Basty bet
Ғалым да, шахтер да бас иетін…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қатысты өз Жолдауында баса айтқан бір мәселе – ұстаздардың біліктілігі.
“Әділетті Қазақстанды құру ісіне білімді де білікті мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет” – деген болатын Мемлекет басшысы.
Жалпы ұстаздар қауымы жайында халқымыздың хас батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ әкелген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген ұлағатты сөзі бар.
Әр жыл сайын қоңыр күздегі қазан айының алғашқы аптасында аталып өтілетін Мұғалім күні мерекесі биыл алғаш рет 5 қазанға бекітілді. Бұл күн Дүниежүзілік Мұғалімдер күнімен сәйкестендірілген. Жас ұрпақтың санасына нұр құйып, өмірде өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың бар болғаны қандай жақсы. Қоғамды алға сүйрейтін де, елді жарқын болашаққа жетелейтін де негізінен осы ұстаздар емес пе?! Еңбектері сырттай қарапайым болып көрінгенімен, тарихтағы ең маңызды істердің бірін атқарып жүрген ұстаздардың жұмыстарын басқа жұмыстармен салыстыруға мүлде келмейді. Ұстаз білім беріп қана қоймайды, жас ұрпақты алдағы үлкен өмірге дайындап, саналы адам етеді. Елжанды, көзі ашық азамат болып қалыптасуы үшін тер төгіп, бүкіл саналы ғұмырын арнайды. Әр елдің келешегі ұстаз еңбегіне байланысты. Сондықтан да мұғалім еңбегін әрдайым сыйлап, қолдан келгенше қолдап жүру, ұстаздарды құрметтеу – өсер елдің еншісіндегі міндет.
«Жақсы адам – Алланың нұры» демекші, жақсы атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстаздар ауданымызда баршылық.
Аудан орталығындағы іргелі білім шаңырақтарының алдыңғы қатарындағы Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияда осындай құрметті мамандықтың иесі болып, ұлағатты ұстазға тән үлгі көрсеткен, талай шәкірттердің жүрегінен орын алып, тәлімді тәрбие берген 40 жылдан аса еңбек өтілі бар ардақты ұстаздарды ерекше атап өтсек, артық болмас. Ұлағатты ұстаздар – Бақыт Сағындықова, Гүлнар Баймамырова, Людмила Беспалова. Бүгінде кәсіби шеберлігі жоғары ардагерлердің эстафетасын лайықты түрде жалғастыратын ізбасарлардың қатары да жетерлік.
Атап өтетін болсақ, 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар ұстаздарды да мақаламда көрсетіп кетуді де жөн көріп отырмын. Озық тәжірбиелі ұстаздар – Татьяна Радченко, Гамар Багирова, Татьяна Андриенко, Гүлнар Сансызбаева, Гүлбану Сарсенбиева, Мейрамкүл Өтегенова, Усибалиева Айткүл, Баян Нұрманова, Гүлнар Сұлташова, Жанар Көбенова, Айман Омарова, Наталья Мельхер, Любовь Шерункова, Ляззат Байсеркеева, Зура Танабекова, Кәмшат Адиева, Лейла Бегайдарова, Мереке Шалхожаева, Гүлнұр Таласбекова, Тұрсынкүл Түгелбаева, Айжан Иргебаева және Светлана Антипова сынды ұстаздарды мақтанышпен атап өтуге болады. Білім саласын өркендету жолындағы қосқан үлестері мен шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбектері бөлек.
Жолы мен жөні бөлек ұлағатты ұстаздардың мерекесі – жалпы елдік мереке. Жаңашылдық пен оқу-тәрбие ісін үлкен шеберлікпен жүйелі түрде жүргізе білетін, ортақ мақсатқа жұмылып, білімі мен тәжірибесін үйретуден жалықпайтын осынау ұлағат иелеріне деген құрмет күн санап арта берсін дейміз. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан еңбектері жемісті де жеңісті болсын!
Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»