Basty bet

Ұлытау облысына ерікті қоныс аударудың шарттары түсіндірілді

Жұртшылыққа белгілі болғандай, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасында үш бірдей облыс құрылды. Соның бірі – Ұлытау облысы. Орталығы – Жезқазған қаласы.
Бұл туралы 2022 жылы 16 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы Қазақстан халқына Жолдауында Қарағанды облысының аумағынан Ұлытау облысының құрылатынын айтты. Облыс 2022 жылы 8 маусымда құрылды.

Қасиетті Сарыарқа топырағында Солтүстік пен Орталық Қазақстанның ортасынан ойып орын алған Ұлытау облысында қазір небәрі 230 мыңға жетер-жетпес халық тұрады. Аумағы үлкен атырапты алып жатқан қасиетті өңірде Жезқазған қаласы, Қаражал және Сәтбаев қалалары, одан бөлек, Ұлытау және Жаңаарқа аудандары бар. Екі ауданға барлығы 33 ауылдық әкімшілік округ қарайды. Ұлт ұясына айналған қасиетті өңірді қайта түлету, осында халық санын көбейтіп, онымен қоса еңбек ұтқырлығын арттырып, өңір экономикасын қайта жандандыру – Президенттің тікелей тапсырмасы.
Анау бір жылдары елдің оңтүстігіндегі халқы тығыз орналасқан өңірлерден солтүстік облыстарға қоныс аудару үдерісінің қарқынды жүргенін жақсы білеміз. Солтүстік және шығыс облыстармен қатар сонда халықты ерікті түрде көшіруге 2023 жылдан бастап Ұлытау облысы да енгізіліп отыр. Бұл жүйелі жұмыстар Үкімет қабылдаған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының шеңберінде жүзеге асырылуда. Ұзын сөздің қысқасы, оңтүстіктен сонда ерікті қоныс аударған отбасыларға немесе жекелеген азаматтарға Ұлытау облысының басшылығы Үкіметпен бірлесе отырып қаржылай және материалдық көмек түрлерін көрсете отырып, отбасылардың сонда тұрақтап қалуына мүмкіндігінше жағдай жасамақ.
Ұлытау облысынан осында келіп, оңтүстік облыстарды аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жасап жүрген арнайы делегация кеше Жуалы ауданына да атбасын бұрып, Нұрлыкент ауылында жергілікті тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Келудегі басты мақсат – жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өңірлік диспропорция мен демографиялық теңгерімсіздікті жою. Бұл мақсатта Үкімет қабылдаған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығы ынталандырылады.
Қосымша айта кететін болсақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына қатысушыларды ерікті түрде көшіру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
Бірінші – өңіраралық қоныс аудару – жұмыс күші артық облыстардан жұмыс күші жетіспейтін облыстарға жұмысқа орналастыруға және/немесе кәсіпкерлік бастамаларға жәрдемдесу бойынша міндеттемелермен жүзеге асырылады.
Облыс ішінде қоныс аудару – мемлекеттік тұрғын үй қорынан және/немесе жұмыс берушілердің қаражаты есебінен тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрақты жұмыс орнына жұмысқа орналасу мүмкіндігі болған кезде экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден облыстық (аудандық) маңызы бар қалаларға, экономикалық өсу орталықтарына жүзеге асырылады.
Құрамында әлеуметтік сала, тағы да басқа салалардың мамандары және ауылдық округтің әкімдері бар үгіт-насихат тобын Ұлытау облысының Еңбек мобильділігі орталығының директоры Айдар Қойшыбаев бастап келді. Жиынға аудандағы әлеуметтік сала мамандары (консультанттар және ассистенттер) және қоныс аударуға ынталы ауыл тұрғындары шақырылды.
Еңбек мобильділігі орталығының директоры Айдар Қойшыбаевтың айтуынша, Ұлытау облысына ерікті қоныс аударған әрбір азаматқа 258 мың теңгенің көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі. Одан бөлек, тұрғын үйді жалдау үшін және тұрғын үйді сатып алуға төрт миллион теңге қаражат берудің де тетіктері, сонымен қатар, кәсіпкерлік бастамаларға мемлекеттік қаржылай қолдау көрсету қарастырылған. Ал Ұлытау облысының Ұлытау ауданына көшіп барған отбасыларға жергілікті атқарушы органдардың тарапынан бір гектардан егістік жер (егістік және бау-бақша, көкөніс егуге), одан бөлек, қоныс аударушыларды жергілікті шаруа қожалық басшылары да төрт түлік малмен қамтамасыз етпек.
Әрине, алмақтың да салмағы бар. Осыншама қайтарымсыз көмекті алып отырған отбасылар сонда бес жылға дейін тұрақты тұрып, өңірдің жан-жақты дамуына еңбек сіңіруі қажет. Бұл – бағдарламаның ең басты шарты.
Ұлытау облысының Еңбек мобильділігі орталығының директоры Айдар Қойшыбаев өңірде мұғалімдер мен дәрігерлердің, құқық қорғау қызметкерлерінің, тағы басқа сала мамандарының жетіспейтінін айтады.
-Қазір облыста көптеген салада бос тұрған жұмыс орындары өте көп. Мұның барлығына сұраныс берілгенімен, облыс аумағына оңтүстік өңірлерден қоныс аударушы отбасылар өте аз байқалып отыр. Міне, біз осы олқылықтың орнын толтыруға міндеттіміз. Ұлытау облысын көркейту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды тапсырмасының бірі. Облыста халық санын көбейтіп және еңбек ұтқырлығын арттыру Үкіметтің және облыс басшылығының тұрақты бақылауындағы мәселе. Біздің оңтүстік өңірлерді аралап, жұртшылықтың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіміздің де бір себебі осы.
Өңірде жер көп, халық аз. Жұмыс көп, бірақ соған келіп жатқан білікті мамандар жоқ. Бұл мәселе өз кезегінде өңірді дамытуға үлкен қолбайлау болып отыр. Осында ерікті қоныс аударуға ниетті отбасыларға барлық жағдай жасалады. Мен Сіздерді Ұлытау облысына ерікті қоныс аударуға шақырамын,- деді Айдар Саятұлы.
Қосымша айта кететін болсақ, жиынның барысында қатысушыларға Ұлытау облысына қарасты Ұлытау аудандық Мансап орталығының жауапты мамандары, Ұлытау ауданына қарасты Жанкелді, Мибұлақ, Амангелді және Егінді ауылдық округтерінің әкімдері Шәріп Бекетов, Сағындық Дәндібаев, Бұхар Байжантаев, Марғұлан Алмағамбетов, сонымен қатар, Жаңаарқа ауданында орналасқан №135 негізгі орта мектептің директоры Бақытжамал Сәдуақасова, Ұлытау аудандық ветеринария станциясы басшысының орынбасары Ержан Айтбек түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қоныс аударуға ниетті жекелеген азаматтардың сұрақтарына жеке-жеке түсінік берді.
Жиында Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Рақымбек, Нұрлыкент ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалдан Назар сөз сөйлеп, тақырыпқа байланысты ой-пікірлерін ортаға салды..
Дала табиғатымен және мыңғырған төрт түлігімен көрікті емес пе?! Туған жер де, өңірлер де халқымен көрікті. Ұланғайыр атырапты алып жатқан Ұлытау облысында халық өте аз шоғырланған. Мысалы, облыстың екі ауданының халқын қосқанда 50 мыңға да жетпейтін көрінеді. Жиынға келіп қатысып, сөз сөйлеген ауылдық округ әкімдерінің сөзіне сенсек, кейбір әкімшілік аумақта небәрі 250-300 ғана тұрғын тіркелген. Тиісінше, шалғай ауылдарда бос тұрған тұрғын үйлер өте көп. Облыста 10 мың гектардан астам егістік алқап болса, қазір оның жартысына жуыға ғана игерілуде. Себебі, оны игеретін жұмыс күші жетіспейді. Өңірде техникалық мамандар өте тапшы. Егістік алқаптарды игеру осындай мәселелерге байланысты толыққанды жүзеге асырылмай отыр.
Қосымша айта кететін болсақ, 2023 жылы Ұлытау облысына оңтүстік өңірлерден барлығы 28 отбасы ерікті қоныс аударса, оның ішінде, Жамбыл облысынан екі ғана отбасы бар. Сондықтан, қасиетті өңір Ұлытау облысына қарасты екі ауданның ауыл-аймағына халықты көптеп шоғырландыру – күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып қала береді…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close