Basty bet

Адам басына – 131 теңге: аз ба, көп қаражат па?!

«Kaspi.kz» қосымшасына қалдықтарды тасымалдау бойынша төлемақы түбіртегі келу үстінде. Бұл мәселеге тұрғындар мен мердігердің айтар уәжі қандай?!

Халқымызда: «Өзің отырған бұтақты өзің кеспе» деген сөз бар. Қоршаған ортаны қорғау, экологияны таза қалпында сақтау және табиғатқа жанашырлық таныту сияқты маңызды мәселелер дәл қазір осы халық нақылының мағынасына келіп сайып отыр. Қазір ел өңірлеріндегі қай аудан орталығы мен ауыл-ауылдардың алып қарасаңыз да, тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқысты тазалау мен тасымалдау мәселесі туындамайтын елдімекен жоқтың қасы. Жасыратыны жоқ, кейбір ауылдарда көшелер мен сайдың бойы толған күл-қоқыс, қалдықтар, сойылған малдың ішек-қарны мен тері-терсегі, қала берсе жүні, т.б. бей-берекет шашылып жатыр. Бұл жағдай өз кезегінде қоршаған ортаны ластап, экологияға да орасан зиянын тигізіп отырғаны жасырын емес. Мұны біз барлығынан жақсы білсек керек… Әйтсе де әрекет жоқтың қасы. Не істемек керек?!

Иә, ендігі кезекте нақты мәселеге көшсек, қазір аудан көлемінде тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау бойынша мәселе көтеріліп, осыған сай ауданға қарасты ауылдық округтердің барлығында тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілу үстінде. Әсіресе, аудан орталығының тұрғындарына «Каspi.kz» мобильдік қосымшасындағы «ИЦ-Тараз» арқылы «Жуалы Тазалығы» жеке кәсіпкерлігінен қалдықтарды шығаруға байланысты төлемақы түбіртегі келіп жатыр. Бұл мәселені толыққанды түсінбей, аталған мердігер мекемемен келісім-шарт жасаспаған кейбір тұрғындар төлемақыны төлемейміз деген уәжді алға тартып, Б.Момышұлы ауылының әкімшілігіне сұрақпен келуде…
Өткен жұма күні таңертеңгі сағат 10:00-дер шамасында ауыл әкімшілігінің бас маманы Дәурен Қойшуақовтың кабинетіне жоғарыда аталған мәселемен бас сұқтық. Кабинетке кіріп аман-саулықтан соң мән-жайды түсіндіре бергеніміз сол еді, кабинетке жасы шамамен 50-ден асқан әйел кіріп келіп: «Мен осы ауылда тұрамын. «Каspi.kz» мобильдік қосымшасына 2 250 теңге көлемінде тұрмыстық қалдықты тасымалдау ақысына төлейсің деген хабарлама келіпті. Мен бұдан бұрын да үйден қалдық шығару туралы мердігермен келісім-шарт жасасқан емеспін. Неге шығармаған қоқыс үшін қаражат төлеуім керек. Мұнша ақшаны төлемеймін» деді дауыстап. Бұл кісіден кейін қалдық тасымалдауға байланысты басқа да ауыл тұрғындары келіп, әкімшіліктің бас маманы мен мердігер мекеменің өкіліне шағымдарын жеткізіп жатқанына куә болдық. Сонда байқағанымыз, қалдық шығаруға байланысты мердігермен ешбір тұрғынның келісім-шарт жасасуға құлқы жоқ. Тұрғындардың уәжі бір жағынан орынды ма дерсің?! Көрсетілмеген қызмет түрі үшін олар неге қаражат төлеуі керек?!
Ендігі кезекте дәл осы сұрақты «Жуалы Тазалығы» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Насиба Байгелбаеваға қойғанбыз. «Тұрғындардың есінде болса, біз 2025 жылдың сәуір айында аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің №24 санына тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға байланысты жария келісім-шарттың мәтінін жариялағанбыз. Онда көрсетілетін қызметтің түрлері, тараптардың құқығы мен жауапкершілігі туралы нақты жазылған. Қатты қалдықтарды тасымалдау бойынша әрбір тұрғынға төленетін қызмет ақысы (тариф) аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген. Осыған сәйкес, ауыл тұрғындары төлемақы жасауға міндетті. Тасымалдау тарифы әр адамның басына – 131,73 теңге болып бекітіліп отыр. Ал көпқабатты тұрғын үйлер үшін қызмет құны бір адамға – 109 теңге. Уақтылы төленбеген жағдайда, төлемақы туралы түбіртек ай сайын қайталап келе береді. Кейіннен сотқа өтеді» дейді жеке кәсіпкер Н.Байгелбаева.
Жеке кәсіпкердің айтуынша, бұл мердігердің қарамағында екі дана жүк тасымалдауға арналған ГАЗ-53 көлігі, онымен қоса, 8 жұмысшы бар көрінеді. Көшелерден қалдықтарды тасымалдау кестесі бекітіліп, газет бетінде жарияланған. Қазір «Жуалы Тазалығы» жеке кәсіпкерлігі Б.Момышұлы ауылындағы 87 көшемен жұмыс атқару үстінде. Күніне шамамен 4-5 жүк көлігіне тиелген тұрмыстық қатты қалдық орталық полигонға тасымалдану үстінде.
– Менің жалдайтын жүк көлігім, жұмысшыларым бар. Оларға айлық жалақы төлеуім керек. Полигонға да ақы төлейміз. Қазір бұл қаражат тұрғындар төлемақысынан жұмсалу үстінде,- дейді ол. «Шығынға батып отырмыз. Төлемақы уақтылы төленбейді. Көрсеткен қызметіміз ақталмайды» деген жеке кәсіпкердің сөзіне қарап, онда «рақметі» жоқ бұл жұмысты неге атқарып жатыр деген ой келеді екен…
«Жуалы Тазалығы» жеке кәсіпкерлігінің айтуынша, адам басына 131 теңге көп қаражат емес. Десе де, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарының басқа жолын қарастырған дұрыс сияқты. 131 теңге әрине көп қаражат емес. Дегенмен үйде тіркелген тұрғындар саны көбірек болса, әр ай сайын бұл қаражат мөлшерінің әжептеуір ұлғаятынына дау жоқ. Б.Момышұлы ауылында барлығы – 3 000 аула бар.
Айта кетсек, аудан орталығында тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауға байланысты тұрғындармен түсіндірме және келісім-шарт жасасу жұмыстары 2018-2019 жылдары басталғаны белгілі. Содан бергі уақыттың аралығында ауылдағы аулалардың басым бөлігі тұрмыстық қалдықтарды тасымалдауға келісім бермегенге ұқсайды. Ал биыл жыл басында жарияланған келісім-шартты көп адам түсіне де бермейді. Тіпті, кейбірі бұл мәселеге байланысты соттасуға дайын екенін айтуда.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау мен өңдеу қазір әлем елдеріне ортақ мәселе десек, артық айтқан емес. Қалдықтарды аулалардан тасымалдау өз алдына. Ал оны сұрыптап, кәдеге жарату қазір біздің ауданда да үлкен мәселе. Аталған мәселе өткен жолы аудандық әкімдіктің кезекті аппарат кеңесінде орталық полигонға сұрыптауға арналған лента қондырғысын орнату мәселесі қаралғанын жақсы білеміз. Бұл алдағы уақыттың еншісіндегі жұмыс. Десе де, тазалық – баршаға ортақ мәселе екенін ұмытпайық. Ұрпақ болашағын ойласақ, ұлағатты іске бүгіннен бастап кіріскен жөн…

Таңдаулы материалдар

Close