Basty bet

Өңірдің ардагерлер ұйымы – облыста бірінші орында

Ағымдағы жылдың алғашқы аптасында Тараз қаласында Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті Пленумы болып, онда облыстық ардагерлер кеңесінің 2023 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы туралы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев баяндама жасады.

Жарыссөзде сөз сөйлеген Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев өңірдің ардагерлер ұйымында 2023 жылы атқарылған жұмыстар туралы айтты. Жыл қорытындысына арналған жиында аудандық ардагерлер кеңесі облыста бірінші орынды иеленіп, арнайы Дипломмен және теледидармен марапатталды.
Қосымша айта кететін болсақ, «Ардагерлер ұйымы» републикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы негізінен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауларын, оның ішінде, «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында белгіленген межелі міндеттерді жүзеге асыруға, сондай-ақ РҚБ-ның бекіткен ережесі және республикалық ардагерлер съезі пленумдарының, облыстық ардагерлер ұйымының алқа шешімдерін, облыс және аудан әкімдерінің ұстанған саясаты мен нұсқауларын басшылыққа ала отырып, жоспарға сәйкес жүйелі әрі жемісті жұмыстар атқарып келеді.
Аудандық ардагерлер ұйымы филиалының басты мақсаты – зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмек көрсету, оларға мәдени-тұрмыстық, медициналық және басқа да қызмет түрлерінің сапалы көрсетілуіне ықпал ету, жастарды аға ұрпақтың еңбек даңқы дәстүрлеріне, ата-бабалардың үздік ұлттық құндылықтарының негізінде тәрбиелеуге күш салу.
Қазіргі таңда ауданда барлығы – 5 879 зейнеткер болса, оның 139-ы тыл еңбеккері, Чернобыл апатына қатысқандар – 12, Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер – 69, Қарабақ, Иран және Тәжікстандағы ұрыс қимылдарына қатысқандар – 15, ал Ауған соғысының 56 ардагері тұрады. Оларға аудан басшылығының және ардагерлер ұйымының тарапынан хал-қадірінше түрлі көмектер көрсетіліп келеді.
Ұйымның жұмысы бірнеше бағыттан тұрады. Оның ең негізгісі – дене шынықтыру және спорт. Бұл бағытта өңір ардагерлерін спорттық шараларға тарту жұмыстары жүргізіліп, өткен жылы барлығы 16 спорттық жарыс ұйымдастырылды. Өңір ардагерлерін спортқа тарту арқылы олардың денсаулығын нығайту, қариялар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстары үлкен маңызға ие болып отыр. Бұл бағытта да аудандық орталық ауруханада ардагерлерді емдеу-сауықтыру шаралары атқарылып оларға тиісті медициналық көмектер көрсетілу үстінде. Жүйелі жұмыстар үстіміздегі жылы да жалғаса беретін болады.

«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалы

Таңдаулы материалдар

Close