Basty bet
Ағаны сағынғанда айтқан сөз
Адамдар да табиғатпен тамырлас. Жылы, шуақты өңірде дүниеге келіп, нәрленіп өскендердің мінезі де жаймашуақ, сөздері жұмсақ, мәйін келеді. Сол секілді табиғаты қатал аймақтың адамдары да бірден бөлектеніп тұрады. Біздің жуалылықтар да дәл солай. Салқындау, сұстылаумыз. Мінезіміз тік, турашылдықты ұнатып тұрамыз. Бәлкім, содан ба, әрқайсымыз бір-бір тауға ұқсаймыз. Осы ерекшелік әсіресе қалам ұстағандардың арасында бірден байқалады. Бір-бірлерімізді іздей қоюымыз, бір елден, бір жерденбіз деп айналып-үйіріле, іштартуымыз қиындау. Ал, бір жақындастық па, онда тәп-тәуір-ақ табысамыз. Жасымыздың айырмашылығына қарамай сырлас та, сыйлас та болып кетеміз. Рахаң – Рахымбай Сатаев ағамен дәл осылай жарастықта ғұмыр кештік. Аман-есен жер басып жүрсе, өткен жылы 80 жылдығын жасап беретін едік. Бізге ұстаздық тәлімін көрсетті, ағалық жанашырлық жасайды, жылы сөзін аямайды. Алматыдағы ауыл жастарының басын қосып жүруге, жақындастыруға асық боп, құштарланып тұратын еді. «Рахаң ба? – деді бір дидарласқан кезімізде Мақұлбек көкем. – Ол кісі мені оқуға түсірген. Курстастарымның арасында да оны жасырмай айтатынмын. Болсам деп жұлқынып, ұмтылып тұрған жасқа қолынан келгенше болысу – айып бола ма? Рахаңның Қазақ теледидарында жарқырап жүрген шағы, мені университеттегі сөзі өтетін ұстаздарға айтып, желеп-жебеп жіберді. Мен оны ешқашан ұмытпаймын».
Аңқылдаған ақ көңіл Мақаң ғой бұл. Қараңызшы, арғы жағынан кіршіксіз аппақ көңілі, жарқыраған жан дүниесі айнадай көрініп, белгі беріп тұрған жоқ па?! Арамдықтан ада, тазалықты тектіліктің бір өлшемі деп білетін кім-кім де мұндай жандарға жақын жүргісі, жанасқысы келіп тұрады.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы ретінде құрылған «Халық Кеңесі» Парламенттің жаршысы бола білді. Материалдарды берудегі батылдығы, ашықтығы, елге етенелігі жағынан оқырмандарды барынша баурап алды. Ол уақыттағы екпіндей ескен демократия лебі деген де керемет. Өйткені Парламент депутаттарының бәрі дерлік демократиялық жолмен сайланып келіп, жайланып жұмыс істеген кісілер болатын. Қандай тақырыптағы заңды талқыламасын, бәрін ду-ду пікір тайталасына айналдырады. Тәуелсіздігіміздің елең-алаң тұсындағы буырқанған өмір көріністері осындай десек, «Халық Кеңесі» соның бәрін ашық көрсететін айнасы болды. Шынын айтқанда, ондай Парламент те, оның газеті де билікке ұнай қоймады. Олар ойындағыларын істете алмады. Ақырында таратып тынды.
Депутаттар далада қалмаған шығар. Ал таратылған газет қызметкерлерінің бәрі жан-жаққа жіберіліп, қабілет-қарымдарына сай әртүрлі басылымдарға орналыстырылды. Сонда Мақаңның «Заң» газетіне меншікті тілші болып барғанын анық білемін. Жақсы журналистке сұраныс көп қой. Көп ұзамай еліміздің бас газеті саналатын «Егеменді Қазақстанның» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметіне ауысты. Құлаш-құлаш материалдар жазды. Бәрі де сол уақыттың лебін аңғартатын, елдің тұрмыс-тіршілігі, экономикасы мен мәдениетіне қатысты, ауыл адамдарының өміріне байланысты дүниелер. Журналистік еңбек жолын облыстық газеттің тілшілігінен бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы қызметтерінде жүріп әбден ысылған, одан соң мүйізі қарағайдай республикалық газеттерде қаламының қарымын көрсете білген Мақаңның сондықтан да облыстық «Ақ жол» газетіне бас редактор болып баруы заңды еді. Бұрын да даңқы дүрілдеген газеттің бағын аша түсті. Бас редактор екенмін, бастық екенмін деп кекжиіп қалмай, өзі де өндіре жазды, ұжым журналистерінің шығармашылық тұрғыда шыңдалуына шынайы жанашыр болды. Міне, сол жылдарда Мақұлбек Қайыпбекұлының көлдей-көлдей тарихи-танымдық немесе көсіліп жазған портреттік эсселерінің «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Түркістан» және басқа да басылымдарда жарық көргенін көріп, оқып қана қоймай, хабарласып тілектестігімізді білдіріп жүрдік.
Газет редакциясы – үлкен кәсіби орын. Осы шығармашылық ортада күнделікті шығуға тиісті басылым жұмысына байланып, соны мәртебе, мәре санап өтуге де болады. Ондай кісілерге сен неге өйттің деудің де реті жоқ. Бірақ қасиетті қаламды өмірлік серік еткеннен кейін жаңашылдық танытып, ізденімпаздық тұрғыда еңбектеніп, әр тарапта бақ сынау да керек. Біз білетін, ел құрметтейтін Мақаң сондай басшылардың санатынан көрсете білді. Осыған дейін он бес шақты кітабы жарық көрсе, соның біразы біздің «Тоғанай Т» баспасынан шығарылған. Ең әуелгісі «Жұлдыздардың жарығы» Ұлы Отан соғысының 60 жылдығы кезінде басылды. Қанды қырғын қасірет әкелген ауылының адамдары туралы кішкене кітап. Сұрапыл шайқасқа кімдер кетті, олар қандай ерліктер жасады, ажал аузынан аман келгендер, олардың бейбіт өмірдегі ерлікке бергісіз еңбектері, естеліктері жазылған. Бір ауылдың майдангерлері жөнінде осындай кітап бар дегенді осыған дейін естімеппін, сол себепті М.Рысдәулеттің бұл кітабының Ұлы Отан соғысы шежіресінде алатын орны өзгеше.
Мақаң өз жүрек әмірімен таңдаған мамандығының самғау биігіне көтерілген қаламгер. Қаламы қашан да ұштаулы. Кез келген тақырыпқа қаймықпай барады. Қай мәселеге де жедел үн қатады. Оған ысқаяқ етіп үйреткен – газет жұмысы. Соның жауапкершілігін сезініп, үдесінен шығуға ұмтылғандар ғана журналистиканы өмірлік кәсіп етеді. Ол ешкімді байытпайды, бірақ халық үшін берері қисапсыз көп, берекелі өмір белесіне бастайды. Мақаң қаламына осындай адалдығының арқасында тәтті жемісін татқан азамат. Оқырман көзайымына айналған «Жұлдызды өмір», «Ту ұстаушы», «Әбдір Сағынтаев», «Тарих тамырлары» т. басқа да кітаптары таза журналистік, публицистік ізденіске толы еңбектерінің нәтижесі.
Мақұлбек Рысдәулет кестелі көркем дүниелерге де бақ сынаған қалам иесі. Оны «Бақатеректе» топтастырылған шығармаларын оқыған ел жақсы біледі. Кезінде әңгіме, повестердің табиғатын танытып, жетістік, кемістігіне безбендеп баға бере алатын әдебиет ауылының адамдары мерзімдік басылымдарда оң пікірлерін білдірсе, ал мен бұл кітаптың қолжасбасымен баспаға берілген кезде-ақ шұқшия қарап танысып шыққан едім. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай жазған беташар сөзде де барды бағалаған адамның жақсы лебізі бар еді. «Сондағы қараңғылықтағы жалғыз», «Күміс белдік» повестерін қазақтың біртуар азаматы, көрнекті ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы «Мыс дария» деректі повесінде автордың оралымды ойлары, оқиғаларды шиыра, ширата білу мәнері, тілді орнымен, орайымен қолдана білетін шеберлігіне іштей тәнті болғаным да есімде. Одан кейін… Иә, одан кейін Мақаң өткен жылы біздің баспамызға ауданның 90 жылдығына байланысты жазған «Жуалы» тарихи-танымдық кітабын ұсынды. Онда да бізге әкелер ме еді, әкелмес пе еді, өйткені Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көреді деп жоспарланып, келісілген кітап екен. Қаржы тапшылығы адым аштырмай қинаған. Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов Мақаңды ағатайым деп қанша жақсы көрсе де етек жиып, көрпесіне қарай көсілуіне тура келеді.
«Биыл, мерейтой жылы шығарылмаған кітаптың құны бола ма, Талғат? Мына кітапты қайткенде де барынша арзан бағамен бастырып берші. Сен де Жуалының бел баласысың ғой», – деп салмақ салды Мақаң. «Жарайды» дедім. «Ендеше ерінбей қарашы. Көңіліме келеді екен деп қарайлама, пікіріңді ашық айт», – деді нықтап тағы да.
Онсыз да өзімнің кіндік қаным тамған топырақ, сонда туып-өскенмін деп мақтанатын қасиетті Жуалым жөніндегі жинақ болған соң өзім үшін-ақ оқитын едім. Оқыдым. Өзім білмейтін, өмірі естіп-білмеген дерек, дәйегі мол әңгімелерді бас алмай құныға қарадым. Кітаптың құрылымы да ұнады. Күллі қазақтың сөзін сөйлейтін, жеріміз бен еліміздің жоқшысы болып, өмірінің аяғына дейін сол ұстанымынан айнымай өткен Шерхан Мұртазамен бірге жүрген кездерінен сыр шертетін жазбаларын бұрын газеттен оқысам, енді кітап қолжасбасынан қайталап оқып, әй, бір риза болдым-ау!
Сол өткен жылы Мақаңның тағы бір кітабы біздің баспадан шықты. Ол «Тарихы терең – мерейлі мекен» деп аталатын Меркі ауданының 90 жылдығына байланысты тарихи-танымдық кітап. Бұл кітапта да әр кезеңге қатысты, былайғы жұрт біле бермейтін мұрағаттық жазбалар негізінде жазылған материалдар көп ұшырасты. М.Рысдәулеттің «Ақ жол» газетінен кейінгі уақытта бастықпын деп құр отырмай, облыстың мұрағат сөрелерінде шаң қауып жатқан, құпия сырлары мол қат-қат қағаздарды ерінбей ақтарып, бүгінгі ел, келешек ұрпақтар үшін де алғаусыз адал көңілмен шығармашылық-зерттеушілік жұмыстар жүргізіп отырғанына тағы да разы болдым.
«Адамды адам еткен – еңбек» деуші ме еді Фридрих Энгельс. Адамды өсіретін де еңбек қой. Еңбексіз ештеңе жоқ. Мен де өзіңізден өнеге алып, ізіңізден ілесіп келе жатқан інілеріңіздің бірімін. Сондықтан Сіздің осындай ел сыйлайтын, барша жұрт бағалайтын биікке көтерген адал да абыройлы еңбегіңіз бітпей, жемісті жалғаса берсін, Мақа!
Соңы осылай көтеріп, қамшылай түсетін бұл материал Мақұлбек аға жарқылдап жер басып жүрген кезінде жазылып, «Түркістан» газетінде жарияланған жүрекжарды дүнием болатын. Дәл сол уақытта Мақаң жетпіске толып, Таразда қимас курстастарының басын қосып, үлкен той жасаған. Араласатын студенттік сыйлас достарының көп екеніне куә болдық. Той төрінде сөз алған курстастарының қай-қайсысы да келмеске кеткен жалаулы жастық шақтың қилы-қилы қызықтарын көз алдарына келтіріп, шешіле сыр шертті. Әйгілі «Қыз Жібек» фильмінің қалай түсірілгенін, оған курстың қыз-жігіттерінің араласуын елді күлкіге кенелтіп, жарыса еске алды. Әсіресе қазақ сатирасының белесін биіктетіп, әзіл-әңгімелері, сын-сықақ өлеңдері, тіпті балғын оқырмандарға арнап жазған жаңылтпаш, жұмбақтары, санамақ, мазақтамалары, ұл-қыздарға жаттауға жеңіл жырлары арқылы да рухани мол мұра қалдырған Көпен Әмірбек:
– Біз сол кезде өзімізше әртіс болдық қой. Ал шын мәнінде қазақ сахнасының бәйтеректері саналатын Серке Қожамқұлов, Ыдырыс Ноғайбаев, Сәбира Майқанова сынды саңлақтарымыздың назарын айрықша аударған Тарзан болды, – деді.
Әзілдері жарасып жүрген, бірге білім алған, жазғы ауылшаруашылығы жұмыстарында да аралары ажырамаған, Қазақстан миллиардына өз үлестерін қосқан курстастар Мақұлбекті Тарзан деп атайтынын сонда білдім. Ол да бекер емес екен. Анадай қорбиған дене, епетейсіз қимылымен талай рет зәулім ағаштың ұшар басына өрмелеп шығып кететінін көзбен көргеннен кейін солай деп ат қойыпты.
Әлгі мүйізі қарағайдай әртіс ағаларымыз бен апаларымыз киелі сахнаға Қобыланды мен Алпамыс, Қамбар батырларды ғана емес, басқа да нар тұлғалы кейіпкерлерді сомдайтын азаматтарды ел ішінен де іздеп жүреді екен. Мақаңда түр-келбет те, кескекті тұлға да, образға еніп сөйлейтін дауыс ырғағы да қабысып, табысып жатқанын фильм кадрларын түсіру барысында аңдаған.
«Айналайын, сен біздің театрға керек жігіт екенсің. Жазамын десең, жазуыңды да тастамайсың. Журналистика факультетін бітірмей-ақ әйгілі болған қаламгерлер аз емес екенін өзің де жақсы білесің ғой», – деп, ол кісілер кеукеулеп ортаға алып, әбден айналдырыпты.
Міне, сол кезде «бұл мәселені әуелі қабырғаммен кеңесейін» депті Мақаң.
Қабырғасы – енді ғана жас отаудың отын маздатып, шырайын кіргізген Дәмелі жеңгеміз. Оқуға түскен күні танысқан, жас қыз бен жас жігіт болып көп қыдырмай мәңгілікке қосыла салған өмірлік жары келісім бермей, «екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді», өйтіп ойың бөлінбесін, журналистиканың туын бірге желбіретейік» десе керек. Содан енді ғана облыс болып бөлініп жатқан Жезқазғанға құлшынып бара жатқан бір топ курстастарына қосылады. Көп жыл облыстық «Жезқазған туы» газетінде қанаттасып қызмет істейді. Дәмелі жеңгеміз кәсіби қызметін абыроймен атқара жүріп ұлды да, қызды да болады. Ал Мақаң ағамыз бөлім бастығынан жауапты хатшылыққа көтеріледі. Осы қызметте жүргенде Алматыдағы екі жылдық Жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі.
Ол уақытта біздің таныс-білістігіміз бола қоймаған. Екеуімізді етене аралыстырған – журналистика.
Тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дейтіндей қысталаң шақта Жезқазған облысы жабылады да, ол кісі отбасымен туған жеріне қарай көш түзейді. Үй де жоқ, күй де жоқ, ақылдымсыған мықтылардың өзі абдыраған қиын да күрделі кезеңде жан бағу үшін біраз машақатты тірліктерді бастан кешеді. Солай сүйретіле жүріп, бір күні «Халық Кеңесі» газетіне қызметке ілігеді. Басылымның Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі болып жүрген кезінде мен осы газеттің хабар бөліміне меңгерушілік жұмысқа ауыстым. Бас редакторымыз Жұмабек Кенжалин – өте талапшыл, жаңалыққа құштар басшы. Қарамағындағылардың дені жастар мен жасамыс кісілер. Ердің жасы елуге келген екі-үш журналист қана болды. Бірақ мәселе жаста емес, қалай жазуда ғой. Осы орайда Мақұлбек Рысдәулет нағыз ақ мылтық тілшілердің бірі де бірегейі ретінде дараланды. Менің бөлім жұмысымдағы аңдитыным тосын ақпараттық жаңалық хабарлар десем, Мақаң қамшы салдырмай түске дейін біреуін жіберсе, түстен кейін қосарлап екі хабарды бір-ақ жібереді. Күнделікті жұмыс барысында қайта-қайта телефонмен тілдесіп жүріп, Дәмелі жеңешемізбен де емен-жарқын әзілдесіп сөйлесетін, келе-келе сырласып, ой бөлісетін жағдайға жеттік.
Әлбетте, өстіп жаза берсем жалғаса берер еді. Нақты, түйінді тұсына келсем, арада жылдар жылжып өткенде қалта телефоным әндетіп берді дейсің. Сөйлесу нүктесін бассам, арғы жақта Дәмелі жеңгеміз «Мақаң ауырып қалды, онкологиялық институтта жатырмыз» дейді. Денем түршіккендей дір етіп, «не болдылап» жатырмын. Шыдай алмай, сол күні кешкілік барып, олар жатқан екі кісілік палатада әңгімесін естідім.
– Ауруды сұрап алмайсың ғой. Асқазанына жабысқан кеселдің әуресі. Бұл ауырғанша, мен ауыруым керек еді, қайтейін, – деп көзіне қамыға жас алды жеңгеміз.
– Құдай сақтасын. Бүйтіп қайғыра бермеңіз. Әлі-ақ сауығып кетеді, – деп тура осы институтта асқазанының жартысын алдырып, аман-есен тірлігін әрмен қарай жалғастырып жүрген бір ағамыздың атын айттым.
Кейін Мақұлбек ағаның тағдыры да дәл солай болды. Ота асқазанына сәтті жасалды. Берілген ем-домдары дәру болды. Дегенмен соның бәрі Дәмелі жеңешеміздің әлпештеуі, аялап күтуімен болғанын көзбен көргендердің бәрі-ақ айтады. Солай дейтіндер аурудың кезегі енді жеңешеміздің өзіне ауғанын да жақсы біледі. Сол кісілер бір кездері Мақаң қатты ауырғанда, «ол ауырғанша мен ауырып, ол кеткенше мен кеткенім жөн еді» деген жеңгеміздің қимастық сөзін естеріне алады. Осындай ауыр күндерде Мақаңның қалай азапты күй кешкенін білеміз. Көңілі тіпті бос екен. Көз алдында күннен-күнге күйі кетіп бара жатқан асыл жарын ойлап, кемсеңдеп қоя береді.
«Онсыз қалай өмір сүремін?» – дейді.
Ол – ол ма, «Дәмелі өлгенше, мен өлейінші. Е, Алла, осы тілегімді қабыл ете көрші. Ол балаларымның анасы, немерелерімнің әжесі ғой, қасында болсыншы», – деп жалбарына айтқан сөзі де құлағымызда.
Иә, мына өмірде талай жарасты жұптарды көрдік, көріп те жүрміз. Алайда бұл екеуіндей бір-бірлеріне сүйікті сыңар, қимас жар болғандарды білмегендіктен еріксіз осылай еске алып отырмын.
Дәмелі жеңешем есепті уақыты біткен күні өмірден озды. Ауыр мұң, айықпас азап арқалап Мақұлбек көкем қалды. Нәзік жүрегіне түсірген жүгі зілмауыр екені. Көңіліміз құлазыды. Алла аямаса, аяламаса өмір шіркіннің арғы жағы қысқара беретініне де көзіміз жете түсті.
– Қайтыс болатын күні таңертең жұмысқа кетіп бара жатқан ұлына, «түсімде мамаңды көрдім, қоймай шақырып жүр, көп ұзамай кететін шығармын» депті. Алайда бұл әкеміздің көріп жүрген көп түстерінің бірі шығар деп, ұлы мен келіні айтқан сөзін елең қылмай үйден шығады. Түсте келсе, расымен-ақ менің Тарзаным Дәмелісінің шақыруына бас тарта алмай кетіп қалыпты, – деп еді Көпен ағамыз.
Сөйткен Көпекеңнің өзі де өткен жылы мәңгілік дейтін екінші өміріне аттанып кетті ғой.
Діни ілімі зор, ана жақтың да жайын сөз ете беруден бір танбайтын қазірет, ишандар о дүниеде жәннат бағы бар дейді. Егер дәл солай болса, курстастар, қимас достар – Дәмелі, Мақұлбек, Көпен бәрі жұмақта қайта қауышып, енді бөлінбестей болып бірге жүрген шығар-ау…
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы.
Алматы қаласы