Basty bet

Триаж жүйесі

медициналық көмекті жеделдетеді

Аудандық орталық аурухананың қабылдау бөлімінде 1 қаңтардан бастап Триаж жүйесіне негізделген жедел медициналық көмек көрсету орталығы ашылған болатын. Триаж жүйесі науқастың жағдайын шұғыл анықтап, дер кезінде ем-дом қабылдауға жол ашты. Мұнда пациенттер сары, қызыл, жасыл аймақтар бойынша іріктеледі.
Триаж сөзі француз тілінен аударғанда «іріктеу» деген мағынаны білдіреді. Триаж жүйесі – бұл медициналық ұйымның қабылдау бөлімінде қажетті шаралардың (емдік, профилактикалық, эвакуациялау) жеделдігі мен біртектілігіне негізделген келіп түскен пациенттерді топтарға бөлу.
Медициналық триаж төтенше жағдайларда пациенттердің ең көп санына оңтайлы көлемде уақтылы көмек көрсетуге бағытталған. Жаңа жүйеге сәйкес, дәрігерлер науқасқа 60 секундтың ішінде алғашқы медициналық көмек көрсетуі тиіс.

Өткен жылы аудандық орталық аурухана ғимаратына жапсарлас Триаж жүйесіне арнайы бағытталған ғимарат салынып, заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған болатын. Нәтижесінде, ауруханада еңбек ететін дәрігерлер науқастарға жедел медициналық көмек көрсетіп, көптің алғысына бөленуде.
Қабылдау бөлімінде өміріне қауіп төнген науқасқа шұғыл ем жасалады. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтар жеткілікті. Бұл жерде бұрынғыдай науқас алдымен тіркеуге алынып, одан соң әр дәрігердің қарауына барып жүрмейді. Бірден төсекке жатқызылып, зертхана арқылы қажетті сараптамалар жасалады. Сол мезетте диагнозы анықталып, интенсивті терапиялық ем шаралар жүргізіледі. Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операция жасауға да мүмкіндік бар. Жаңадан іске қосылған жүйе адам өлімін азайтуға, медициналық қызмет сапасын жақсартуға негіз болмақ.
Қабылдау бөлімінің меңгерушісі, хирург дәрігері Шолпан Чмаеваның айтуынша, Триаж жүйесі бойынша түскен науқас санаттар бойынша шұғыл, жоспарлы және өздігінен қаралу болып бөлінеді. Осыған сәйкес науқастың жағдайына байланысты қызыл, сары немесе жасыл білезіктер тағылады. Мұндай жүйе әлемнің көптеген елдерінде тиімді жұмыс істеуде.
– Бұл процесс жылдам өтеді. Қызыл ағын – дереу көмек көрсетілуі тиіс пациенттер, сары ағын – шұғыл көмек қажет ететін науқастар, жасыл ағын – бұл пациентті қабылдау, қызмет көрсету, бағыт беру, қажет болған жағдайда жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылады, – дейді Шолпан Чмаева.
Қабылдау бөліміне тәуліктің кез келген мезгілінде әртүрлі жағдайлармен медициналық көмекке мұқтаж науқас жандар көптеп түсіп жатады. Әсіресе, оқыс оқиғалардан болған жарақат алушылар көп. Оның ішінде, жол-көлік оқиғалары мен жол апатының салдарынан зардап шеккен науқастар. Одан бөлек, өндірісте жарақат алғандар, т.б. оқыс оқиғалардан зардап шеккендер бар. Бұл тізімге сәбилер мен жас балаларды да қосуға болады. Өмір болғаннан кейін бәріміздің басымыз ауырып, балтырымыздың сыздамай тұрмайтынын ескерсек, бір сөзбен айтқанда, қабылдау бөліміне еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін келіп, алғашқы медициналық көмекке жүгінеді.
Жалпы қабылдау бөлімінде жиырмадан астам қызметкер жұмыс жасайды. Жауапты дәрігер, медбикелер және санитарлық қызметкерлер, 4-ші шұғыл санатқа науқас орналасқан аймаққа дәрігерлер осы қоңырауларға ауысыммен әрі тәуліктің кез келген мезгілінде уақытпен санаспай жұмыс жасайды.
Қабылдау бөлімшесі тәулік бойы жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетеді. Қабылдау бөлімінде тіркеу бөлмесі, пациенттерді байқау, келіп түскен сәтінен бастап емдеуге жатқызуға көрсетілімдері және болжамды диагнозы анықталғанға дейінгі шұғыл көмек көрсету бөлмесі. Триаж жүйесі бойынша қабылдау бөлмесі, жансақтау бөлмесі және ота жасайтын бөлмесі орналасқан. Амбулаториялық-стационарлық ем толыққанды алуға мүмкіндігін алатын бөлме, тәуліктік зертхана, рентген, ультрадыбыстық және эндоскопиялық диагностика бөлмелері мен басқа да зерттеулер жүргізу аймағы, келіп түскен пациенттерді санитариялық өңдеуге арналған бөлмелері бар.
Бір атап өтерлігі, мұнда медициналық көмек тәуліктің барлық мезгілінде 24 сағат бойы жүргізіледі. Әрі аймақта бұрын-соңды болмаған жаңа жабдықтар әкелінген. Ел игілігіне қызмет етіп, алғыс арқалаған ақхалаттылардың мерейі қашанда биік болсын!

Лаура МұсабекоВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close