Basty bet
Жер телімін қалай пайдалану қажет?!
жер кезегінде тұрған азаматтар білуге тиісті негізгі қағидаттар туралы
«Баспана – бақыт шамы» дейтін болсақ, әрбір отбасының тұрмысы үшін жер теліміне қол жеткізумен бірге, тұрғын үйдің де маңызы өте зор. Себебі, әрбір азамат «кіші Отанының» жақсы әрі жанға жайлы болғанын қалайтыны сөзсіз. Сондықтан, қай кезде де «Үйі жоқтың – күйі жоқ» болып қала бермек. Мемлекет те бұл маңызды мәселеге басымдық беріп, оған қыруар қаржы бөлініп, Үкімет тарапынан қаншама бағдарлама қабылдағанымен, әлі күнге ел өңірлерінде «үйсіз, күйсіз» жүрген жандар жетерлік. Өсіп-өніп, өркендеп, халықтың санын көбейтуді көздейтін ел үшін бұл жақсы үрдіс емес…
Әкімдіктерде жер телімінің кезегінде тұрған азаматтарға мемлекет тарапынан үй салуға жер берілуі тиіс. Бұл мәселе заңда көзделген. Алдымен заңның не дейтініне тоқталсақ. Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, қазақстандықтарға жер тегін берілуі тиіс. Әрине, жер телімі оңды-солды немесе қалай болса солай беріле бермейді. Оның өзінің тиісті мақсаты мен заңдық негіздері бекітілген. Заң бойынша ақысыз ала алатын 0,10 га жер жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында ғана беріледі. Ендігі кезекте жер телімін алу мәселесіне келсек, тиісті заңға сәйкес, әрбір қазақстандыққа тегін берілетін 10 соттық жерді алу үшін ондаған жылдар бойы кезекте тұратын азаматтар көп.
Жасыратыны жоқ, азаматтардың көпшілігі жер кезегінің өте баяу жылжитынына шағымданады. Бұл – барлық өңірге тән мәселе. Оның негізгі себебі, азаматтарға берілуі тиіс жер телімдеріне инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің уақтылы жүргізілмеуі. Бұл – жер теліміне қатысты мәселеде маңызды рөл атқарады. Заңда көзделгендей, инженерлік-инфрақұрылым жүйелері жүргізілмеген тұрғын алқаптарынан жер телімі берілмейді.
Ендігі кезекте мемлекеттен жер телімін қалай алуға болады деген мәселеге келсек, Қазақстанда 18 жастан асқан кез келген азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін (ЖТҚ) 10 соттық жер телімін алуға Egov порталы арқылы кезекке тұра алады. Бұған дейін қазақстандықтар кезекке тұру үшін әкімдіктерге қағаз жүзінде өтініш тапсыратын.
Егер азамат бұдан бұрын мемлекеттен тегін жер телімін алған болса немесе елді мекенде ЖТҚ үшін бос жер телімі болмаса, жер кезегіне өтініш бере алмайды. Егер бұрын бір өңірде жер теліміне кезекке тұрған болсаңыз, ал қазір өзге аймақтан жер алуға ниеттенсеңіз, 10 соттыққа кезек реті ертерек келген өңірден жер бір рет қана беріліп, қалған өтініштердің күші жойылады.
Кезекке тұрып, кезегіңіз келгенде жер телімін алдыңыз делік. Сіздің ары қарайғы іс-әрекетіңіз қандай болмақ? Заң бойынша, егер жер учаскесі шартта көрсетілген мерзім ішінде мақсатты пайдаланылмаса, ондай жағдайда жер телімі қайтадан мемлекетке қайтарылады. Олай болатыны, жер телімін алуға (жерге мұқтаж) сізден басқа қаншама азамат өз кезегін күтіп отыр. Мәселені қозғаған кезде ең алдымен осыны ескерген жөн. Жер телімі шын мұқтаждарға ғана берілуі тиіс! Бұл мәселені заң да көздейді, адами тұрғыдан да мұның маңызы зор.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы…» дегендейін, мемлекеттен жер телімін алып, оған тұрғын үй құрылысын жүргізуге әркімнің-ақ таласы мен дәмесі бар. Ал бұл мәселеде азаматтар үшін ең біріншіден ашықтықты барынша қамтамасыз ету маңызды. Бұл ең біріншіден өтініш берушілердің жер алуға деген үмітін үкілей түсетіні анық. Тағы да заңға жүгінсек, Жер кодексінің 44-бабына сәйкес, тегін берілген жер телімдері туралы ақпарат ашық болуы қажет. Қазақстанда туу көрсеткіші артып, халық санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, жер телімін алуға және тұрғын үйдің кезегінде тұрған азаматтардың саны тиісінше, арта беретіні даусыз. Оның үстіне, кезек те өте ақырын жылжиды. Бір сөзбен айтқанда, мұның төңірегінде мәселе өте көп. Сондықтан, әркім өз құқығын білгені абзал!
Ендігі кезекте негізгі мәселеге қарай ойыссақ, жер телімін иелену, оны мақсатты пайдалану, егер мемлекет есебінен берілген жер телімі өз мерзімінде мақсатты пайдаланылмайтын жағдайда, жергілікті атқарушы органдардың тарапынан қандай шаралар қабылданады деген сұрақтарға жауап ретінде Б.Момышұлы ауылының әкімі аппаратының мамандарынан сұраған болатынбыз. Олай болатыны, қазіргі таңда аудан орталығында жер кезегінде тұрған азаматтардың саны басқа ауылдық округтерде қарағанда, анағұрлым артық. Сондықтан, жер теліміне қатысты мәселелер де орталықта өз өзектілігін жоймайды.
Сонымен, әкімшілік мамандары өзiндiк қосалқы шаруашылықты (үй маңындағы телiм) жүргiзу және жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелерін алу туралы түсіндірме ретінде төмендегі маңызды мәліметтерді ұсынды.
Әкімдік мамандары «Жер кодексінің» 50-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарына ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн – суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар жеке меншікке бір рет тегін берілетінін айтады.
Өзiндiк қосалқы шаруашылықты (үй маңындағы телiм) жүргiзу және жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелерін жеке меншікке тегін беру жер учаскелері игерілгеннен кейін жүргізіледі. Жер учаскелерін көрсетілген мақсаттар үшін игеру кезеңіне беру осы Кодекстің 92-бабына сәйкес, мұндай жер учаскелерін игерудің талаптары мен мерзімдері белгілене отырып, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығында жүргізіледі.
-Бұл ретте осыдан бірнеше жыл бұрын Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылы әкімінің аппараты арқылы тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер телімін сұраушылар (әкімдікке өтініш берушілер) жер кезегінде тұрған 170 адамға «Көктөбе» тұрғын алқабынан жер учаскесі берілетіндігі туралы хабарлама берілді. Осының негізінде, 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап кезекте тұрған азаматтарға өзіндік қосалқы шаруашылығын және тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін аталған тұрғын алқабынан уақытша үш жыл мерзімге жер телімдері пайдалануға берілген болатын. Осының нәтижесінде, қазіргі таңда жер телімін иеленген 68 азамат онда тұрғын үй құрылысын жүргізіп, оның ішінде, 26 азамат салынған объектіні пайдалануға дербес қабылдау актісі негізінде жер учаскесіне жеке меншік жер пайдалану құқығын, яғни жер телімін жеке меншікке алды.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің талабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрғын үй құрылысы, өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн, уақытша 3 жыл мерзімге пайдалануға алған азаматтарға, уақытша берілген жер телімдерін нысаналы мақсатында игеріп, салынған объектіні пайдалануға дербес қабылдау актісінің негізінде жеке меншікке берілетіндігін, нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған, мүлде пайдаланылмаған жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылатынын ескертеміз!
Қазіргі уақытта Б.Момышұлы ауылынан тұрғын үй құрылысы, өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн жер кезегінде барлығы 4 143 азамат кезекте тұр. Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелерін беруге сумен және электрмен жабдықтау желілерімен (инженерелік-инфрақұрылыммен) қамтамасыз етілген алаңдарда ғана мүмкіндік беріледі. Онымен бірге, орталықтандырылған ауыз сумен жабдықталмаған елді мекендерде мұндай жер учаскелерін беруге электрмен жабдықтау желілері болған кезде ғана жол беріледі,- дейді Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының іс жүргізу бөлімшесінің басшысы Нұрпейіс Мұратов.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұралған кезде азаматтардың өтініштері (өтінішхаттары) арнаулы есепке алынады және бөліп беруге арналған алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар болған кезде қанағаттандырылады. Азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру қағидаларын орталық уәкілетті орган бекітеді. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін тегін негізде беру кезінде азаматтың жеке тұрғын үй құрылысы үшін мемлекет құқық берген жер учаскелерінің бар немесе жоқ екендігі қатаң ескеріледі! Жер телімінен үмітті азаматтар осы мәселелерді де ескерулері қажет!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»