Basty bet
Сөз қасиеті мен қадірін түсінген жан
Тойдың көңілді, мазмұнды өтуі асабаға тікелей байланысты. Ұшқыр ой, ұтқыр сөз, жарасымды әзіл-қалжың, тәрбиелік мәнді айшықты әңгіме, қонақтарды жалықтырмайтыны белгілі. Сөздің құдіретіне бас иіп, бүкіл ғұмырын, тарихын сөзбен жасаған, жауын да, дауын да сөзбен тоқтатқан, сөзбен шешкен халықтың ұрпағына сөз киесіне ерекше ден қоюы заңдылық. Тойдағы дастарқанның сәні де, мәні де асабаның шеберлігіне байланысты екені рас.
Сондай жас асабаның бірі – Ақжол Әліпбай. Жас болса да 300 адамдық тойды абыроймен басқарып жүрген Ақжол 1994 жылы туған.
Ақжол Шоқанұлы Байзақ ауданы Тегістік ауылының тумасы.
Теріс ауылындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепті тамамдаған ол 2012 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, музыка факультеті бойынша аяқтайды.
Алғашқы еңбек жолын 2016 жылы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте музыка пәнінен сабақ беруден бастаған ол, 2020 жылы аудандық мәдениет үйінде жұмыс жасайды.
2017 жылы Ақжан Әліпбай Айдана есімді қызбен шаңырақ көтеріп, қазіргі таңда екеуі екі ұл, бір қыз сүйіп отыр.
-Атақты Досбол шешеннен: «Қол бастау қиын ба, жол бастау қиын ба?»- деп сұрағанда: «Қол бастау қиын емес көк найзалы ерің болса, жол бастау қиын емес соңыңнан ерген елің болса, бәрінен де сөз бастау қиын, тауып айтсаң мереке қылады, жаңсақ айтсаң келеке қылады»,– деген екен. Тойдың көңілді, ән-күймен мазмұнды өтуі асабаға байланысты дейтініміз де осыдан. Күлдіретін де, бүлдіретін де, жылататын да, жұбататын да – тіл,- дейді Ақжол Әліпбай.
Сөзге шеберлік, суырыпсалмалық, ұтқырлық – асабаға жарасымды қасиеттер Ақжолдың бойында бар. Қонақтар мен той иесінің арасын әдемі жымдастырып, жарасымды үйлестіріп отыру Ақжолдың шеберлігіне тән.
Сонымен асабалардың қалтасындағы қалжыңдары, қоржынындағы ойындары бірсарынды өрбіп, тойға жиналғандарды жалықтырып жіберетін тұстары аз емес. Шыны керек, соңғы кездері қазақы мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз ұмыт қалып, қазақтың тойы өзіндік мәнін де, мағынасын да жоғалтып бара жатыр деушілер көп.
Той саласында 10 жылдан астам қызмет жасап жүрген Ақжол бүгінде кәсіпкерлік саланы да қатар алып жүр. Еңбек пен бақыт – егіз ұғым. Еңбектің көзін тапқандар ғана бақытқа қарай жақындай түседі. Иә, айтуға оңай шығар, бұл істе екінің бірінің жолы бола бермейді. Өмірде бірі бастаған ісін аяғына жеткізбей, әрі-сәрі күй кешсе, бірі қиыннан қиыстырып дөңгелетіп әкетуде.
Жастар арасында жұмыссыздық мәселесін шешу үшін мемлекет елдің жас азаматтарын кәсіпкерлік қызметке тартуға күш салуда. Бұл – қоғамға да, азаматтарға да, мемлекетке де тиімді.
Адамды еңбекке баулып, алға қарай ынталандыру қашанда пайдалы. Жастарға кәсібінің нағыз маманы болуға және өз бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік пен жағдай жасасақ болғаны. Ал табысты болу кәсіпкердің еншісінде.
Отбасылық кәсіпте береке бар. Кәсіп жүргізудің амал-тәсілі көп. Көкейдегі идеяны жүзеге асыру арқылы армандаған бизнеске қол жеткізу оңай. Алайда отбасылық кәсіпті дөңгелетудің жөні бөлек, жауапкершілігі мол. Ақжолдың келіншегі де кәсіпке бейім. Осылайша жас отбасы бірге кәсібін дөңгелетіп отыр.
-Мен бірінші орынға отбасымды қоямын, олардың амандығы, саулығы бәрінен жоғары.
Дайын бизнестің жұмысын жалғап, әрі қарай жүргізіп келеміз. Кәсіп болған соң әртүрлі жағдай кездесіп тұрады. Олардың барлығын ата-анамның сүйеніші, қолдауы арқылы өтіп келемін. Кез келген жұмысты істеп өстік, қиындықпен де бетпе-бет келдім. Бірақ кәсіпкер атану үшін бәрін де жеңе білу керек,- дейді болашақ жас кәсіпкер.
-Әзірге өзімді кәсіпкермін деп санамаймын. Әрине бұл отбасылық бизнес, бірақ кәсіпкермін дегенге әлі ерте. Бұл кәсіпті игеріп алу үшінде күш-қайрат керек. Біраз жұмыс істеу қажет. Осы саланы дамытып, ел игіліне қызмет жасап, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз еткім келеді.
Асаба болу оңай емес, қызығы да шышығы да қатар жүреді, әр адамның талғамы әртүрлі, оның үдесінен шығып, той иесінен мақтау естігенде шаршағаныңды ұмытып қаласың.
Мектеп кезінен өнерге жақын болдым, мектептегі барлық іс-шараларға қатыстым, жоғарғы оқу орнына түсіп, жүрген ортамда әнші жігіттер болды.
Той басқарғанда арасында қиын сәттер де болады. Той жасаған қыз-жігіттің бірінің ата-анасы қайтыс болған, аға-жеңгесінің қолында өскен жағдайлар болады. Сондай сәттерде тойды жүргізу қиынға түседі. Сондықтан ата-анамызды барында бағалайық дегем келеді қазіргі жастарға.
P.S
Той да, талғам да – әркелкі. Асабаның қызмет бағасы да – әртүрлі. Дегенмен, талғам да, той да – өтпелі. Мәңгіге қалатыны-ұлттық дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз. Өскелең ұрпақтың өнегесі үшін осындай әрбір өрелі шараның орны бөлек. Тойымыз ойымыздан шықсын десек, одан қазақылықтың исі бұрқырап тұрсын.
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»