Basty bet
Береке басы – бірлікте!
Баяғыда бір дана кісі балаларына «бір-біріңмен ауызбіршілікте, ынтымақта өмір сүріңдер» деп өсиет айтқан екен. Сонда баласы «оның не керегі бар» десе керек. Әлгі кісі баласына бір шыбық алып келуін бұйырыпты. Шыбықты алып келген соң, оны сындыр десе, баласы оп-оңай сындыра салыпты. «Енді бір бума шыбық алып кел» депті. Бір бума шыбықты алып келген соң, енді оны да сындыр десе, ары әуреленіп, бері әуреленіп сындыра алмаған екен. Сонда әке балаға қарап «көрдің бе жалғыз болсаң сені де оңай жеңуге болады, ал көпке кім көрінгеннің тісі бата бермейді» деген екен.
Мұнымен көпшілікке ауызбіршілік пен ынтымақ кез келген қоғамның дамуы үшін керек алғышарт екенін айтқымыз келді. Бірлігі жоқ елде тірліктің де болмайтыны ежелден белгілі. Адамзат тарихындағы небір алпауыт елдердің құрдымға кетуіне себеп болған ішкі тыныштықтың бұзылуы, тәртіптің кетіп, ел ішінде алауыздықтың туындауы, әділетсіздіктің белең алуы екенін бәріміз де жақсы білеміз. Дана бабаларымыз да: «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», – деп бірлікті сақтауды өсиет еткен. Өз тарихымыздағы қиын кезеңдердің де туындауына ел арасында ауызбіршілік кетіп, бүліктің кіруі себеп болғанын қалай ұмытайық.
Ал, енді бүкіл жаратылысты жоқтан бар еткен Алла Тағала екенін барлық мұсылмандар мойындайды. Өзінің жаратқандары үшін ненің қайырлы екенін одан артық кім білуі мүмкін? Жаратушымыздың өзінің құлдарына бұйырған соңғы дінінің өзі «ислам» деп аталуында үлкен мән бар. «Ислам» – «Бейбітшілік, амандық, есендік» деген мағыналарды білдіреді. Өйткені, ел ішінде бейбітшілік, тыныштық, әділдік болғанда қоғам дамиды. Ғылым саласы да, руханият саласы да, әлеуметтік сала да жан-жақты дамиды.
Тыныштықтан айырылған қоғамда ешқандай даму болмайды, керісінше ондай қоғам кері кетеді. Сол үшін Алла Тағала Құранда: «Бүлік шығару адам өлтіруден де ауыр күнә» деп ескерткен. Біріншіден, бүлік қоғамдағы тыныштықты бұзады. Екіншіден, бүлік көптеген адамдардың өліміне себеп болады. Үшіншіден, экономикаға орасан зиян келтіреді. Ең негізгісі, Алла Тағала тыйым салған амалдың жасалғаны себепті бұл қоғамға Алланың қаһары түсуіне себеп болады.
Сол себептен бұрынғы өткен ғалымдарымыз: «Елдің амандығы мен қауіпсіздігі бәрінен бұрын тұрады» деп айтқан екен. Дәл осы сөзге мағыналас сөзді біздің аталарымыз да айтады. Яғни, «Ораза, намаз тоқтықта, ел басына күн туса, сәлдең қалар боқтықта». Осы жердегі «тоқтықта» дегенді қазіргі кезде қарын тоқтығы деп түсінетіндер бар екенін білеміз. Өйткені «ораза, намаз тоқтықта» деп алғашқы бөлігін айтамыз да кейінгі бөлігін қалдырып қоямыз. Ал егер жоғарыда айтылғандай толық айтатын болсақ, онда бұл жерде қарын тоқтығы емес, бәлкім көңіл тоқтығы жайлы айтылғанын байқаймыз. Өйткені, «ел басына күн туса» деп келіп жатыр кейінгі жағы.
Шынында ел басына күн туса, көңіл де алаң болады. Жүректе тыныштық болмайды. Осы себептен адамның ораза, намаз тағы сол сияқты құлшылықтарын жасауына да қиындықтар кездеседі. Бейбіт, тыныш өмірде құлшылық жасау қалай? Аласапыран, аумалы-төкпелі заманда, ат ауыздықпен су ішіп, жігіт сауытымен көз іліндірген уақыттарда құлшылық ету қалай болады? Мінекей, осы себептен де дінімізде қоғамның тыныштығын сақтау бәрінен жоғары тұрады.
Құранда Пайғамбарлар атасы атанып кеткен Ыбырайым пайғамбардан (ғ.с.) қалған дұғалар бар. Сонда ол кісі былай дейді: «Раббым! Бұл мекенді бейбіт ет, әрі оның тұрғындарын жемістермен ризықтандыр» (Бақара с. 126-а). «Раббым! Бұл мекенді қауіпсіз ет! Мені де, ұрпағымды да пұттарға табынудан аулақ қыл» (Ибраһим с. 35-а). Осы екі аятқа зер салып қарайтын болсақ, ол кісі шариғатымызда ең үлкен күнә, ең қауіпті күнә болып табылатын пұтқа табынудан бұрын және де тіршілік иесі үшін ең маңызды болып табылатын, өмірдің өзегі болып табылатын ризықтан бұрын мекеннің қауіпсіз, бейбіт болуын сұрап отыр. Себебі, бейбітшілік, тыныштық, ауызбіршілік болған жерде ғана, Алланың берекесі болады. Білім ізденуге де, ғылымды дамытуға да, құлшылықты толық етіп атқаруға да, жұмыс істеп ризық табуға да бәріне мүмкіндік болады. Олай болса, сөзіміздің басында келтірген мысалдағыдай әрқайсысымыз өз алдымызға кетер болсақ, жалғыз шыбық сияқты әлсіз болатынымыз анық. Ал егер де Алла Тағала Құранда «мұсылмандар, сендер бір-біріңе бауырсыңдар» деп айтқанындай, бір жұдырық болып жұмылып ауызбіршілігімізді сақтай білсек, бір бума шыбықтай күшіміз артып, Алланың берекесіне кенелеріміз хақ.
Тобықты елімен көршілес Төлеңгіт руынан шыққан Меңаяқ би қайтыс болғанда, Абай атамыз аза тұтып, дұға оқиды. Соңынан жиналған жұртқа: «Меңаяқ өз басын өзі алып жүре алатын адам еді» дейді. Сонда ел ішінен бір үлкен кісі: «Абай-ау, ол не дегенің? Меңаяқ өз басын алып жүрмек түгілі, рулы елді биледі емес пе?» деген екен. Сонда Абай: «Елді билеуден адамның өзін-өзі билеуі қиын. Жағдайы келгенде бақ қонып, таққа отыру бола береді. Бірақ соның буымен өзін-өзі ұстай алмай, абыройын төгіп алатындар көп. Меңаяқ содан аулақ жан еді. Оның зор адамдығының өзі сонда еді» деп жауап берген екен.
Сөз соңында айтпағымыз, әркімге Алланың жазып қойған тағдыры бар. Мұсылман адам сол тағдырына разы болуы керек. Оны шүкір деп атаймыз. Ал, көп шүкір ризықты арттырады. Әрбір адам Алла нәсіп еткен орнында өз жұмысын адал жасап, адалынан нәпақа табу керек. Мейлі ол қарапайым жұмысшы болсын, мейлі патша болсын! Алланың алдында ешкім мансабымен, болмаса байлығымен артық бола алмайды! Алланың алдында адам адамнан Алла разылығы үшін жасаған жақсы амалдарымен және тақуалығымен ғана артық бола алады.
Ғалымжан Қонақбаев,
аудандық «Толымбай тегі Зиябек» мешітінің бас имамы