Basty bet

Халықтар достығы елді жарқын болашаққа бастайды

Құрметті жұлдызы биік жуалылықтар!
Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күні біз баға жетпес байлығымызды, туған елдің игілігі жолындағы ырысты ынтымағымызды дәріптейміз. Бұл мереке ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасындағы барлық ұлт өкілдерінің ынтымақтастығы мен достығының, бейбіт өмірдің рәмізі. Ал бейбітшілік пен тұрақтылық және ұлтаралық келісім мемлекетіміздің ең басты негізі, рухани байлығы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында елдің бірлігі – іргелі құндылық екенін баса айтқаны белгілі: «Тағы бір іргелі құндылық – бірлік және ынтымақ. Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тауқыметтің бәрін мызғымас бірліктің арқасында жеңіп келеді. Орасан зор сын-қатерлер пайда болған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті. Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс. Біздің күшіміз – ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген» деп атап өтті.
Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастықта. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың, бір тудың астынан табылып, ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасын бүгінгідей еңселі елге, іргелі мемлекетке айналдыруға үлес қосуда. Төл тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітуге ел болып атсалысуымыз қажет.
Түсіністік пен тұрақтылық – әрбір азамат атсалысып, әркімнің үлес қосуын талап ететін қастерлі құндылық. Осынау ақиқатты қалтқысыз ұғыну Отанымыз – Қазақстан Республикасында ұдайы бейбітшілік пен берекенің салтанат құруына септігін тигізеді.
Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихымен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді. Еліміздің басты қорғаушы күші – қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті.
Құрметті жерлестер!
Сіздерге шынайы көңілмен бақыт-береке, ашық аспан, елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге мол табыс, әрбір отбасына аманшылық пен шаттық тілеймін! Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік орнап, қашанда ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!

Ізгі тілекпен,
Жалғас Мұртаза,
аудан әкімі

Таңдаулы материалдар

Close