Basty bet
Ұлт жадында жаңғырған ғибратты ғұмыр
Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу – қазақ тарихындағы дәстүрлі таным-түсінігінде ертеден қалыптасқан үрдіс. Қазақтың шежірелік зердесінде тарих ұдайы жеке тұлғалардың өмір дерегі арқылы танылып отырған. Қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани ахуалы ұдайы жеке тұлғалар болмысы арқылы көрініс табатыны дәлелденген. Содан болу керек, қазақтың дәстүрлі философиялық пайымдауында өмірді өзгертуден бұрын, алдымен адам санасын шыңдауға көбірек мән беріліп келеді.
Жас буын үшін қоғамның өнегесі тағылымы аса құнды дүние болып саналады емес пе?! Қасиетті Жуалы ауданының төл перзенті, өңірге қарасты Ынтымақ ауылының түлегі Құрманбек Сағындықовтың асыл бейнесі ел есінде алып бәйтерек сияқты болып мәңгі асқақ күйінде қалғаны анық…
Халқының асыл қасиеттерін бойына ана сүтімен сіңірумен бірге, өзіне дейінгі қазақ зиялыларының үлгісімен келесі кезеңдегі орыс оқуын соншама қомағайлана оқып, бар болмысымен өз ұлтының жанашыры бола білген Құрманбек Сағындықов туралы естелік мақаланы аудан жұртына ұсынғанды жөн санадым. Биыл ұлт ардақтысы, белгілі қоғам қайраткері, журналист-аудармашы Құрманбек Сағындықовтың туғанына – 115 жыл толып отыр.
1932 жылы «Таусағыз» атты Жуалы-Түлкібас аудандық газеті ашылып, Құрманбек Сағындықов оның алғашқы редакторы болады. Ауданда тұңғыш ашылған газетке 22 жасында басшы болып баруы ағаның журналистік мамандыққа қатты қызығушылығынан туса керек. Сол кездің өзінде талай ұлылардың сөзін қойын кітапшасына жазып жүріпті. Мысалы: «Журналистика – жол, жөнекей жазылған әдебиет» (Арнольд Метью). «Ойыңа бірде-бір ой келмесе де, оны қағазға түсіре бергенде ғана журналист боласың» (Карл Краус). Журналист – өз газетінде сараланатын жазушы (Адриан Докусель). Редактор – ол да тілші. Өзі барған жерден материалды өзі жазу керек. Айтқан сөздерін шеберлігімен және ісімен дәлелдеп көрсетсе, қандай жақсы…
Құрманбек ағаның қаламынан сол тұстағы қазақтың жадағай тіршілігі, ауыр тұрмысы шынайы суреттелген талай мақалалар туды. Мақалалары уақыт сынынан өткен, әлеуметтік маңызы зор, идеялық-көркемдік сапасы кемел мұраға айналды. Аға газетке редактор деген биік лауазымға сол кездің өзінде-ақ лайықты болыпты.
1933 жылдың аяғына дейін «Таусағыз» газетінде редактор болып істеген аға Алматыға ауысады. Ондағысы – жастай бірге оқып-өскен досы Бауыржан Момышұлы сонда, әрі өзінің білімі мен тәжірибесін үлкен қалада шыңдай түсу. 1939 жылға дейін Алматыдағы кітап баспасының жауапты қызметкері болып істеген Құрманбек аға Бауыржанмен қайта бірге болады. Екеуі бірге пәтер жалдап тұрғанда оларға тамақ дайындап, киім-кешектерін жуып, жағдайын жасап отыратын Сағындық атамыздың бәйбішесі Балақыз әжеміз екен.
Алматыда аты шыға бастаған ақын-жазушылар – М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев т.б. ағамыздың пәтеріне жиі жиналып, әженің дайындаған тамағын ішіп, өзара пікір алысады екен. Оларға, әсіресе әжеміздің ашытқан бидай көжесі ұнапты…
1939 жылы Құрманбек аға Қазақ радиосының Бас редакторы еді, жұмысы ауыр… 1941 жылы соғыс басталып, аға майданға аттанады. Даңқты гвардиялық Панфилов дивизиясында досы Бауыржан Момышұлымен бірге соғысады. Бауыржан аға полк командирі болса, Құрманбек аға полктың саяси жетекшісі, майдандық газеттің редакторы қызметін атқарды. 8-ші дивизияның құрамында зеңбірек батареясының саяси жетекшісі болып, шайқасқа араласқан ол көп ұзамай «Отан үшін» («За Родину») деген газетте редактордың орынбасары болып ауыстырылады. Газет екі тілде шыққанымен, оның екі тілдегі нұсқалары бірін-бірі қайталай бермейді екен. Тек маңызды деген материалды ғана екі тілде беріп, апта сайын екі рет шығатын қазақшасын ағамыз жалғыз өзі әзірлеп отырған екен.
Баспасөз басшысы, аударма ісінің абызы
Құрманбек Сағындықов 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясыныың жауынгерлері, қолбасшылары мен саяси жетекшілерінің майдан даласындағы ерліктері туралы үзбей жазып отырған. Бірақ, өзі туралы бір жерінде де жазбаған. Мәлік Ғабдуллиннің «Майдандас достарым» атты кітабын ана тілге аударған. Бұл ретте Құрекеңді қазақ аудармасының абызы деуге болады. Батыр Бауыржан Момышұлы туралы жазылған Александр Бектің әйгілі романын «Арпалыс» деген атпен еркін аударып шыққаны елге мәлім. Сонша терең жазылған Карл Маркстің «Капиталының» тұңғиығына дүние жүзі ғалымдары әлі бойлай алмай, оған тамсанумен келеді. Осы кітапты және М.Горькийдің «Ана» романы мен И.Тургеневтың «Аңшының жазбаларын» аға қиналмай аударған. Кезінде әл-Фараби трактаттарын тәржімалауға ешкімнің тісі батпай қойғанда да оның Құрманбек ағаға жүктелгенін бәрі біледі.
«Сөз өнері – қоғамдық сананың әрі күрделі, әрі орасан маңызды саласы» – деп Зейнолла Қабдолов айтқандай, құнарлы сөздің қайнары болған Құрманбек Сағындықовтың аударуымен А.С.Пушкиннің, Л.Толстойдың, М.Горькийдйң, И.Тургеневтың, А. Островскийдің, Лопе де Веганның, Шолоховтың, Лу-Синнің, Бруно Аництің романдары, повесть, әңгімелері, пьесалары қазақ оқырмандарына жетті.
Журналист-аудармашы деген атты қастер тұтқан баспасөз басшысы соғыс жылдарында қанша мақала, суреттеме, репортаж, очерк жазса да Өзі туралы да, жазып жүрген шығармалары жайлы да ауыз ашпады. Бірақ біз ағаның ана тілдің айбарлы қорғаушысы әрі дамытушысы болғанын кез келген аудармасынан анық аңғарамыз. Тіл мамандарының айтуынша, Құрманбек Сағындықов еңбектері арқылы қазақ тілі жаңа термин, жаңа ұғымдар, бейнелі сөздер және мақал-мәтелдермен байыған. Ол аудармаға диалектикалық-логикалық ойлау тұрғысынан қараған. Ана тілінің орамды нәрлі өткір болуы, оқығанда ойыңызды қандыратын аудармалар беруі – Құрекеңнің орыс тілін толық игергендігінен.
Құрманбек Сағындықов туралы қайраткерлердің пікірі
Бауыржан Момышұлы: «Құрметті әрі жақсы көретін досым Құрманбек! Д.М. Снегин жүріп кеткеннен кейін Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің ауруханасында қазақша жазылған барлық қолжазбаларымды қайта қарап, баспасөзге жариялауға 4 очерк және 1500 жолдай өлеңдерімді әзірлеп қойдым. Алдын ала пікір айтқан жолдастардың бағасы өте жақсы әрі биыл бастырып, шығармақ ойда. «Досыма» деген өлеңді көптеген түзетулер жасап, қайта өңдеп шықтым, ал сендегі дана бастапқы жазылған күйде, түпнұсқа қалпында қала берсін, досым! Мысалыға, (үзінді):
«Қолбасшы болсаң сондай бол,
Жосылып жатқан жолдай бол.
Қайрат етер мезгілде
Жүк көтерген нардай бол»……..
Өлеңнің жолма-жол аудармасын Снегинге салып жібердім, содан алып оқырсың. Тағдыр тәлкегіне ұшыраудан аман бол, құрметтім. Өзіңнің Бауыржаның. 1944 ж.»
Қазақстан Журналистика академиясының толық мүшесі, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-публицист Қамал Смайылов студент кезіндегі Қ.Сағындықовтың аударма істерінен лекция оқитынын айта келе, әсіресе, К.Маркстің еңбегін Құрекеңнің аудармасы арқылы танып, білгенін жеткізеді. «Сол Маркстің өз ұлтымыздың адамындай етіп, ана тілімізде төл шығармамыздай еткен аудармашы-журналист Қ.Сағындықовтың да бағасы халқымыз үшін өте жоғары екенін айтқым келеді» деп есіне алып жүріпті. А.Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабын қазақшаға аударуды да, алаштың айбары, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы тапсырған екен. Бұл – қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, белгілі журналист және аудармашы Құрманбек Сағындықовтың көп қырларының бірі ғана.
Алайда, Қ.Сағындықовтың аудармашылығы саяси әдебиетпен шектеліп қалмайды. Ол өзінің шығармашылық мүмкіндігі мол қаламгер екенін көркем әдебиет баспасында редактор, Бас редактор болып жүргенде-ақ (1937-1941) көрсете білген. Осы Баспаның сол кездегі Бас директоры Бейсембай Кенжебаевтың М.Әуезовтың «Абай» романының бірінші кітабын қалай тездетіп шығарып жіберген ерлігі, сол үшін теперіш көргені жазылды. Ал, сол романның тұңғыш басылымының тұңғыш редакторы болған Құрманбек Сағындықов (Қуандық Шаңғытбаевпен бірге) екенін көпшілік біле бермейді. Құрманбек ағамыз бұл теперіштен соғысқа кетіп (1941) құтылған сыңайлы.
Қ.Сағындықов «Арпалысты» (Волоколамское шоссе) екінші рет еркін және толық аударып шықты. Жалғыз аударып шықты. Олай дегеніміз, Александр Бекпен Бауыржан Момышұлының арасындағы келісім-шарт бойынша бұл романның қазақшасын бірнеше жазушының жүзеге асыруы әрі олардың қосымшалар, өзгерістер енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Ол мүмкіндікті Баукең романда қазақы рухтың есіп тұруын қамтамасыз ету үшін берді.
Әрі-беріден соң 1942 жылы ауызша жасалған келісім-шарттың 1944 жылы қағазға түсірілу қажеттілігі де романның алғашқы нұсқасы жарияланғаннан кейінгі айтыс-тартыстардан туған. Соның ішінде авторға да Баукеңнің де елеулі ескертпелері болды. Құрманбекке жазған хатында (19 желтоқсан 1957 жыл) Баукең: «Оқырмандарға кітаппен 1944-1945 жылдары және 1957 жылы қалай жұмыс істегенін айтып, кітаптың қазақша нұсқасының ерекшеліктері туралы ой бөліс. Біраз жерде орысша түпнұсқадан еркін кеткеніңді және эпиграф етіп афоризмдер алғаныңды қос тілді оқырмандар дұрыс қабылдамауы мүмкін. Сондықтан да екі сөзбен болса да мұндай шегіністердің қажеттіліктен туғандығын аудармаға соңғы сөзде атап өтуің керек» дейді.
Өзіне де, авторға да қойған биік талап пен жоғары жауапкершілікті Баукең Құрманбекке де қойған. Құрекең сол үдеден шыға білген. Жалғыз аударуына мүмкіндік берілуі де содан. Бірақ романның алғашқы аудармасы шыққалы арада өткен 12 жылда Қ.Сағындықов қазақтың маңдайалды аудармашы-әдебиетшілерінің қатарына қосылған еді. Соған қарамастан Құрманбек Сағындықов Қазақстан Жазушылар Одағына мүшелікке өтпепті. Бұл жерде оның адамгершілік, азаматтығының жаңа қыры – сұғанақтығының жоқтығы, жазушы деген атақты шын мәнінде тудырушы-творитель ретінде көріп, өз шығармашылық қабілетінде де қатал редакторлық еткені көрінеді.
Журналист Н.Савицкая Д.А.Қонаевтың мынадай естелігін келтіреді: «1961 жылы болу керек, бюджетті толтыра алмадық, оның шығыс бөлігін қысқарту туралы команда болды. Республикада радиотелестанцияларының құрылысын тоқтатып, 16-ның үшеуін-ақ қалдырыпты. СовМиннің мәжілісінде ешкім уәж айтқан жоқ, үнсіз қалды. Тек Құрманбек ғана: «Сіздер ауыл адамдарынан мәдениетті ұрлап отырсыңдар» деп саңқ ете қалады. Дінмұхамед Ахметұлы артынан ойланып, бұл станциялардың 9-ын қалдырыпты. Бас пайдасын ойлаған жұрт үндемей қалғанда халық қамын ойлаған Қ.Сағындықовтың СовМин шешіміне қарсы шығуын кейіннен Д.А.Қонаев Құрманбектің парасаттылығы деп бағалапты. 72 жасына дейін «Қазақстан коммунисі» журналының редакторлығынан жібермеуі сыйластығының айғағы емес пе?!
Жазушы-публицист, Қазақстан Журналистика академиясының толық мүшесі, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Камал Смайылов: «Студент кезімде Қ.Сағындықов аударма істерінен бізге лекция оқитын. Кескін-келбеті, сөз саптауы, шешендігі тәнті еткен кісінің шығармаларымен танысуды ерте қолға алдым. Әсіресе, К.Маркстің еңбегін. Құрекеңнің аудармасы менің Маркс еңбегімен түбегейлі танысып, соның ішінде қасіретке толы өмірі туралы толық біліп шығуыма жол ашты» деп ой түйеді Камал Смайылов.
«Осындай ұлы дананы, ұлы адамды еске түсіріп, Марксті өз ұлтымыздың адамындай етіп, еңбегін ана тілімізде төл шығармамыздай еткен аудармашы-журналист Қ.Сағындықовтың да бағасы халқымыз үшін өте жоғары екенін айтқым келеді» дейді тағы да академик К.Смайылов
Елен Әлімжанов. Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: «Қ.Сағындықов төраға болған жылдары қазақ радиосы мен теледидарының материалдық-техникалық базасы күшейді. Техниканы үйіп әкелді. Байланыс министрлігінің бас инженерін комитеттік коллегияның мүшесі етіп қойды. Радио, теледидар орталықтарын салып, хабарларды кең тарату мәселелері 1957-1959 жылдары ОК-те бірнеше рет қаралыпты. Ақырында комитет төрағасы Х.Мұстафин орнынан алынып, бұл қызметке Қ.Сағындықов бекітіледі (1959). Бір қызығы, Қазақстан аймақтарында телерадио орталықтарын салу жұмысына барынша мән беріп жатқан осы кезеңде радионың ұйғыр, шешен тіліндегі хабарлары қысқартылыпты. Қазақ хабарларына да қауіп төнген сыңайы болған. Міне, сол кезде Құрманбек Сағындықовтың ұлтжандылығы, нені болса да бетке айтатын бірбеткейлігі шешуші роль атқарған. Ол қазақ хабарларын қысқартудан сақтап қалған».
Ұлылар үндестігі немесе жарасымды достық
Мақаланың соңында Құрманбек ағаның бейбіт өмірде қандай және досы Баукеңмен қалай қарым-қатынаста болғанын Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР-ның мәдениет қайраткері Сәулебек Жәмкенұлының жазған мақаласындағы мына сөйлем жолдарымен жеткізуді жөн көрдім:
«Құрекең 1988 жылы жер қара кезінде Алматыда қайтыс болды. Жаназасын сол кездегі аты шығып жүрген Тельман Сауранбеков тап-тұйнақтай етіп басқарып берді. Сонда өте-мөте тым күйзеліп жылаған екі адамды көрдім. Оның бірі «папалап» қоймаған үлкен баласы Кеңестің үйіндегі келіні еді. Ұмытпасам, ол белгілі қайраткер әйел Ғайникен Бибатырованың қызы болатын. Ал екіншісі батыр Баукеңнің ұлы Бақытжан еді.
«Өз әкем көз жұмғанда мен дәл мұндай күйзелген жоқ едім. Өйткені артымда қысылсам – ақылшым, тәлтіректесем – таянышым екінші әкем Құрманбек аға тұрды. Нағыз жетім қалғанымды бүгін ғана шын сезініп тұрмын» дегенде қабір басында егіліп жыламаған адам қалған жоқ….
Құрекеңнің Бауыржанмен достығы олардың бүкіл отбасына жайылған ғой. Кезінде Жуалыда қанаттасып бірге өскен үш дос болыпты. Олар – Бауыржан Момышұлы, Құрманбек Сағындықов және Еркінбек Сауранбеков. Бір қызығы, олардың достығы күні бүгін өз жалғасын тауып отыр. Ол кісілердің Бақытжан, Кеңес және Тельман деген үш ұлы да достықтары жарасып араласып өскен екен. Ал, олардан туған үш ұл Ержан Момышұлы, Ғалымжан Сағындықов және Мақсұт Сауранбековтер аталарынан қалған ұлы достықты лайықты жалғастыруда».
Құрекеңнің бүкіл елге жасаған шарапаты қаншама десеңізші. Шын мәніндегі өнегелі өмір, ғибратты ғұмыр. «Бұл ретте мен көз көрген тірі қазақтың біртуар азаматтары, әрі тұлғалары, ғалымдары Серікбай Бейсенбаев, Ермұхан Бекмаханов, Құрманбек Сағындықов, Мұқтар Жанғалиннің өмірлерін бүгінгі ұрпаққа үлгі дер едім» деп жазыпты мемлекет қайраткері Дәйірхан Айдаров. Түптеп келгенде, түгел сөздің тобықтай түйіні де осы емес пе…
Ия, Құрманбек Сағындықовтың жатса-тұрса, ойы – жұмыста болыпты, бойы – үйінен алыста болыпты! Міне, тұлға!
Әбдікерім Уркумбаев,
Әлем Халықтары Жазушылар
Одағының мүшесі.
«Б.Момышұлы» НАМЫС
төсбелгісінің иегері,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы. (Ескертпе: Мақала Оқу ісінің үздігі, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Алматы облысы Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Күміс Пармашқызының «Тау тұлғалы Нар ағам» атты кітабының негізінде жазылған).
