Basty bet

Басты мақсат – жастарды спортқа баулу

Бүгінде бұқаралық спортты дамыту және жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Билікөл ауылдық округіне қарасты, Қарабастау ауылының кіші футбол алаңшасында жастар арасында Street Workout спортын кеңінен насихаттауға арналған «Жеңісті күшпен еңсер!» тақырыбында спорттық турнир ұйымдастырылды.
Аталған шараның басты мақсаты – жастарды спортқа баулу, дене дайындығын арттыру, сондай-ақ, олардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау болып табылады. Сонымен қатар, мұндай бастамалар жастардың тәртіпті, табанды және мақсатшыл болып қалыптасуына ықпал етеді.
Шараның ашылуында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Сәбит Қадыров жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде, жастар арасында бұқаралық спортты дамыту – ел болашағы үшін маңызды қадам екенін атап өтті.
Аудан көлемінде өткен тартысты додаға 15 жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жарыс барысында қатысушылар Street Workout спорт түрінің негізгі элементтері – белтемірге тартылу және белтемірге көтерілу жаттығулары бойынша сынға түсті. Бәсеке жоғары деңгейде өтіп, әрбір қатысушы өз күш-қуатын, төзімділігін және шеберлігін көрсете білді.
Жарыс қорытындысында қатысушылардың көрсеткен нәтижелері негізінде жеңімпаздар анықталды. Қызыларық ауылдық округінен сынға түскен Әлихан Айтбеков І орынды иеленсе, Билікөл ауылының спортшысы Бейбіт Нұрзат ІІ орынға тұрақтады. Ал, Б. Момышұлы ауылының спортшысы Сатыбалды Азамат жүлделі ІІІ орыннан көрінді.
Шара соңында жеңімпаздар мен өзге де қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан дипломдар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды. Жарысқа қатысқан барлық жасқа алғыс білдіріліп, олардың спортқа деген қызығушылығы мен белсенділігі жоғары бағаланды.
Аталған турнир жастардың спортқа деген ынтасын арттырып қана қоймай, саламатты өмір салтын насихаттауға, өзара достық пен бірлікті нығайтуға ықпал еткен мазмұнды әрі тағылымды шара ретінде есте қалды.

Эльмира Прімбекова,
Билікөл ауылдық округінің
жастармен жұмыс жөніндегі маманы

Таңдаулы материалдар

Close