп жырлап, өлең мен өнердің, ұлт мәдениеті мен халық руханиятының мәңгілік екенін кейінгіге аманаттап кеткен асқақ рухты ақынның өзі қазір ортамызда болмаса да, оның жас ұрпаққа қалдырған телегей-теңіз мұрасы мәңгілік. Осыған дейін ақынның өлеңдері топтастырылып баспадан жарық көрген кітаптарының барлығы – ұлт әдебиетінің құнды байлығы. Қазақ әдебиетіне мол олжа салып, ұлт руханиятын өлеңдерімен байытқан ақынның мұрасын көпшілікке кеңінен дәріптеп, оның асқақ рухына тағзым ету – тұлға алдындағы азаматтық парызымыз!
Ақиын ақын, ұлт поэзиясының Хан Тәңірі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері («Аманат» өлеңдер жинағы үшін берілген) – 9 ақпан – Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Мен өмірге ғашықпын, құшам оны…» тақырыбында әдеби-музыкалық кеш өтті. Кешті ұйымдастырудағы басты мақсат – ақын шығармашылығын кеңінен дәріптеп, жас ұрпақты поэзияның тұнық бастауынан сусындатып, Мұқағали өлеңдерінен тәлім-тәрбие алып, Отанды сүюге, туған жерді қадірлеуге және туған елге адал қызмет етуге шақыру. Сол себептен де, бұл кешке өңір тұрғындарымен қатар, аудан орталығындағы мектептердің мұғалімдері мен оқушылары шақырылды.
Иә, Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы халықтың ақыл-ойы, салт-санасымен, мұң-мұқтажы, қуаныш-қайғысымен терең үндесіп жатқанын жақсы білеміз. Кешке дайындық барысында аудандық «Достық» мәдениет үйінің үлкен сахнасы тақырыпқа сай безендіріліп, экраннан ақынның фотосуреттері көрсетіліп, көрерменге композициялық қойылымдар ұсынылды. Ең бастысы – ақынның шығармашылығынан халықтың құлағына сіңісті болған танымал өлеңдері оқылып, ақын жырларына жазылған әсем әндер шырқалды.
Қазақ композиторларының көбісі Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне көптеген сазды ән жазғанын жақсы білеміз.
Ақынның жырлары халықтың құлағына әсем ән боп жетіп, жас ұрпақтың жүрегін тербеп, әлі күнге дейін көңілге медет, жылағанға жұбаныш, жүдегенге таяныш болып келе жатқаны белгілі. Сондай танымал сазды әндердің бірі – «Сәби болғым келеді» әні. Бұл өлеңнің мәтіні Мұқағали Мақатаевтікі болса, әнін жазған сазгер – Тұрсынғазы Рахимов. Т.Рахимов ақиық ақынның тек бұл өлеңіне ғана емес, басқа да өлең текстеріне әндер шығарған. Айта кетсек, 1994 жылы Тұрсынғазы Рахимовтың «Сәби болғым келеді» деген атпен әндер жинағы жарыққа шықты.
Өткен ғасырдың 1979 жылы көпшілікке жол тартып, әсем сазымен қазақ даласын тербеген бұл ән қазақ эстрадасы әншілерінің репертуарынан ойып орын алған десек, артық айтқандық емес. Бұл әнді қазақ әншілерінің бірнеше буыны орындап, үлкен сахналарда әлі де шырқалып келеді. М.Мақатаевтың 95 жылдығына орай ұйымдастырылған «Мен өмірге ғашықпын, құшам оны…» тақырыбындағы әдеби-музыкалық кештің ашылуында да «Сәби болғым келеді» әнінің бірінші болып орындалуы бұл әннің халық жүрегінен орын алғанын көрсетсе керек. Осынау сазды әнді жезтаңдай әнші Салтанат Мейіржанқызы тебірене орындап, қайта жаңғыртқандай әсер қалдырғанын да айтқымыз келеді. Кештің алғашқы бөлімінде «Ұлым болсаң ұлы бір…», «Бесік басында» өлеңдері оқылып, оған композициялық қойылым көрсетілді.
Одан бөлек, аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің құрамында өнер көрсетіп жүрген өңірге танымал талантты әншілердің орындауында ақиық ақынның өлеңдеріне жазылған «Жарығым-ай», «Ғашықпын», «Сарыала қаз», «Көтерілмей жүргенде еңсем менің», «Есіңе мені алғайсың», «Бақыт деген…», «Аңғал досым-ай», «Достық», «Несіне асығады?», «Таныс өлке», «Сенің көзің…», «Бақытыңды жырлайды» және «Күрең күз» әндері әуелеп, көпшілікті бір серпілтіп тастағаны анық.
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған сазды кеште «Поэзия менімен егіз бе едің?», «Қарлығашым келдің бе?», «Қайырлы таң!», «Жүрегім, жүйкем бар», «Батар күн», «Қазақстан», «Көк белдерге шық тұнғанда…», «Кел болашақ!» және «Арыз жазып кетейін» өлеңдерін «Жуалы» халық театрының және «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің қызметкерлері нақышына келтіріп оқыды.
Иә, халық жүрегінен орын алып, қалың оқырманның сүйікті ақынына айналған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың мұрасын қалай дәріптесек те жарасады. Кешті көрермен ретінде тамашалаған жас буын оқушылардың ақын шығармашылығына деген ерекше ынта-ықыласынан осыны анық аңғардық… Өзі күні бұрын көрегендікпен жазып қалдырғандай, Мұқағали Мақатаев – «ХХІ ғасырдың құрдасы».

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close