Basty bet
Референдумда салмақты шешім қабылдауымыз керек!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты 6 қазан күні жалпыұлттық референдум өтетінін айтты.
«Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізде сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға аса мән беруіміз керек деп ойлаймын.
Себебі, экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады.
Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.
Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін» – деді Президент.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, бүгінде әлемнің 31 елінде 415 ядролық энергоблок жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 15 мемлекетте, оның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания мен Түркияда жаңадан 61 атом электр стансасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Өйткені жаһандық күн тәртібінде көміртегі бейтараптығы мәселесі тұр. Осы тұрғыдан алғанда аталған мәселенің маңызы арта береді.
Тамыз айының соңында Астана қаласында өткен Үкімет отырысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов: «Бұл ретте жаңартылған қуат көздері тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды. Елімізде су электр стансаларының әлеуеті шектеулі. Өйткені энергия өндіру үшін талапқа сай келетін өзендер жоқтың қасы.
Экономиканың дамуы мен халық санының өсуін ескерсек, келешекте ол да электр энергиясының тапшылығын жабуға жеткіліксіз. Сондықтан атом энергетикасын дамыту – біз үшін болашағы зор бағыт.
Заманауи атом электр стансалары көпдеңгейлі қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Қазақстанда Атом электр стансасын салу туралы шешім қабылданған жағдайда оны жобалау, салу және пайдалану кезінде МАГАТЭ-ның халықаралық қауіпсіздік стандарттары қатаң басшылыққа алынады.
Біздің еліміз сияқты ең көп энергия пайдаланатын экономиканы дамытуға дәл осы атом энергетикасы негіз болып, халықтың тұрмыс деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, атом энергетикасы экономиканың көптеген саласында инновацияларды қолдануға ынталандырады әрі отандық өнеркәсіптің дамуына да үлкен серпін береді. Сондықтан өзімізде баламасы жоқ тұрақты және сенімді энергия көзінен тыс қала алмаймыз» деді.
Қазір елімізде АЭС салуға байланысты ел көкейіндегі сауалдарға мейлінше жауап беру үшін ел ішінде түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Еліміз үшін маңызды мәселеде салаға қатысты мамандардың пікіріне құлақ асқан жөн.
«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «АЭС: Кәсіби көзқарас пен білікті маманға зәрулік» атты мақалада сарапшылар АЭС тиімділігі, ерекшелігі туралы жан-жақты пікірлерін жеткізген.
«Парниктік газ шығарындылары болмайды. АЭС жаһандық жылынумен климаттық өзгеруінің негізгі себептері саналатын көмірқышқыл газын, метанды және басқа парниктік газдарды шығармайды. Атом энергетикасы – сол шығарындыларды азайту және декарбонизациялауға қолжеткізетін маңызды құрал. Екіншіден, көмір электро станцияларынан айырмашылығы – АЭС күкірт пен азот оксидтерін, қатты қалдық бөлшектерді, адам денсаулығы мен қоршаған ортаға теріс әсер ететін басқа ластаушы заттарды таратпайды»,- дейді сарапшылар.
Мемлекет басшысы: «Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деді. Сондықтан алдағы референдумда халық жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауымыз керек!
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»