Basty bet

Елге қызмет абыройлы міндет!

Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет. 2013 жылы Президенттің Жарлығымен 23-ші маусым Мемлекеттік қызметшілер күні ретінде қабылданған болатын. Биыл міне аталған мереке оныншы рет атап өтілуде.

Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген қанатты сөзі бар. Расында, ұлтқа шын беріліп қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал елге шын беріліп еңбек етіп жүрген азаматтарды халық та төбесіне көтеріп, құрметтейтіні анық.
«Елге еткен қызмет – абыройлы міндет» деген қағиданы алға ұстаған мемлекеттік қызметшілер туған өңірдің тұрақты дамуы жолында табысты еңбек етуде.
23 маусымдағы Мемлекеттік қызметшілер күні кәсіби мерекесі және Полиция күні, ал былтырдан бастап 24 маусым – Судья және сот қызметкерлерінің күні болып бекітілген. Осыған байланысты өткен аптаның жұма күні 23 және 24 маусымдағы осынау кәсіби мерекелер аудандық «Достық» мәдениет үйінде жоғары деңгейде аталып өтті. Онда ел дамуында елеулі еңбек етіп жүрген сала қызметкерлерінің қатысуымен мерекелік жиын ұйымдастырылды.
Қазақстандық патриотизм және мемлекеттік қызметтің оң имджін қалыптастыру, мемлекеттік қызметтің беделін нығайту арқылы қоғамға қызмет ету, сонымен қатар қоғамдық тәртіпті қалыптастыру, ел тыныштығын қорғау жолында қажырлы еңбек етіп жүрген ішкі істер қызметкерлері мен сала ардагерлерін құрметтеуге арналған жиында жиналған қауымды төл мерекелерімен құттықтаған аудан әкімі Жалғас Мұртаза, мемлекеттік қызметші – әрбір істе билік пен халықты жалғайтын алтын көпір екендігін баса айтып, олардың мемлекет алдында берген антын ұмытпай, халыққа адал қызмет етуге шақырды.
Иә, үш бірдей кәсіби мерекенің қатар келуі де жақсылықтың нышаны емес пе?! Халыққа қызмет ету – құрметті мамандық. Аталған салаларда еңбек етіп жүрген қызметкерлер елді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды және ауқымды реформаларды жүзеге асыруға өздерінің мол үлесін қосуда. Сондықтан олар әрқашан Отан алдындағы міндеттерін ұмытпауға тиісті.
Мемлекеттік қызметшілер, Қазақстан полициясы күні және 24 маусым – Судья және сот қызметкерлерінің күні мерекесімен құттықтау және марапаттау үшін жиынның алғысөзі аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
-Құрметті мемлекеттік қызметтегі әріптестер!
Сот жүйесінің және полиция қызметкерлері, ардақты сала ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2003 жылы әр жылдың 23 маусымын мемлекеттік қызметшілер күні деп атап өту жөнінде ұйғарым жасаған болатын. Осыған орай, елімізде 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні ретінде жарияланды. 2007 жылы 5 маусым күні арнайы Жарлыққа сәйкес, 23 маусым – Полиция күні, ал 2022 жылы 24 маусым – Судья және сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып бекітіліп, аталып өтуде.
Бұл шаралар мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшінің статусын көтеруге оң ықпал еткені ақиқат. Бүгінгі кәсіби мерекенің белгіленуі – сот төрелігіне, әділдік алаңында аса зор шыдамдылықпен және асқақ абыроймен еңбек етіп жатқан судьялар мен кәсіби мамандарға деген құрметтің белгісі.
Әрбір өркениетті мемлекеттің ең басты тірегі – оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер болып табылады.
Мемлекеттік биліктің қоғамдағы құқықтық тәртібін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ішкі істер органдарының алар орны ерекше.
Өткен аптада Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз айтып жүрген әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық-парасаттылық пен адамгершілік»,- деп атап өткендей, мемлекеттік қызметшінің басты міндеті негізінен туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады.
Елге қызмет ету – қашанда абыройлы іс! Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Біз қазіргі таңда мемлекеттік қызметті жүйелеу, оны тұрақты да тартымды ету мақсатында меритократия қағидасын сақтап, ашықтық пен жариялылықты, көрсетілетін қызметтерді цифрландыруды қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Елімізде сот саласын реформалауға ерекше мән берілудің арқасында көптеген жетістікке қол жеткізілуде. Тәуелсіз сот жүйесі құрылып, құқық саласының тиімділігі артумен қатар, қоғамның сотқа деген сенімі қалыптасты.
Еліміздің алға қарай өркендеп, дамыған іргелі мемлекеттердің қатарында болуында бүгінгі кәсіби мереке иелерінің қосқан үлестері қомақты екені сөзсіз.
Әрдайым ел мен қоғам алдында берген анттарыңызға адал болып, ел қызметшісі, ел қорғаны, ел мүддесін қорғаушы деген асқақ абыройды арқалап, мемлекет пен халыққа аянбай қызмет ете берулеріңізге тілектеспін!
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Осылай деген Жалғас Мұртаза кәсіби мерекелерге орай бірқатар қызметшілерге марапат тапсырды. Атап айтқанда, 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні кәсіби мерекесіне орай облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Айнұр Ұлтарақова Жамбыл облысы әкімінің Алғысхатымен марапатталды.
Бұл жолғы мерекенің бірі ерекше тұсын айта кетсек, онда мемлекеттік қызметтегі жемісті еңбегі үшін мемлекеттік қызметте тер төгіп жүрген бірқатар жас маманның ата-аналарына да марапат тапсырылды. Атап айтсақ, мемлекеттік қызмет саласының, сондай-ақ Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген Жамбыл облысы әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) бас инспекторы Аида Таубасоваға берген жоғары тәлім-тәрбиесі мен өнегесі үшін әкесі Қабылбек Бейсенбекұлы және анасы Анипа Балабековаға облыс әкімінің Алғысхаты табыс етілді. Сондай-ақ аудан әкімі аппаратының терроризм саласы бойынша аудан әкімінің бас инспекторы Нұрсұлтан Советке және Билікөл ауылдық округі әкімінің аппаратының бас маман-есепшісі Шыңғысхан Аттоқырға берген жоғары тәлім-тәрбиесі мен өнегесі үшін олардың аналары – Лейла Рахманова және Ақмарал Сәдуақасова Жамбыл облысы әкімінің Алғысхатымен марапатталды.
Кәсіби мерекеге орай ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев аудан әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Марапаттардың барлығын аудан басшысы Ж.Мұртаза салтанатты жағдайда табыс етті.
Кәсіби мерекелерге байланысты мереке иелерін аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтап, игі тілегін білдірумен қатар, олардың бірқатарына марапат тапсырды.
Салтанатты жиын кәсіби мерекеге арналған мерекелік концертпен жалғасын тапты.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close