Basty bet

«Болмасаң да ұқсап бақ…»

Аудандық балалар кітапханасында жас ұрпақты ғылымға, білімге, отансүйгіштікке баулу, ғылыммен айналысуға деген қызығушылығын, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында «Болмасаң да ұқсап бақ…» атты «дөңгелек үстел» өтті.

«Дөңгелек үстел» аудандық Жастар ресурстық орталығы және жастарды, оқушыларды ғылыми жобамен айналысуға баулу және жоба жасауды үйрету мақсатында құрылған «Жас ғалым» клубы ұйымдастырды. Клубтың жетекшісі №1 мектеп-гимназия директорының ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Самал Қадырова.
Шараға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессорлары, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы, археолог Сауран Қалиев арнайы шақырылды. Сонымен қатар, басқосуға аудандағы мектептің тарих пәнінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Кездесуді Самал Орынбасарқызы ашып, жүргізді. Ол шараның мақсатын таныстырып, жастарға бүгінгі шараның тақырыбы неге «Болмасаң да ұқсап бақ…» деп аталғандығы жөнінде ой тастады. Оқушылар да өз ойларын ортаға салды. Самал Орынбасарқызы жастар – еліміздің болашағы екенін айтып, оларды ғылымға, білімге көңіл аударып, еліміздің ғылым саласын дамытуға өз үлестерін қосуға шақырды.
Одан кейін сөз кезегі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің PhD докторы Гүлнұр Исабековаға берілді. Ол аталған оқу орнында кіріктіріп оқыту, ұлттар достығы секілді екі жоба аясында жұмыс жүргізетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ғылыми жобамен айналысудағы қателіктер мен жетекшілердің дұрыс бағыт алмауы, байқаулардың шартына аса назар аудармауы, көбінесе, бір-бірінен көшіру, дайын дүниеге тап болу секілді дүниелер жайында сөз қозғады.
-Облыста түрлі ғылыми жобалардың басы-қасында жүремін. Онда түрлі тақырыптағы ғылыми жобалар ұсынылады. Кейде ұстаздар белсенді, ізденімпаз оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар бермейді. Қарапайым әрі қоғамға пайдалы дүние емес, күрделі жоба береді. Жобаны бала өзінің бойында бір нәрсеге деген қызығушылығы оянғанда, болмаса өзін қызықтырған сұрақтар болғанда жазса, нәтижелі болады.
Ал, мәселен, сүт өнімдерінің адам ағзасына пайдасы туралы зерттегенде одан оң нәтиже шықпайды. Себебі, бұл жобаны жазарда бала мен ұстаз күнделікті лабораторияда тәжірибе жасауы керек. Жоба қорытындысында тек оң нәтиже шығару міндетті емес, оның теріс нәтижесін көрсетсе, зерттеудің дұрыс жүргізілгенін көруге болады. Сонымен қатар, жобаның мақсаты мен міндетін дұрыс қоя білген жөн. Жаттанды әрі қайталанатын тақырыптан, негізсіз кіріспеден, мақсатсыз жобадан аулақ болған абзал. Балаға дұрыс жоба ұсынып, дұрыс бағыт-бағдар беру керек, – деді Гүлнұр Болатбекқызы.
Облыстан арнайы келген филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлхан Нурадин де әріптесінің сөзін қолдап, адамға бірінші кезекте білім керек екенін алға тартты. Ол өз сөзінде, жастарға қай салаға бет бұрғысы келсе де, қазірден таңдауы бар екенін жеткізді. Алдағы уақытта дұрыс мамандық таңдау, пайдалы іспен айналысуға үндеді. Ең бастысы, мамандық мектеп бітірерде емес, алғашқы мектеп табалдырығын аттаған сәттен басталуы қажет екенін баса айтты.
Ал, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы, археолог Сауран Қалиев тарихи тұрғысынан әңгіме қозғады.
-Ғылымның іргетасы – мектеп қабырғасында. Ғылымның жолы ауыр. Оған бет бұру үшін асқан шыдамдылық, төзімділік, білімділік қажет. Ғылымның негізі кітапта, тірегі – ізденісте. Ал, дәйекті нақты ақпарат тек кітапта болады. Ғылым – жауапкершілікті талап етеді. Ол атүсті қарап, немқұрайдылық танытатын дүние емес. Сондықтан мектеп қабырғасында білім алып жүріп, осы салаға қызығушылығы бар балалар әрдайым ізденісте болуы тиіс. Ғылым шексіз. Өмірің ізденумен өтеді.
Еркіндікте самғаған баладан нәтиже шығады. «Сен де бір кірпіш дүниеге кетігін тап та, бар қалан» деп ұлы ақын Абай атамыз жырлағандай, еліміздің ертеңі саналатын жастарымыз бұл салаға ден қоюы керек. Өйткені, сіздер ел мен жердің иесісіздер. Ата-бабадан қалған ұлан-байтақ жерімізді, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуі ғылыммен және білімді ұрпақпен тікелей байланысты. Сол себепті, оқушыларда дұрыс бағыт-бағдар болуы керек. Қазіргі уақыттың талабы сапалы білім мен саналы тәрбие екенін естен шығармаған жөн, – деді. Сонымен бірге ол өзінің тәжірибесіндегі «Сауран қаласының қақпасын табу» жобасы, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Бақалы ауылы маңындағы Жылқышытөбедегі археологиялық-ғылыми қазба жұмыстарының нәтижесі жайында кеңінен сөз қозғады.
Ал, аталған оқу ордасының магистр, аға оқытушысы Назым Тұрсынқызы еліміздің ғылымын дамыту үшін тіл білу керек екенін айтты. Ол бүгінгі уақыт цифрлық дәуір екенін алға тартып, жастардың көп уақыты қалта телефонның ішіндегі әлемде өтетінін айтты. Уақытты әлеуметтік желідегі керексіз нәрсеге жұмсамай, тіл үйренуге шақырды. Ана тілге деген құрметтің ерекше екенін, ал ғылымды дамыту үшін өзге тілді де үйрену аса қажеттілік екенін жеткізді.
Одан кейін кезек қатысушыларға беріліп, олар өздерін қызықтырған сұрақтарын жолдады. Оқушылар тарих, әдебиет, химия пәндерінен ғылыми жоба жасауға деген қызығушылығы бар екенін жеткізді. №1 мектеп-гимназияның оқушылары даңқты қолбасшы, Батыр Б.Момышұлы, жазушы Ш.Мұртаза жайында зерттеу жұмыстарын жасап, олардың өзге қырларын ашқысы келетіндіктері жайлы айтты.
«Дөңгелек үстел» еркін форматта өткендіктен, онда әртүрлі ой-пікірлер айтылды. Ұстаздар мен оқушыларға керекті мағлұматтар мен кеңестер берілді.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close