Basty bet

Домбырасыз ән қайда, домбырасыз сән қайда?!

Талай ақын-жырау жырына арқау еткен ұлттық аспабымыз домбыра – күллі қазақ халқының кешегісі мен бүгінін айшықтап, келешегіне кемел жол сілтегендей. Қазақ – қайда жүрсе де, қолынан қасиетті домбырасын тастамаған халық.

 

Ұлттық аспап домбыраны жанына серік еткен күміс көмей әншілеріміз бен дәулескер күйшілеріміздің есімдері жарқын әріптермен жазылып тарихта қалды. Атап айтар болсақ, Құрманғазы, Тәттімбет, Диналар күйді күмбірлете ойнап, ел жүрегінен орын алды. Осындай таланттардың текті өнерін жалғаған жыршы-термешілер, күйшілер бүгінде ұлттық құндылығымыздың қадір-қасиетін танытып келеді.
Қазақтың ең көне музыка жанры – күйдің киесі, қасиеті қонған, талай ғасырдан бері бізбен бірге жасасып келе жатқан домбыраның үнін асқақтатып жүрген жандардың бірі – аудандағы №1 Балалар өнер мектебіндегі домбыра сыныбының мұғалімі Зухра Әбішева. Зухра Әбішова 1972 жылы Шақпақата ауылында дүниеге келген. Осы ауылдағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің түлегі. Оның сөзінше, ол 9 жасында атасы Төлепберген Әбішев ауылда өткен дүбірлі тойдың тойбастарынан домбыра алып келген екен. Сол кезде алғаш рет қазақтың қасиетті қара домбырасын қолына алып, ұлттық аспапқа деген және күй өнеріне деген қызығушылығы ояна бастаған. Айтса айтқандай-ақ, 5 сынып оқып жүргенде ауданға белгілі күйшілер Аташбек Әмірқұлов пен Доқтыркүл Нұрова Шақпақата ауылына арнайы келіп, музыка мектебін ашады. Өнерге жақын халықпыз ғой, осы мектептің ашылғанын естіген ата-ананың барлығы дерлік балаларын жаппай домбыра үйірмесіне жазады.
Төрт жылдай домбырадан сабақ алған Зухра Айтбекқызы алғаш рет Алматы қаласына барып, оркестрмен бірге күй орындап, телеарна эфиріне шыққанын да зор тебіреніспен еске алды.
Зухра Әбішева Тараз қаласындағы мәдени ағарту училищесінде және Шымкент қаласындағы академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінде домбыра сыныбының мұғалімі мамандығын алып шыққан.
Ол 1992 жылы Б.Момышұлы ауылының азаматы Рахат Дәуірбаевқа тұрмысқа шығады. Содан осы жылы Қайрат ауылындағы Құрманғазы атындағы музыка мектебінде домбырадан шәкірт баулиды. Мұнда бес жылдай уақыт шәкірт тәрбиелеген Зухра Әбішева 8 жылдай бала тәрбиесімен үйде отырады. Бірақ домбырасын қолынан тастамай той-жиындарда, мерекелік кештерде күмбірлетіп күй тартып, әуелетіп ән шырқап, елді тамсандырып жүреді.
Осылайша 2005 жылы аудандығы №1 Балалар өнер мектебіне жұмысқа орналасады. Бүгінде домбырашының 30-ға жуық шәкірті бар. Аптаның бес күнінде оқушыларға күй үйретеді.
Домбырашының сөзінше, 4-3 және 2 сыныпта оқитын Ержан Әминов, Нұрәли Мырзахмет, Әдемі Қамбар, Дінмұхамед Алдиярұлы, Еркеназ Орынтай ерекше дарынды оқушылар. Себебі, сабақ кезінде нотаны тез қағып алып, бір күйді бір аптада жаттап алатындай дәрежеде екенін мақтанышпен жеткізді.
– «Жеті ағайынды киелі өнердің ішіндегі мен үшін ең қымбаттысы – музыка. Ал, халық аспаптарымыздың негізі – домбыра болғандықтан ұлттық өнеріміздің көзі – күй болатынын естен шығармауымыз керек» деген екен ұлы композитор, дарынды дирижер, күйші Нұрғиса Тілендиев. Сол секілді мен де өнер жолын, оның ішінде, домбыра аспабын таңдағаныма еш өкінбеймін. Бүгінде біздің мектептен көптеген дарынды оқушылар түлеп ұшты. Шәкірттерімнің дені “Домбыра” үйірмесіне ата-анасының қалауымен емес, өз қалауларымен таңдап келеді. Сондықтан да маған оқушыларға домбырадан сабақ беру қиынға соқпайды. Себебі, баланың өнерге деген қызығушылығы оның бойындағы талантын аша түседі деген ойдамын. Қазіргі балалар жан-жақты, зерек – дейді Зухра Айтбекқызы.
Айта кетейік, Зухра Әбішеваның шәкірттері республикалық, облыстық жарыстардан жүлделі орындарды иеленіп, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге де жеткен. Мұның өзі күй өнеріне деген құрметі мен қызығушылығы жоғары жастардың бар екендігінің белгісі іспетті.
Зухра Айтбекқызының Рамазан, Мирас есімді ұлдары да домбыраға жақын, аналарының жолын қуып келеді. Ал, үлкен қыздары Сәуле және Эльмира тұрмыста. Қыздарынан үш немересі бар.
Ендігі біздің кейіпкеріміздің арманы ұлдарын ұяға қондырып, инабатты келін түсіру болып отыр.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

 

Таңдаулы материалдар

Close