Basty bet
Саланың майталман мамандарына құрмет көрсетілді
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы саласының маңызды саласының бірі – су шаруашылығы екені белгілі. Елдің аграрлық әлеуетін дамыту ісінде де су шаруашылығы саласының жұмысы маңызды рөл атқарады.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласының жоғары қарқынмен дамуы мен еңбек өнімділігін арттыруда өзіндік үлесі бар «Ақсай» өндірістік бөлімшесі өңірде барлығы – 7 000 гектардан астам егістік алқапты суландыруға қауқарлы. Суғару маусымы кезеңінде суландыру жүйелері арқылы орта есеппен өндірістік бөлімшеге қарасты «Көксай» каналынан – 74 шаруа қожалық, «Ақсай» каналынан – 76, ал «Тихий» каналынан – 150 шаруа қожалық тұрақты түрде су алып, егістік алқаптары ағын сумен тұрақты қамтамасыз етіледі. Иә, бөлімшеден келісім-шарт арқылы су алатын шаруашылықтарда негізінен көпжылдық шөп, астық дақылдары, картоп, жүгері, күнбағыс және бау-бақша дақылдары орналастырылып, суғарылу үстінде.
Қазіргі таңда «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының аудандық «Ақсай» өндірістік бөлімшесінде барлығы – 43 су шаруашылығы саласының маманы мен жұмысшылар тұрақты қызмет атқарады. Мұндағы жұмыстар кәсіби маман, жұмысшылармен қатар, арнайы техникалардың күшімен атқарылу үстінде. Өңірдегі шаруашылықтардың егістік алқабын суландыру үшін инфрақұрылымдар жаңартылып, бөлімшеге қарасты каналдар жыл сайын тұрақты жөндеуден өтуде. Атап айтқанда, 2013-2015 жылдары «Көксай» каналының – 20,5 шақырымына жерасты темір-бетон құбыр-лотоктар қойылып, қолданысқа берілсе, «Ақсай» каналының – 5 шақырымына темір-бетон лоток қойылған. Бір сөзбен айтқанда, «Ақсай» өндірістік бөлімшесі қасиетті өңірдің су шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Мұны ең біріншіден ауыл шаруашылығында өндірілетін өнімнің көлемін ұлғайтуға қосылған мол үлес деп айтуға болады.
9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне орай аудан әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында жиын ұйымдастырылды. Оған «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының аудандық «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің басшысы Дәулетбай Нұрабаев және салада ұзақ жылдан бері абыройлы қызмет атқарып келе жатқан аға мамандар шақырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаев құттықтау сөзінде, су шаруашылығы саласының ел экономикасының дамуындағы маңызды орнын айта келіп, су ресурстарын ұтымды пайдалану, оны қорғау, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, ирригациялық жүйелердің жұмысын үздіксіз ұйымдастыру – үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін маңызды міндет екенін айта келіп, сала жұмысының дамуына және ауданның аграрлық әлеуетінің дамуына «Ақсай» өндірістік бөлімшесі ұжымының қосып отырған сүбелі үлесін айрықша атап өтіп, бірқатар қызметкерге аудан әкімінің Құрмет грамотасын және Алғысхаттарын табыстады.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»