Basty bet
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндет
актив жиынында аудандық полиция бөлімінің жаңа басшысы таныстырылды
Қоғамдық тәртіпті тұрақты қамтамасыз етіп, азаматтардың құқығын қорғау – мемлекет саясатының басым бағдарларының бірі екені белгілі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Азаматтардың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз.
Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз» деп атап өтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, ел азаматтарының құқығын қорғауды бірінші орынға қойып отыр.
Осыған орай аптаның сәрсенбі күні аудан әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында аудандық әкімдіктің актив жиыны өтті. Оған әкімдіктің мүшелерімен бірге, құқық қорғау органының басшылары, аудандық полиция бөлімінің басшылық құрамы мен қызметкерлері және БАҚ өкілдері шақырылды.
Актив жиынын сөз сөйлеп ашқан аудан әкімі Жалғас Мұртаза: «Президент заң мен тәртіп мемлекет пен қоғамның ең басты қағидатына айналуы керектігін айқындап бергені белгілі. Бұл – мемлекет саясатының басты негіздерінің бірі. Президенттің бұл тапсырмасын бұлжытпай іске асыру – барлық мемлекеттік органның, ең алдымен, құқық қорғау құрылымдарының тікелей міндеті. Бұл – қоғамда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Осыған байланысты бүгін Жуалы аудандық полиция бөліміне жаңа басшы тағайындалғалы отыр. Жаңа басшының жұмысына табыс тілеймін» деді.
Актив жиынына қатысып, сөз сөйлеген Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайсар Сұлтанбаев, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес, Жамбыл облысы Жуалы аудандық полиция бөліміне ротация тәртібімен Сәбит Мамытбековтың бастық болып тағайындалғаны туралы бұйрықпен таныстырып, жаңа басшының алдына бірқатар маңызды міндет жүктеді. Сонымен қатар, оған жергілікті атқарушы органмен, басқа да күштік құрылымдармен тығыз қарым-қатынаста бірлесіп жұмыс атқарып, ең бастысы – азаматтардың құқығын қорғап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
Жуалы АПБ-ның бастығы лауазымына тағайындалған Сәбит Мамытбеков Жамбыл облысында туған. Құқық қорғау органындағы алғашқы еңбек жолын 1993 жылы бастап, Жамбыл облысына қарасты бірқатар ауданда бөлім бастығы, сонымен қатар, Жамбыл облысы полиция департаментінің кадр басқармасында және Меркі аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Полиция полковнигі.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»