Basty bet

Халыққа адал қызмет көрсету – ең басты міндет

Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет жүйесі толығымен жаңартылып, жаңа заманның ағымына орай реформалану үстінде. Қандай да бір қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік қызметтің алатын орны ерекше. Бүгінде қоғамда болып жатқан өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажет екендігін ұғындырып отыр. Осыған орай, мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі және қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілгені белгілі.
Жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға негіз болып табылады.
Мемлекеттік қызметшілер – билік пен қарапайым бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір іспеттес. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы ешуақытта ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда кәсіби және әділ маман болулары қажет. Олар елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты.
Нақты айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеріп, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Қазіргідей күрделі кезеңде мемлекет алдында тұрған өзекті шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер екендігін ескерсек, бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшілер басқаларға өзінің ісімен, білім-білігімен, тәжірибесімен ғана емес, әділдігімен, қарапайымдылығымен, сабырлығымен, отансүйгіштігімен, қызметте қажыр-қайратымен және кез-келген ортада үлгі болуы керек.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы болып табылатын жаңа Әдеп жөніндегі кодексі. Бұл – жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Ол мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық келбетін ғана емес, сондай-ақ олардың өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттарын бекітеді. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық, сатылмаушылық сияқты принциптерді ұстану керектігі басты орында тұрады. Сондықтан мемлекет сенімінінің үдесінен шығып, мемлекетке адал қызмет ету басты мақсатқа айналуы тиіс.
Мемлекеттің мүддесі жолында адал қызмет ету – қоғам мен мемлекеттің тарапынан ерекше сенімге иелену, моральдық-әдептілік талапқа сай келіп, еліміздің жарқын келешегін түзуге бар күш-жігерді жұмсау деген сөз. Осы бағытта аянбай еңбек етіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына үлес қосқан жөн!

Ержан НЫСАНОВ,
аудандық қазынашылық басқармасы
басшысының орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close