Basty bet
Қазақстанның жаһандық бастамалары әлемге үлгі
Халықаралық қауымдастықтың жауапты да белсенді мүшесі ретінде бастамалар көтеріп жүрген Қазақстанға әлем назары ауып отырғаны бәрімізді қуантады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы күннен бастап-ақ бейбітшіл саясат ұстанып және халықаралық саясатта өз орнын қалыптастыру үшін үлкен де маңызды саяси бастамалар көтеруді қолға алғаны белгілі. Халықаралық аренада маңызды мәселелерді көтеріп қана қоймай, сонымен бірге түйінді мәселелердің шешілуіне тікелей атсалысып та жүр. Қазақстанның бітімгерлік бастамалары мен елдің ішкі дамуына қызмет етіп жатқан бағдарламалары Орталық Азияда көшбасшы болуымызға септігін тигізуде. АҚШ және басқадай ірі мемлекеттермен жақсы қарым-қатынастарымыз да өз жемісін беруде. Биылғы жылдың қаңтар айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткеніміз де Қазақ елінің беделі халықаралық аренада артып келе жатқанының нақты дәлелі деуге тұрады. Бұған дейін біздің ел тарапынан халықаралық маңызы бар мынандай бастамалар көтеріліп, жүзеге асырылған еді.
1. Оның ең алғашқысы ядролық қарудан бас тарту деп айтуға болады. 1991 жылы 29 тамызда Президент Семей жеріндегі ядролық полигонды өз Жарлығымен жапса, 1992 жылы Кеңестер Одағынан қалған үлкен ядролық арсеналдан бас тартып, еліміз бейбітшілік саясатын ұстануды басты мақсат етіп қойды. Бірақ тәуелсіздік алдық дегенмен де, бұл қарудан айрылмауға да кеңес берген адамдар немесе мемлекеттер де болды. Қазақ елі Азия құрылығында жатқандықтан көптеген ислам мемлекеттері біздің «қаруға» құда түспекші де болды. Дегенмен «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген пайым өз алдына жеке бір әңгіме болса, ел басшылығы тек Қазақстанның ғана тыныштығын ойлап қана қоймай, Азия құрлығының, оның ішінде Орталық Азия елдерінің болашағына да бей-жай қарамай оңды да дұрыс шешім қабылдады. Қазақстанның ядролық қарудан бас тарта отырып, АҚШ, Ресей, Қытай және Ұлыбритания сияқты әлемдік алпауыт елдерден Қазақстан тәуелсіздігіне беретін кепілдіктерін алуы үлкен жетістік болып табылады. Осылайша, жас қазақ еліне шетелден экономикамыздың дамуына арқау болатын инвестициялар келе бастады. Егер мұндай сәтті бастама болмағанда, Солтүстік Корея немесе Иран мемлекеттері сияқты халықаралық оқшаулауға түсіп, қазіргі таңда экномикамыз үлкен күйзеліс үстінде болар еді.
2. Астана экономикалық форумы өзінің ауқымы бойынша бүкіл Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы сұхбат алаңына айналған әлемдік масштабтағы үлкен шаралардың бірі. Форумда 120 елден әлемге танымал саясаткерлер, сарапшылар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері және түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің басын қосады. 2008 жылы алғашқы форум өтіп, сол кезде бастылып жатқан әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту мәселелерін талқылап, бірден ықпалды халықаралық алаңға айналып үлгерді. Жыл сайын өтіп келе жатқан экономикалық сұхбат алаңында әлемдік өзекті экономикалық және қаржылық проблемалар талқыланып қана қоймай, онда нақты шешімдер Біріккен Ұлттар ұйымынан бастап түрлі халықаралық ұйымдарға ұсынылып келеді. Биыл XI Астаналық экономикалық форумы 17-19 мамырда Global Challenges Summit жаңартылған форматында өтіп, оған әлемнің 101 елінен 300-ден астам спикер және 6120 қатысушы жиналды. Форум барысында әлемдік сарапшылар қауымдастығы бүгінгі күні адамзаттың алдында тұрған сын-тегеуріндерді – ресурстық тұрақтылықтан және ұзақ ғұмырға дейін, жаһандық қауіпсіздіктен және болашақтың мега-қалаларын ұйымдастыруға қатысты мәселелерді талқылау үшін бірікті.
3. Сирия бойынша Астана процесі. Сирия Араб Республикасында талай жылдан бері жергілікті халықты әбден мезі қылып, ұлттық трагедияға айналған соғыс жүріп жатқанын білеміз. Қазақстан басшылығы жоғарыда атап өткеніміздей, бейбітшілік саясатын ұстанатын ел болғандықтан басқа елдерді, әсіресе қантөгістер көп болып жатқан мемлекеттерді ымыраға шақырып, бітімгершілік шараларымен айналысып жүргені белгілі. Шам еліндегі азаматтық соғыс лаңкес ұйымдардың қазіргі Сирия билігіне қарсы әскери іс-қимылдарынан бастау алған. 2017 жылғы 23-24 қаңтарда Қазақстанның бастамашылдығымен және Түркия, Иран, АҚШ және Ресей сияқты елдердің қолдауымен екі тарап – Сирия үкіметі мен өздерін Башар Асад билігіне оппозициялық деп есептейтін қарулы топтың өкілдері шақырылды. Сонымен қатар жоғарыда аталған елдер өкілдерімен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының да делегациясы келіссөздерге қатысты. Бұл соғысушы екі жақтың ресми жоғары деңгейдегі ең алғашқы кездесуі болды. Кездесу барысында әскери және гуманитарлық сипаттағы келісімдерді бұзбау мен 2016 жылғы 30 желтоқсандағы Ресей мен Түркия арасындағы атысты тоқтату туралы келісімнің толықтай сақталуы айтылды. Оппозициялық күштер өз талаптарын тек Мәскеу мен Анкараға ғана қойғанымен, Ресей, Түркия және Иран делегациялары бірлескен мәлімдеме жасап, ең алдымен Сирияның тұтастығы сақаталуы керектігін баса айтты. Аталған саяси шара осы талай жлдардан бері жалғасып келе жатқан әскери қақтығыстарды реттеудің алғашқы басқосуы болды. Бұдан кейін Сириядағы жағдай бойынша өтіп жатқан бітімгершілік кездесулері осы Астана процесінің жалғасқан раунды болып келеді. Аталған жағдайды реттеудің басқа ешқандай тетігі болмағандықтан біздің елдің осы бастамасы түбінде оң нәтижеге жеткізетін құрал болатынына сенімдіміз.
4. EXPO-2017 халықаралық көрмесі 2017 жылдың 1 маусым мен 1 қыркүйек аралығында Елордада өткені белгілі. Қазіргі жаһандық үлкен проблемалардың бірі экология болса, оның ішінде Жер планетасының жылдан жылға жылып бара жатқандығы әлем елдерінің басты көңіл қойып отырған өзекті мәселе болып есептеледі. Сондықтан да Қазақстанның бастамасымен кезекті көрме тақырыбы болашақтың энергиясы – жасыл энергияға арналды. Көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысса, оны тамашалауға 3 млн адам келген. Қатысушылар өздерінің болашақта экологиялық таза энергияны пайдаланатын құрылғылар мен машиналарын жалпы тамашалауға қойды. Дүние жүзіндегі энергетикалық ресурстар бітіп, экология мәселесі ушығып тұрғанда баламалы энергия көзіне көшу адамзат дамуында үлкен өзгерістердің бірі болмақшы.
Қазақстанның жаһандық бастамалары мұнымен бітпек емес. Әлемдік саясатта сарабдал көзқарас ұстанып отырған Қазақстанның бүгінгі көтеріп отырған мәселелері өте көкейкесті. Сондықтан бұл бастамалардың баянды болуы біз үшін қашан да маңызды.
Мақалалар интернет мәліметтерінің негізінде дайындалған