Basty bet

«Тірі жүргеніміз ата-аналарымыздың арқасы, Жас ұрпақ аман болсын, жаманшылық көрмесін!»

тыл еңбеккері, Батыр ана Балакүл Тастанованың тілегі осындай

Даңқты қолбасшы, қазақ халқының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда, Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылмаған біздің елде бір де бір семья жоқ. Батыр Баукең: «Соғыс қайғысы, соғыс мұңы әрқайсымыздың басымыздан өтті. Солдаттың сағынышы, ата-ананың қайғысы, жардың мұңы, жетім-жесірдің көз жасы әрқайсымыздың көз алдымызда» деп толғанады.
Ел басына күн туғанда ер етігімен су кешеді емес пе?! Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылып, соғыс қайғысымен қоса тылдағы ауыр еңбектің қиындығын бір кісідей көтергендердің қатарында бүгінде 86 жасқа келген тыл еңбеккері Балакүл Бегалықызының да отбасы да болды.

Балакүл әже бұрынғы Бірлік ауылында туып-өскен. Әкесі марқұм Бегалы Кеңестік кезеңде ауданда колхозды ұйымдастырушылардың бірі болған. Қызының айтуынша, соғыс басталған тұста әкесі бұрынғы Түркісіб колхозында бастық қызметінде екен. Майданға сол жерден аттанған.
-Әлі есімде, әкем аудандағы белсенді, сауатты кісілердің бірі еді. Соғыс басталып, майданға аттанғанда Түркісіб колхозында бастық еді. Ер азаматтармен бірге қан майданға аттанып кете барды. Әкемнің қай майданда соғысқаны нақты есімде жоқ. Әйтеуір бір хатында: «Москваның жанында соғысып жатырмыз. Бір қарағайдың жанында тұрмыз. Жанымыз аман қала ма, қалмай ма, білмейміз?» деген мағынада сөздерді жазыпты. Содан Москва түбіндегі ауыр шайқас кезінде қайтыс болғаны туралы ауылға «қара қағаз» келгені еміс-еміс есімде қалыпты.
Әкей соғыста жүріп Отанның күзетінде қайтыс болғаннан кейін шешем небәрі 22 жасында екі қызбен жесір қалды. Шешемнің есімі Кәдіркүл еді. Отбасында менімен бірге туған тетелес Анаркүл деген әпкем болды. Ол кісі Шақпақата ауылына тұрмысқа шыққан. Қазір өмірде өзі жоқ болса да, ұрпақтары бар.
Шешем ерте жесір қалғаннан кейін қайтадан тұрмысқа шыққан жоқ. Әкемнің інісі (шешемнің туған қайнысы болады) шешеме көп қарайласып, бізге өне бойы қамқор болды. Содан шешем колхоздың жұмысына шығады. Есімде қалғаны, онда колхоз аздап егін егетін. Шешем сонда трактор айдап, жер жыртып, егін егуге көмектесетін. Ол тұста «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» ұранымен аянбай еңбек етті. Біз онда жас баламыз. Әпкеміз екеуміз егін басындағы кісілерге су апарып беруші едік. Колхоздың жұмыстарына да көмектесетінбіз. Есімде қалғаны осы. Содан 17 жасымда Қайрат ауылының азаматына тұрмысқа шықтым,- дейді Балакүл әжей өткен күндерді еске алып.
Асқар тауы әкеден тым ерте айырылып, тағдырдың тауқыметін, өмірдің ащы-тұщысын көріп өскен бойжеткеннің бағына жігіттің сұлтаны дерлік Баймахандай жақсы жар жолықты. Қайрат ауылындағы қарапайым, еңбеккерлердің әулетінен шыққан Баймахан Тастанов екеуі шаңырақ көтергеннен бастап еңбектің майданына араласып кете барды. Отағасы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын игерген сол тұстағы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бірі болатын. Ол ауданның бірнеше мектебінде ұстаздық қызмет атқарып, қасиетті Жуалы өңірінің білім және оқу-ағарту саласына мол үлесін қосқан құрметті ардагер болды. Атап айтқанда, Жаңаталап, Бәйтерек (бұрынғы №10 әскери совхоз) Талапты, Шақпақата ауылдарында және Қайрат ауылындағы Мыңбұлақ (бұрынғы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы) орта мектепте ұстаздық етіп, шәкірттердің бірнеше буынын тәрбиелеп, жас балапандардың қанатын қатайтуға үлкен еңбек сіңіргені асыл азаматтың беделін биіктете түскендей.
Ал отанасы Балакүл апай үй шаруасы, балалардың тәлім-тәрбиесімен айналысумен қатар, колхоздың сан түрлі жұмыстарын қиналмай атқарумен болды. Ленин колхозы ол уақта мыңғыртып мал өсірумен қатар, жүздеген гектар алқапқа картоп, жүгері және қызылша егетін. Оны суғарып күтім жасау, көбінесе әйелдерге жүктелетіні белгілі. Міне, Балакүл апай колхоздың осындай ауыр жұмыстарын да қиналмай атқарып, үнемі алдыңғы қатардан көрінді.
-Сендер жақсы білулерің керек. Біздің Ленин колхозында Жандаркүл деген апаларың ұзақ жыл сушы болып жұмыс істеген. Біздің тұсымызда ол кісі картоп алқабында звеновой еді. Мен сол кісімен бірге көп жыл жұмыс істеп, көп нәрсе үйрендім. Жұмыстан қашып, жанымызды аяп қалған кезіміз болған жоқ. Жанымызды салып жұмыс істедік. Сөйтіп жүріп балаларды бағып, жеткізгенбіз, балам. Қазір міне, сексеннің сеңгірінен асып, тоқсан жасқа таяп қалдық. Құдайдың мұнысына шүкір. Балаларымыз аман, отағасы екеуміз құрған әулеттің өркені өсіп, өрісі кеңейіп ұрпағымыз көбейіп жатыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Ұрпағымыздың амандығы мен қызығын көрсек, тіршілікте одан артық бақыт бар ма бізге?!
Біздің буын соғыс жылдары туған ұрпақпыз. Сондықтан бізде бақытты балалық деген болған жоқ. Жас балалар болсақ та тылда қалған қамкөңіл аналарымызға қолғабыс етіп, солардың қайғысын сейілтіп, көз жасын сүртсек деген арманымыз болды. Сол тұстағы елдің ауыр тұрмысына куә болғанбыз. Қазір заманымыз тыныш. Бірақ қазіргі жас ұрпақтың тәрбиесіне сәл-пәл көңілім толмайтын кездерім болады. Жастар бардың қадірін білсе, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетсе деймін. Ата-бабаларымыз өсиет етіп қалдырған халықтық тәрбиеден жастардың алыстап бара жатқаны менің ана жүрегіме қатты батады. «Жақсы» деген сөз жақсы ғой. Жастардың тәрбиелі және білімді, көзі ашық, жақсы азаматтар болып өскенін қалаймын,- дейді көпті көрген Балакүл әжей.
Елмен бірге еңбек майданында шыңдала жүріп, Отанның дамуына мол еңбек сіңірген Тастановтар отбасында барлығы 10 ұл-қыз өсіп-жетіліп, олар өмірден өз орындарын адаспай таба білді. Немере-шөберелері және шөпшектері өсіп келеді.
Баймахан әке мен Балакүл анадан тәлім алған балалардың үлкені Нұрмахан ұзақ жылдар шойын жолдың бойында теміржолшы болып жұмыс істеп, сол саладан зейнеткерлікке шыққан. Қазір Алматы облысының Үштөбе қаласында тұрады. Одан кейінгі ұлдары – Бейсенбек, Нұржан, Сейітжан, Нұртай, Алтай, Ерік еліміздің әр өңірінде кәсіпкерлік саласымен және Қайрат ауылында ауыл шаруашылығын дамытумен дендеп айналысуда. Қыздары Роза мен Сәуле де өмірден өз орындарын тапқан жандар.
Бүгінде ұрпағының тілеуін тілеп, ел-жұрттың амандығына тілек қосып отырған Балакүл әжей 10 баланы дүниеге әкеліп тәрбиелеген Батыр ана. «Алтын алқа» алқасының иегері. Үлкен ордалы әулеттің береке-бірлігін ұйытып отырған қадірлі қария.
«Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген сөз текке айтылмаса керек. Балакүл әжей бүгінде Қайрат ауылында ортаншы ұлы Нұртайдың қолында бақытты, бақуат тұрмыс кешуде.
Қариямен әңгімелесе отырып, ол кісінің бойынан адалдықты, тазалықты байқадық. Ұрпағының да бойына осыны сіңіре білген ақ жаулықты ана бізге ақ батасын беріп, ел-жұртқа жақсылық тілейтінін жеткізді. Сонымен бірге: «Аман-есен жүргеніміз ел қорғаған батыр бабаларымыздың, өмірге әкеліп, тәлім-тәрбие берген ата-аналарымыздың арқасы. Жас ұрпақ аман болсын, ешуақытта жаманшылық көрмесін» деп аналық ақ тілегін де қоса жеткізді. Қарияның тілегі қабыл болсын дейік!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close