Basty bet

Мақсатымыз – артымызда жақсы із қалдыру

Ауған соғысы Кеңес Одағы кезіндегі қайғылы оқиғалардың бірі. Биыл ақпанның 15-і күні Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына 35 жыл толмақ.
Ауған соғысы – жүректе жазылмайтын, тарихта орын алатын ерекше беттер.
Оқ пен оттың арасынан оралған ардагерлер үшін Ауғанстан жазылмас жан жарасына айналды. Ауған соғысы – он екіде бір гүлі ашылмаған боздақтардың қанымен жазылған тарих. Жылдар жылжып өткенімен, ерлікпен қаза тапқан ержүрек жауынгерлеріміздің ерлігі ел есінде мәңгі сақталады.
Аудандық “Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері” қоғамдық бірлестігіне 2022 жылдың қараша айынан бастап Пердебай Оспанов төрағалық етеді.
Жақында Пердебай Ұзақбайұлы қаруластары Кенжехан Раздықов және Ғалым Қылышбаев үшеуі редакцияға келіп, қоғамдық бірлестіктің жұмысы, алдағы жоспарлары, жас ұрпақ тәрбиесі туралы ой-пікірлерімен бөліскен еді.
-Қоғамдық бірлестік жұмысының мақсаты – жастардың патриоттық сезімін ояту, отаншылдыққа тәрбиелеу. Ардагерлердің мүддесін, құқығын қорғау, жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғамдық жұмыстарға араласуына мүмкіндік жасау.
Мереке қарсаңында мектептерде, ауыл-ауылдағы мәдениет үйлерінде жақсы іс-шаралар ұйымдастырылады. Биыл Бақалы ауылдық клубы алғаш болып бастап, ардагерлерді қонаққа шақырды. Ардагерлер Ауғандағы әскери қызметіміз туралы естеліктерімізбен, бейбіт өмірдің қадірі, отаншылдық туралы ой-пікірлерімізбен бөлістік. Осы орайда аудан басшылары мен ұстаздар қауымына, мәдениет саласының қызметкерлеріне, жастар мен оқушыларға ілтипаттары үшін алғысымызды білдіреміз. Алайда осындай іс-шаралар тек мереке қарсаңында ғана емес, жыл бойына жоспарлы түрде өткізілсе, жас ұрпақтың тәрбиесі үшін маңызды жұмыс болар еді.
Мен аудандық Қорғаныс істері бөліміндегі арнайы комиссияның мүшесімін. Яғни, әскерге шақырылушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Одан бөлек, “Ақсуат”, “Б.Момышұлы атындағы шекара заставасымен”, 91678 әскери бөлімімен байланыстамыз. Олар әскерге барған сарбаздардың ант қабылдау, басқа да іс-шараларына шақырып тұрады,- дейді Пердебай Оспанов.
Ардагерлер қоғам, үкімет тарапынан өздеріне берілетін көмек-қолдау, бөлінетін көңіл туралы да ойларымен бөлісті.
-Биыл 35 жылдыққа орай ардагерлерге үкімет тарапынан 50 айлық көрсеткіш көлемінде бір реттік көмек беріледі екен. Ол үшін әрине алғысымызды білдіреміз.
Ауған соғысы ардагерлерінің жесірлеріне үкімет тарапынан былтыр 50 мың теңге беріліпті. Бұл да ардагердің отбасына берілген көмек. Алайда осындай көмек-қолдаулар оларға да 9 мамырда емес, өзіміздің күнімізге орай, мереке қарсаңында берілсе дұрыс болар еді.
Айта кететін мәселе – жыл санап қатарымыз сиреп келеді. Сондықтан Алматы, Астана қаласындағы госпитальға жылына бір-екі жолдама ғана емес, бес-алтыға дейін көбейсе дейміз. Себебі, көптеген ардагерлеріміздің денсаулығы емделуді қажет етеді. Және жолдама берудің талаптары қайта қаралса деген өтінішіміз бар.
Сонымен бірге, аудандық емханада дәрігерге көрінуге жеңілдіктер болса дейміз. Біздің естуімізше, емханада ардагерлерге бір кабинет қарастырылған дейді. Ол кабинет аптаның бір күнінде уақытпен жұмыс істейді екен. Ауырған адам сол күнді, уақытты күтіп жүре алмайды ғой. Сондықтан кез келген күні Ауған соғысы ардагерлері дәрігерге кезексіз кіре алатындай жағдай жасалса дейміз. Себебі, Ауған соғысының ардагерлері Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген,- дейді ардагерлер.
Қоғамдық бірлестіктің алға қойған жұмыс жоспарларының бірі қайтыс болған қаруластарының отбасы мен әлеуметтік жағдайы төмен майдандастарына көмек көрсету және аудан орталығынан арнайы кабинет ашу.
-Басқа аудандарда ардагерлер кеңесінің өз кабинеті бар. Ол жұмыс жасауға тиімді. Қажет жағдайда ардагерлерді үй-үйден іздемейді. Әрі ардагерлер өздерінің бас қосып, ақылдасып, кеңес алуларына, түрлі іс-шаралар ұйымдастыруларына да ыңғайлы болар еді.
Негізі “Амаnат” партиясының төрағасы Марат Нарымбеков бізге бір кабинет беруге уәде берген. Алайда сол тірліктің соңына дейін жетуіне өзіміз мүдделі болуымыз керек еді. Марат Нарымбеков қазір де партия ғимаратының кабинеттерін ыңғайластырып, көмектесуге дайын екенін айтып отыр. Кабинет ашып, оның жұмысын жүргізуге де біраз көмек керек. Оған аудан басшылығы көмектессе дейміз.
Енді біраз жылда біздің де қоғамдық жұмыстарға араласуға мүмкіндігіміз болмай қалуы мүмкін. Себебі, бұл – өмір… Сондықтан біздің мақсат – артымызда жақсы із қалдыру.
Ауған соғысы – тарих. Жалындаған жастық шағын оқ пен оттың арасында өткізген ардагерлеріміздің ерлігі ұмытылмауы керек,- дейді Пердебай Ұзақбайұлы.
-Бүгінгі қоғамдағы ең маңызды мәселе – жас ұрпақ тәрбиесі. Біз балалық шағымызда батырлар жырын оқитынбыз, кітап оқитын жастардың қатары көп еді. Кітап оқу арқылы тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды білдік, қаншама жақсы қасиеттерді бойымызға сіңірдік. Ал, қазіргі жастарды әлеуметтік желі тәрбиелеуде. Әлеуметтік желіде жақсыдан гөрі жаман дүниелер көп. Жастар оны сүзгіден өткізіп қабылдай алмайды ғой. Олар көргеніне еліктейді. Ішкі сүзгі де кітап оқу арқылы қалыптасады.
Телеарналарымызда да ұлттық құндылықтарға негізделген бағдарламалар өте аз, тіпті жоқтың қасы. Балалар көретін мультфильмдерді қараңыздаршы, мәселен, балалар сүйіп көретін “Маша мен Аю” балаға не үйретеді?! Сондықтан тілімізді, ділімізді, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін бағдарламалар көбірек шықса, жер-жерде тағылымды іс-шаралар жиі ұйымдастырылса, ең бастысы отбасында бала тәрбиесіне жете мән беруіміз керек. Әйтпесе, жамандық атаулы құндылықтарымызды жұтып қоюы мүмкін,- дейді ардагерлеріміз.

Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close