Basty bet

Адал еңбек қана азаматты абыройға бөлейді

су шаруашылығы саласының майталманы Д.Нұрабаев «Құрмет» орденіне ие болды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы қоғамдағы адал еңбекке деген жоғары құрметті білдірсе керек. Президент ерекше атап өткендей, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек қадірлі болса, кез келген еңбек адамы сондай жоғары сый-құрметке лайық деп білеміз.

«Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді» деп атап өткен болатын Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауында.
Қазақстанның Ауыл шаруашылығының маңызды саласы саналатын су шаруашылығы саласында жарты ғасырға жуық абыройлы еңбек етіп, қасиетті Жуалы өңірінің асыраушы саласының дамуына өзіндік үлес қосқан кәсіби мамандардың қатарында Дәулетбай Нұрабаев та бар. Дәулетбай Мырзайұлы 41 жылдан бері «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының Жуалы аудандық «Ақсай» өндірістік бөлімшесінде қызмет атқарып келеді. 1984 жылы аталған өндірістік бөлімшеге су бақылаушы маманы болып жұмысқа орналасып, алғашқы еңбек жолын осында бастаған талапты жас қызмет сатыларынан өтіп, 2000-шы жылдан бері «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді. Ол мұның алдында өндірістік бөлімшенің «Ақсай» каналы участогының бастығы, т.б. жауапты қызмет сатыларынан өткен.
Су шаруашылығы саласы кәсіби маманының өмір жолына тоқталсақ, Дәулетбай Нұрабаев 1963 жылы Қайрат ауылында туған. Осындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебін (бұрынғы «Октярьдің – 40 жылдығы» атындағы орта мектеп) жақсы үлгеріммен бітірген талапты жас алғашқы еңбек жолын аудандағы «Ақсай» су шаруашылығы мекемесінде су бақылаушы болып бастап, 1984-89 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында инженер-гидротехник мамандығында оқып, білімін жетілдіреді. Институт бітіргеннен кейін өндірістік бөлімшеде инженер-гидротехник қызметін атқара жүріп, су шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі аға маман, бас инженерлер – Тұрғынбек Сыдықов, Еділбай Ақынтаев, т.б. мол тәжірибе жинақтаған ол да өз кезегінде жас мамандарға үйретуші тәлімгер бола білді. Дәулетбай Мырзайұлының тәлімін алған шәкірттер – Мұхамеджан Әсемов, Ыбырай Асықбаев, Рамазан Шоңғаров, Нұржан Қолаханов, Нұрлан Ілесов, Абзал Байдосов және Ринат Сейділдаев бүгінде «Ақсай» өндірістік бөлімшесіндегі тәжірибелі аға мамандарға айналып отыр.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласының жоғары қарқынмен дамуы мен еңбек өнімділігін арттыруда өзіндік үлесі бар «Ақсай» өндірістік бөлімшесі жалпы бұл өңірде барлығы – 7 000 гектардан астам егістік алқапты суландыруға қауқарлы. Суғару маусымы кезеңінде суландыру жүйелері арқылы, атап айтқанда, өндірістік бөлімшеге қарасты «Көксай» каналынан – 74 шаруа қожалық, «Ақсай» каналынан – 76, ал «Тихий» каналынан – 150 шаруа қожалық тұрақты түрде су алып, егіс алқаптары ағын сумен қамтамасыз етіледі. Иә, бөлімшеден келісім-шарт арқылы су алатын шаруашылықтарда негізінен көпжылдық шөп, астық дақылдары, картоп, жүгері, күнбағыс және бақша дақылдары орналастырылып, суғарылу үстінде.
Қазіргі таңда «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының аудандық «Ақсай» өндірістік бөлімшесінде барлығы 41 су шаруашылығының маманы мен жұмысшылар тұрақты қызмет атқарады. Мұндағы жұмыстар кәсіби маман, жұмысшылармен қатар, арнайы техникалардың күшімен атқарылу үстінде. Өңірдегі шаруашылықтардың егістік алқабын суландыру үшін бөлімшеге қарасты каналдар тұрақты жөндеуден өтуде. Атап айтқанда, 2013-2015 жылдары «Көксай» каналының 20,5 шақырымына жерасты темір-бетон құбыр-лотоктар қойылып қолданысқа берілсе, «Ақсай» каналының да 5 шақырымына темір-бетон лоток қойылған. Бір сөзбен айтқанда, «Ақсай» өндірістік бөлімшесі өңірдің су шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Бұл – ең біріншіден ауыл шаруашылығындағы өнім көлемін ұлғайтуға қосылған мол үлес деп айтуға болады.
Өндірістік бөлімшені ширек ғасырдан бері басқарып келе жатқан кәсіби маман Дәулетбай Нұрабаевтың сала жұмысын ілгерілетудегі ұзақ жылғы еңбегі мемлекет тарапынан елеусіз қалмай, бірқатар медальмен атап өтілді. Дәулетбай Мырзайұлы өз кезегінде еңбек жолындағы абыройлы да жемісті қызметі үшін әр жылдары Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің «Су шаруашылығы саласының ардагері» салалық медаліна, сонымен қоса, Президент Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 25 жыл!» мерекелік медаліна ие болса, ал биыл 9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері кәсіби мерекесінің қарсаңында Тәуелсіз Қазақстанның жоғары наградаларының бірі – «Құрмет» орденіне ие болды.
– Биыл еліміздің су шаруашылығы қызметкерлерімен бірге елордасы Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Президенттің сала мамандарына деген құрметі мен жылы лебізін естуге мүмкіндік туғанына шын жүректен қуаныштымын. Қабылдауда Президент отандық су шаруашылығының үздіктеріне жоғары наградалар табыстап, соның ішінде мен де «Құрмет» орденіне ие болдым. Бұл марапатты – жалғыз менің емес, ұжымдық еңбектің ортақ жемісі деп қабылдадым. Су шаруашылығы саласының қызметі жергілікті халықтың көз алдында. Өңірдің ауыл шаруашылығы саласына қосылған үлесті – ел экономикасының дамуына және халық әл-ауқатының артуына қосылған сүбелі үлес деп білемін.
Қазір Президенттің тікелей тапсырмасымен су шаруашылығы саласының дамуына мемлекет деңгейінде көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылғанын ерекше атап өткен жөн. Мен су шаруашылығы саласында 40 жылдан бері тұрақты еңбек етіп келемін. Қызмет барысында жинаған мол тәжірибемді жас мамандарға үйретуден жалыққан емеспін. Сала жұмысын дамытуға сүбелі үлес қосуды өзіме азаматтық парыз санаймын,- дейді аудандық «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің басшысы Дәулетбай Нұрабаев өз сөзінде.
Иә, адал еңбекті ту етіп, жұмыстан қашпаған кәсіби маманның еңбегін мемлекет те жоғары бағаласа керек. Жұмысты дұрыс жолға қойып, тиімді ұйымдастыра білгеннің нәтижесінде «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің жұмысы облыс көлемінде алдыңғы орындардан түскен емес.
Дәулетбай Нұрабаев су шаруашылығы саласында еңбек ете жүріп, отбасын құрған. Отанасы Анар Болысбекқызы екеуі отбасында төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ұлағатты жандар. «Әке көрген оқ жонар» деген қағиданы алға ұстаған ұлы Жанболат әкесінің жолымен инженер-гидортехник мамандығын игеріп, қазір «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында су реттеуші болып қызмет атқару үстінде.
Өмірдің өзі дәлелдегендей, «ақырын жүріп, анық басып», адал еңбек еткен жан ғана биік абыройға бөленеді. Абыройдың биігінде болу азаматтың өзіне тікелей байланысты екенін ұмытпасақ керек…

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close