Basty bet
«Отанға деген сүйіспеншілік – иманнан басталады!»
немесе аудандағы алғашқы мұсылмандар мешіті қалай салынып еді?...
Ислам діні – адамзаттың тарихы мен өркениетіне айрықша темірқазық болған ең ұлық дін екені хақ. Қасиетті қазақ даласына Ислам өркениеті келгелі ғылым мен білім жанданды. Көптеген қалалар салынып, онда мешіт-медреселер мен ғылыми-ағарту ошақтарының жұмыс істей бастағаны белгілі.
Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері аз емес. Иманын мал-мүлкінен, дәулетінен жоғары бағалаған қазақ халқы өз ұрпағына: «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған.
Иман – қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат-пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата-бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі осы. Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап және қанағат сияқты бүкіл жақсы қасиеттердің барлығы түгел сыйып тұр емес пе?! Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы оған «Иманигүл» деп ат береді:
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және хақ жол осы деп әділетті»,- дейді дана Абай атамыз.
Қасиетті Әулиеата топырағы, қарт жырау Жамбыл Жабаевтың есімін иеленген облыстың батысында орналасқан Жуалы ауданының құрылғанына биыл – 95 жыл. Ал еліміздің тәуелсіздік алғанына 35 жылға жақындады. Осынау жылдардың бедерінде өңірде көптеген игі істер атқарылып, өшкеніміз жаңғыртылып, өткеніміз жаңарып жатыр. Тәуелсіздікпен бірге қайта оралған құндылықтарымыздың бірі және бірегейі ата-бабаларымыз ұстанған – Ислам діні екендігінде дау жоқ.
Ислам діні қайта оралған кезде халқымыздың діни сауатының күй-жайы айтпаса да түсінікті еді. Сонда да біздің аталарымыз бен әжелеріміз аз да болса өздерінің білгендерін ұрпағына айтып, діни сенімдерін сақтап қалды. Қазақтың кемеңгер ұлдары – Ыбырай, Абай және Шәкәрім сияқты тұлғалар дінді адамдардың санасына жақындатты. Олар өздерінің өлең жолдарында діннің адамның жаратылысына ешбір жат емес екендігін, білім мен ғылымға қарсы келмейтіндігін уағыздады.
Тәуелсіз еліміздің азаматтары Ислам дінінің имандылық қағидаларын берік ұстануы ләзім. Ұлағатты сөзде: «Отанға деген сүйіспеншілік – иманнан»- делінген. Олай болса, Құдайдың берген тәуелсіздік нығметіне шүкіршілік жасап, осыны қолымыздан шығарып алмау үшін білімді, иманды инабатты болу – барлығымызға парыз.
Биыл қасиетті Жуалы ауданының құрылғанына 95 жыл толып отыр. Ауданның ресми құрылғанына бір ғасырға жуық уақыт болды. Иә, бұл тарих үшін де, бір адамның өмірі үшін де аз уақыт емес әрине. Бір анығы, осынау ғасыр тойының алдында қасиетті Жуалы ауданының даңқы асқақ, азаматтарының абыройы биік. Осынау жылдардың бедерінде өңірдің тарихында және даму белесінде үлкен өзгерістердің орын алғанын шежіре айғақтайды. Аудан даңқының асқақтауы – барлығымыз үшін үлкен абырой. Сол абырой биігінде тұрған атпал азаматтардың барлығына алғысымды білдірмекпін.
Атамыз қазақта: «Батаменен ер көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген ұлағатты тегіннен-тегін насихаттамағаны белгілі. Мен бұл мақаламда негізінен Жуалы ауданында алғаш бой көтерген «Жуалы» көпшілік мешітінің салынуынан, оған үлес қосқан азамтар жөнінде азды-көпті әңгімелесем деген ниетім бар.
Жұртшылыққа белгілі болғандай, Кеңестік дәуірде Жуалы өңірінде бірде-бір ғибадатхана қалмаған болса, тоқсаныншы жылдардың бірінші жартысында ауданның орталығында бір мезгілде 500 адам намаз оқитын сәулетті мешіт салынып, пайдалануға берілді. Одан кейін өңірге қарасты Қызыларық, Жаңаталап, Т.Дүйсебайұлы (бұрынғы Амангелді ауылы), Тасбастау ауылдары және Билікөл ауылдық округіндегі Қарабастау ауылдарында мешіттер салынды. 1996 жылы Жуалыдағы ауыл мешіттерінің ұзын саны 18-ге жетті. Сол тоқырау жылдардағы терең экономикалық дағдарыстарға қарамай өңірде мешіттердің құрылысы тоқтаусыз жүргізілді. Қазіргі таңда ауданда барлығы 27 мешіт жұмыс істеп, имандылыққа бет бұрған қалың жамағаттың рухани қажеттілігін өтеп отыр.
Еліміздің жарқын болашағы бұл әрине – өскелең жастар. Егемендік жылдарынан бері қарай жастардың Ислам дініне деген ынта-ықыласы күннен-күнге өсіп келеді. Отандық және бірқатар ислам мемлекеттеріндегі медреселерде діни білім алып, туған өңірде діни қызмет атқарып жатқан иманды жастардың қатары артып келеді.
Қысқартып айтқанда, Жуалы ауданында алғаш салынған мешіт ел ағалараның және жергілікті жұртшылықтың жанқияр еңбегінің, қажырлы іс-қимылының, халықтың ынтымағы мен бірлігінің жемісі еді. Мұның өзі аудан тарихының бір парасы деуге әбден лайықты оқиға.
Біз қандай бір тарихи кезеңде өмір сүрсек те, ана тілімізді және ата дінімізді сақтап қалған жанкешті халықпыз. Халқымыздың мұндай қасиеті тарихтан өз бағасын алды ма, алған жоқ па, бұл басқа тақырып. Ауданда бой көтерген тұңғыш мешіт – «Жуалы» көпшілік мешітінің салынуына қандай азаматтар қандай үлес қосты? Екіншіден мұны кейінгі жас ұрпақ біліп жүрсін деген ниетпен қасиетті Жуалы ауданының 95 жылдық мерейлі мерекесінің қарсаңында осы мақаланы жазуды жөн көрдім.
Имандылықтың шарттарын алға ұстап, Алла деген қасиетті сөзді аузымыздан тастамайтын, Ұлы Жаратушыға ғана құлшылық, ғибадат еткен қазақ дейтін халықтың өкілі болғандықтан, біз тұңғыш мешіттің құрылысында кездескен барлық қиындықтарды ел-жұрт болып еңсергенімізді айтқым келеді. Бұл көптің, жамағаттың көмек-қолдауымен біткен игілікті әрі Алланың жолындағы сауапты іс болғаны анық. Қазіргі таңда Жуалы ауданының орталығы – даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімін иеленген ауылдың төменгі бөлігінде бір мезгілде 500 адам құлшылық жасай алатын еңселі мешіт қалың жамағатқа қалтқысыз қызмет көрсетуде. «Біткен іске сыншы көп» деген. Құрылыстың барысы кемшіліксіз және қиындықсыз болмай қалған жоқ. Барлығы қалай басталып еді. Ең бірінші осыған оралайықшы.
Өткен күн – өткен тарих. Аудандағы ең алғашқы Алланың үйі – «Жуалы» көпшілік мешітінің салынуы сонау 1989 жылы бастау алған-ды. Иә, сол жылы мешіт салуға рұқсат алу жайы ойластырылып, ең бірінші Алла үйінің құрылысын жүргізуге сол тұстағы Одақтың астанасы Мәскеу қаласынан рұқсат алынды.
Сәл шегініс жасасақ, Б.Момышұлы ауылы, Қайрат және Көлбастау ауылдары ақсақалдарының мұрындық балуымен Жуалы жұртшылығының өкілдері аудандық Кеңес атқару комитетіне мешіт салуға рұқсат сұрап, хат жазған. Барлық істің басы осыдан басталды.
Сол тұста аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Кеңестің төрағасы Естемес Аманбеков бұл хатты қарап, ел тілегін Жамбыл облыстық діни ұйымдарды тіркеу жөніндегі мекемесінің бастығы Асқар Адамбековке жеткізген. Бұл жұмысты ары қарай жылжытқан Асекеңнің еңбегі еш кеткен жоқ. Бұл мемлекеттің дінге деген көзқарасының өзгеріп қалған жаңа кезеңнің жемісі болса керек. Рұқсат қағазын басшылықққа алған Жуалы аудандық атқару комитеті 1990 жылғы 16 маусымда ауданда мұсылмандар мешітін салу жөнінде арнайы шешім қабылдады.
Мешіттің алғашқы қазығы осылай қағылған еді
Дәл осы күні аудандык атқару комитеті төрағасының орынбасары Әсия Сағындықова аудан орталығындағы Бурный ауылдық кеңесінің мәжіліс залында аудан ақсақалдарымен, ауылдық кеңестердің төрағаларымен шұғыл жиналыс өткізді. Осы жиында Әсия Молдақұлқызы көпшілікті Мәскеуден келген рұқсат қағазымен және аудандық атқару комитетінің Жуалыда мешіт ашу жөніндегі шешімімен таныстырды. Бір сөзбен айтқанда, бұл хабар имандылыққа, рухани байлыққа сусап қалған жуалылықтар үшін жақсы жаңалық болды. Сонымен 1990 жылғы 16 маусымда Бурный ауылдық кеңесінде болған жиналыста ауданда мешіт салу жөнінде мәселе қаралды.
Дәл осы жиында Ташкент шаһарынан ислам медресесін бітіріп келген мені ауданның имамы қызметіне сайлады. Аудан қарияларының таңдауы маған түседі деп ойлаған емеспін. Бұл бір жағынан маған артылған үлкен сенім болса, екінші жағынан жауапкершілік екені белгілі. Мен оның алдында Қарабастау ауылдық мешітінде имам болып қызмет атқарғанмын. Онда дін және шариғаттан хабарым бар 25 жастағы жас жігіт едім.
Имам сайланғаннан кейін әңгіменің арнасы қайтадан мешіттің құрылысына ауысты. Елімізде дін ісінің мемлекеттен бөлек екені мәлім. Сол себепті жаңа салынғалы жатқан мешіттің құрылысына аудандық бюджеттен қаржы бөлуге рұқсат етілген жоқ. Енді не істемек керек? Құрылысты ел-жұрттың күшімен салуға тура келді.
Мешіт құрылысына тез арада тұрғындардан қаржы жинау, банктен арнаулы есеп-шот ашу туралы ұсыныстар жиын барысында айтылды. Осы бір үлкен мәселе шешіліп, ұлы мақсатқа жол ашылған тебіреніске толы сәтте Шақпақата ауылынан келген Дербіш есімді қария: «Менің болашақ мешітке алғашқы қосқан үлесім осы болсын»,- деп қалтасынан 117 сом теңгені шығарып үстелдің үстіне қойды. «Игілікті іс бастау алса берерім, қосарым тағы да бар»,- деп Дербіш ақсақал ел-жұртты бір сілкінтіп тастады. Ол кезде 117 сом бір адамның бір айлық маңдай терінің өтеуі, еңбегіне берілетін жалақысына тең. Дегенмен, әңгіме бұл ақшаның аздығында, не көптігінде емес. Мәселе Дербіш ақсақалдың елге көрсеткен өнегесінде балатын.
Мешіт салуға рұқсат берілді. Ал оның құрылысын жүргізу оңайға түспейтіні анық. Сол себепті, игілікті іске бастамашы болған қариялар апта сайын жиналып, кеңесіп отырмайынша істің бітпейтіні тағы да аян. Осы тұста шешен ұлтының қариясы Әмірхан Молочиев: «Жұма намазды біздің үйде оқыңыздар. Кеңесуге жиналсаңыздар да үйім үлкен, бөлмелерім кең»,- деп кеңпейілділік жасады. Бұған қалай риза болмайсың. Содан мешітттің құрылысы басталып, жұмыстар бір арнаға түскенше, сол кісінің үйінде жиналатын болдық.
Сөйтіп, 1990 жылғы 16 маусымда болған Жуалы мұсылмандарының алғашқы жиналысы осындай ізгі ниетпен аякталды. Көпшіліктің ұйғарымымен мешіт салынатын орын аудан орталығының төменгі бөлігінен таңдалды. Оның көлемі бір гектар аумақты алып жатыр. Кейіннен мешіттің жанынан қабірстанға да үлкен жер берілді. Бұл туралы сәл кейінірек.
Көргені жақсы көш бастар…
Ауыл қарияларының мешітке сіңірген еңбегі орасан
Жуалы ауданынын орталығы Б.Момышұлы ауылында 1990-шы жылдардың басында 10 мыңнан астам адам тұратын. Қазір халық саны одан да көбейіп, ауылдың аумағы да әлденеше кеңейді. Халықтың ең көп шоғырланған жері осы жер. Сондықтан аталған елдімекенде үгіт-насихат жұмыстары өте тиянақты және ауқымды жүргізілуі тиіс. Көпшіліктің ұйғарымымен мешіттің алқа мүшелігіне сайланған қариялар – Төлбасы Есмұрзаев, Әбдікерім Жолдасов, Орыншал Айдосов, Айдарбек Айтубаев және шешен шалы Әмірхан Молочиев көп жұмыс атқарды. Бұл кісілер орталықтың барлық көшесін өзара бөлісіп алып, үйме-үй аралап шықты. Ондағы мақсат – көпшілікті имандылыққа шақырып, мешіт құрылысына қажетті қаржыны жинау. Аты аталған ақсақалдардың барлығы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер болатын. Онымен қоса өмірде көпті көрген, көзі ашық, көкіректері мен санасы ояу ақсақалдар еді. Олар мешіттің құрылысына сөзімен де, ісімен де үлес қосты. Қазір есімдері аталған қариялардың барлығы арамызда жоқ. Оларды үнемі дұғамызға қосып, әзіз рухтарына бағыштап Құран оқып отырамыз.
-Айналайын, халқым, ата-бабалардың дәстүрін бүгінгі біз де онан әрі жалғастырып, мешітімізді бітіріп алайық,- деп Төлбасы қарияның аудан тұрғындарына үндеу тастағаны әлі есімде. «Шын жыласа – соқыр көзден де жас шығар» деген. Қадірменді қарияның осындай әсерлі әңгімелерінен кейін «Жуалы» мешітіне көмек ретінде ауыл-аудан тұрғындары қолындағы барын беріп жатты. Төлбасы ақсақал олардың бергенін дәптерге жазып, қолдарын қойдырып алып отырды. Ал шешен шалы Әмірхан Молочиев өз ағайындарын аралап, мешіттің құрылысына едәуір қаржы жинады. Ол тұста Әбдікерім Жолдасов аудандық өрт сөндіру бөліміндегі қауырт жұмысына қарамастан ел аралап, қаржы жинауға уақыт таба білді.
«Көргені жақсы көш бастар» деген. Бір сөзбен айтқанда, мешіттің құрылысына жоғарыда есімдері аталған қариялардың қосқан үлестері мол болды. Мұны біреу білсе, біреу білмес. Мұны жас ұрпақ білсін деген оймен жазып отырмын.
Мекеме басшылары мен ел ағалары да қалыс қалған жоқ
1991 жылдың көктеміне қарай аудандық банкіде ашылған мешіттің есеп-шотына ел- жұрттан түскен қаржының мөлшері 30 мың сом орыс ақшасы балатын. Мешіт алқасы уақытты оздырмай имандылық үйінің іргетасын қалауға кірісті. Содан құрылыс жүріп жатты.
Сонымен құрылысты жүргізу аудан орталығындағы Тілеуқабыл Төлегенов басқаратын жөндеу-құрылыс учаскесіне жүктелді. 1991 жылдың мамыр айында іргетасқа арнап бетон блоктар қойыла бастады.
Әрине, құрылыс бірден қарқын алып, канат жайып кете қоймағаны мәлім. Бұл кезде ақшаның құны кеміп, құрылыс материалдары да қымбаттап қалған шақ еді. Бір күні аудандық газеттің редакторы, танымал қаламгер Мырзахан Ахметовке барып, мешіттің құрылысына қажетті қаржының аз жиналып жатқанын, материалдың тапшы екенін және енді бұл іске аудандағы шаруашылықтар мен кәсіпорындарды тартпаса болмайтынын айтып, сөз соңында ел-жұртқа газет арқылы ықпал етсеңіз деген мағынадағы тілегімді жеткіздім.
Содан не керек, аудандық «Жаңа өмір» газетінің 1991 жылғы 19 маусымдағы санына мешіт құрылысы туралы «Мешіт құрылысы басталды» «бірақ бұл іске қамқорлық керек» деген алғашқы мақала басылды.
«Адамдарды имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуде діннің маңызы зор екенін тек жариялылық заманында ғана айта бастадық. Бұған да шүкір. Құдайға да, адамға да сенбейтін мәңгүрт ұрпақтың қалай өсіп-жетілгенін де көрдік. Наным-сенімсіз ешкімді тәрбиелей алмайтынымыз да ақиқатқа айналды. Сөйтіп елімізде жариялылықтың өркен жаюы нәтижесінде діннің жақсылығына көзіміз жетіп, көңіліміз сеніп, әр жер, әр жерде мешіт салу колға алына бастады. Жуалы аймағында бұл әңгіменің өрбігеніне жылдан асты.
Сонымен, жуырда Жуалы мешітінің құрылысы басталды. Бұл іспен Тілеуқабыл Әзімқұлұлы Төлегенов басқаратын жөндеу-құрылыс учаскесінің құрылысшылары айналысуда. Бригада жетекшесі Ералы Шөкенов, прорабы Сәбит Нысанбаев. Бұл бригада аз күнде көптеген жұмыс тындырды. Мешіттің іргетасы қаланатын жер тегіс қазылып бітті. Құрылыс басына қажетті электр желісі тартылды. Қазір іргетас орнына бетон құйылуда. Қысқасы, бүгінде мешіт құрылысының нағыз қызған шағы…»,- деп жазылған М.Ахметовтың мақаласында.
Бұдан кейін де аудандық газет тілшілері мешіт құрылысын бақылауда ұстап, оның барысы туралы бірнеше рет қалам тербеді. Сол тұста танымал ақын Ілияс Ахметовтың ел ағаларын мешіт құрылысына атсалысуға шақырған үндеу-өлеңі де жергілікті жұртшылыққа жақсы әсер еткені анық.
1992 жылдың көктемінде «Жуалы» мешітінің құрылысына арнап қаржы жинаудың жаңа кезеңі басталды. 1992 жылғы қаңтар айынан бастап Қазақстанда әкімшілік басқару жүйесі енгізілді де, содан іле-шала Жуалы ауданына бұрын Сарысуда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандык кеңестің төрағасы болып қызмет істеген жерлесіміз Еркінбек Солтыбаев әкім болып келісімен бұл ортақ іске аудандағы мекеме басшылары да белсене атсалыса бастады. Бұл мешітке үлкен көмек болды.
Еркінбек Бейсенбекұлы мешіт алаңына ауданға қарасты колхоздар мен совхоздардың және кәсіпорындардың басшыларын жинағаннан кейін жұмыс қызып сала берді. Осы басқосудан көп уақыт өтпей-ақ жол жөндеу мекемесінің бастығы Асқар Раев мешітке баратын жолды асфальттап берсе, жүн өндеу фабрикасының директоры Зұлмат Оңласынов сыртқы сылағына жәрдемдесті. Коммуналдық шаруашылық комбинатының басшысы Мұқан Манашев су кұбырын жүргізуге, аудандық байланыс торабының бастығы Шерхан Раздықов телефон-радио жүйелерін тартып беруге үлкен септігін тигізді. Күн жылына салысымен Т.Төлегенов басқаратын жөндеу-құрылыс ұйымының құрылысшылары жұмысты қайта бастап кетті.
Осы тұста айта кететіні, аудандағы 12 шаруашылықтың әрқайсысы мешіт қорына 50 мың сомнан аударды. Аудандық газ шаруашылығы, жүн жөндеу фабрикасы да осыншама қаржы бөлді. Жүк және жолаушылар тасымалдайтын екі автокөлік кәсіпорны 10 мың сомнан, аудандық байланыс торабы 20 мың, астық қабылдау кәсіпорны 30 мың сом аударды. Баска мекемелер де осынау игілікті істен тыс қалған жоқ. Аудандық газ шаруашылығының бастығы Аманжол Дүрәлиев мешітке жылу жүйелерін орнатып, оған қоса екі баллонын және жаңа газ плитасын сыйлады.
Бұл кезде Тілеуқабыл Төлегеновтың құрылысшы жігіттері мешіттің күмбезін жауып, жанындағы медресе үйінің қабырғасын тұрғызып үлгерген еді. Аудандық электр желісін тарату кәсіпорнының бастығы Василий Гегель құрылысқа электр сымын тартып, ішіне электр қуатымен жылытатын «ТЭН» пешін қойды. Бурный кәсіптік-техникалық училищесінің директоры Серпер Жансейітов құрылысқа техника жағынан көмек беріп отырды. Сол тұста «Мұнай өнімдері» АҚ-ның директоры, қазіргі таңда жеке кәсіпкер Мұхиддин Ортаев газ тартуға қажетті 200 метрден астам темір құбырды тауып әкелсе, ал одан мешітке газ құбырын тарту, оны жылу жүйесіне қосу сияқты жұмыстардың барлығын газ шаруашылығы мекемесінің мамандары атқарды.
Алла үйіне қол ұшын беруді әрбір азамат асыл парызым деп санайтыны анық. Бұл ретте «Сұрым» теміржол бекетінде тұратын атпал азамат Серік Сәдіров мешіттің қорына өз қалтасынан сол кездегі Ресей ақшасымен 45 мың сом қосса, Жамбыл қаласында тұратын кәсіпкер Әбдінәби Мәжитов есімді өзбек жігіті 30 мың сом беріп кетті. Жеке кәсіпорынның иесі Керімжан Орынбаев мешіттің еденіне арнап алаша тоқытып сыйға тартты. Жерлес жазушы Шерхан Мұртаза бір жылқы сыйлады. Имандылық үйінің құрылысына аудан мектептерінен орталықтағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның (бұрынғы Н.Крупская атындағы ОМ) және Түктібай ауылындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің ұжымы да аз көмектескен жоқ.
Ауданнын бетке ұстар азаматтары да осынау ортақ істен тыс қалған жоқ. Аудан әкімшілігінің қызметкерлерінен бастап және аудандық қаржы бөлімінің, оқу-ағарту, мәдениет, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздыру бөлімдерінің меңгерушілері – Жарас Мұратаев, Сәбит Манашев, Төребек Мәжібаев, Сейітхан Жұмашев және Ханасыл Бегасылов, сондай-ақ, аудандық мекемелердің және банк басшыларынан – Кемелбек Дәуренов, Кәрібай Құрмашев, Сейітхан Жұмашев, Сайлау Баетов, Қалыбай Ахметов, Сәбит Манашев, Әсия Сағындықова, Нүрзия Алтыбаева, Әзімбек Сарыпбеков, Қуат Иманбеков, Манатбек Сырымбетов және Пернебек Дайрабаев сынды елжанды азаматтарға Алланың нұры жаусын.
Имандылық үйін салуға жеке кәсіпкерлер де аз үлес қосқан жоқ. Осы тұста ауданда ең алғашқылардың бірі болып жеке кәсіпкерлік ісін бастаған, атпал азамат Мұсатай Аббасов мешітке бірнеше мәрте қаржылай жәрдем беруімен бірге ғибадатхананың ашылуына арнап мал сойып, қонақтарды күтісіп, табанынан тік тұрып қызмет істеді. Мұнымен қоса өңірде сүт өңдеу кәсіпорнын ашып, оны ұзақ жыл басқарған іскер азамат Орынбасар Мешеловтың мешіт құрылысына қосқан үлесі орасан. Бір ескерте кететіні, жоғарыда аты аталған жанашыр азаматтардың бірқатары бүгінде өмірден озып кетті. Жандары жаннатта болсын деймін!
Иә, Алланың ақ жолын және Бір Жаратушының ризашылығын алуға бағытталған жұмыстар рет-ретімен атқарылып жатты. Бірақ тоқырау жылдары ел экономикасының құлдырап, халықтың да тұрмыс жағдайы тұралаған кезге тап болды. Аудандық мешіттің құрылысы да ақшаның құны кеміп, тауар бағаларының шарықтауымен тұспа-тұс келді. Бұл кезде мешітте әрлеу, сырлау жұмыстары әлі де жеткілікті болатын.
Имандылық үйінің ішін өрнектеп, құран сөздерін жазу үшін әрі суретшілік өнері бар, әрі десе араб графикасынан тәп-тәуір хабары бар мамандар керек болды. Сұрастыра келе, мұндай кәсіби мамандар Өзбекстанның Ташкент аймағынан табылды. Бұл жұмысты өзбек шеберлері қомақты қаражатқа атқарып берді.
Көптен күткен қуаныш
1994 жылдың көктемінде мешіттің ресми түрде ашылу салтанаты болды. Бұл Жуалы жұртшылығының көптен күткен қуанышты күні еді. Оған аудан әкімі Еркінбек Солтыбаев, орынбасарлары – Естемес Аманбеков, Құрманқұл Тоқтағұлов және Әсия Сағындықова бастаған аудан активі қатысып, жиналғандарды мешіттің ашылуымен құттықтады. Осы жиында имам ретінде өзім де аудандағы алғашқы ғибадат үйін салуға өз үлестерін қосқан барлық жерлес жанашыр азаматтарға, құрылысты жүргізуге демеуші болған ұйымдарға және аудан басшыларына алғысымды айттым.
Біткен іске құтты болсын айтып, бата беру, әруақтардың рухына Құран бағыштау ата салтымыз емес пе?! Көптен күткен мешіттің салтанатты ашылуында Шақпақата ауылының тұрғыны, қадірлі қария Дербіш Дүйсенбиев ақсақалға сөз беріліп, ақынжанды кісі жұртшылыққа айтар ақ тілегін жыр жолдарымен жеткізгені жұртшылықтың әлі есінде.
Айтуға оңай болғанымен, аудандағы алғашқы мешіттің құрылысы осылай аяқталып, жамағатқа есігін айқара ашқан болатын. Міне, мешіттің қызмет көрсете бастағанына биыл 30 жылға жуықтады. Өзімнің де Жуалы ауданында бас имам, имам болып қызмет етіп келе жатқаныма 40 жылға жуықтады. Иә, мешіттің құрылысында болған оқиғалар дәл бүгінгідей көз алдымда. Кейіннен «Жуалы» мешітінің жанынан қабірстанға арнап жер телімі бөлініп, тағы басқа жұмыстар атқарылды. Иә, мешітке жәрдем етумен қатар, мешіт жанынан жер телімін алуға үлес қосқан азаматтар әлі де ортамызда бар. Оның біріншісі бүгінде бір ауданның ғана емес, облыстың абыз қариясына айналып отырған – Жарас Мұратайұлының және марқұм, ауылдың қадірлі қариялары – Әбдікерім Жолдасов және Ділда Мырзақұловтың есімдерін құрметпен атап өткенді жөн санадым.
Имандылық үйі қайта жаңғыртылды
«Елу жылда – ел жаңа» дейтін болсақ, қай нәрсенің де тозатыны, ескіретіні белгілі. Ауданда ең алғаш болып ел-жұрттың көмек-қолдауымен бой көтерген «Жуалы» көпшілік мешіті жамағатқа ұзақ жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Мешітті күрделі жөндеу туралы мәселе қайта көтеріліп, Алла сәтін салып, сабақтаса келіп бұл игі іс 2019 жылы атқарылды. «Көп түкірсе – көл» деген. Жұртшылықтың көптеп-көмектеуімен имандылық үйін қайта жөндеуден өткізіп алдық. Бұл жұмыстарға да аз қаржы жұмсалған жоқ. Тер де аз төгілген жоқ. Жастарға үлгі болсын деген оймен мұны да баса айтқым келеді.
Әкенің өнегесі – балаға үлгі. 2019 жылы мешітті қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарының басы-қасында имандылық үйінің алғашқы қазығын қағуға атсалысып, ұзақ жылдар мешіттің алқа мүшесі болған қадірлі қария, соғыс ардагері – Әбдікерім Жолдасовтың ұлы Әділхан Жолдасов жүріп, атқарылатын жұмыстарға үлкен жанашырлық танытты. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Әнет Бекболатұлы сияқты басқа да атпал азаматтардың ерен еңбегін айтпай кетуге болмайды. Мешітті қайта күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары негізінен көпшіліктің күшімен атқарылды. Алланың ақ жолын ұстанып, имандылықты қолдаған жамағатқа, ауыл тұрғындарына және жанашыр азаматтардың барлығына алғысымды білдіремін.
Мешіттің жанынан қабірстанға жер бөлінгені туралы жоғарыда айтқанмын. Ендігі кезекте ауыл тұрғындарының тілегі – зиратты қоршау, оның айналасын ретке келтіру және жол салу жұмыстары еді. Сәтін салып, бұл игілікті іс те биыл көктемде аяқталды. Осы тұста ауылдың азаматтарын бұл ортақ іске жұмылдырған Б.Момышұлы ауылдық билер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы – Шора Ысқақовтың есімі мен еңбегін ерекше атап өткенді жөн санадым. Бұл істің де жүзеге асуы оңай болды деп айта алмаймын. Шора Ысқақов екеуміз аталған мәселемен ауданның басшыларына қайта-қайта кіріп, бейітті қоршау және жол салу жұмыстарына қомақты қаржы бөлдіруге ықпал еттік. Сонымен бұл жұмыстар да мердігерлердің күшімен сапалы атқарылды.
Алланы сүю – Адамзатты сүю!
Жалпы халқымыздың ұғымында және асыл дінімізде мешіт салу үлкен сауапты іс саналады. Мешіт – адамды тәрбиелейтін қасиетті орын. Алланы сүю – Адамзатты сүю. Әділетті сүю – имандылықтан және дәл осы Алланың үйінен басталады. Адамға рақмет айтпаған, Аллаға да рақмет айтпаған болып саналады. Сол үшін имандылық үйін қадірлеуіміз қажет.
Ел тарихына көз жіберсек, Алаш арыстарының барлығы медреселерде білім алып, молдалардан тәлім алған азаматтар. Олар бірден осындай елжанды, қайраткер азаматтар болып қалыптаспағаны белгілі. Мысалы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы Семейдегі «Ахмет-Риза» медресесінде діни білім алса, ақын Мағжан Жұмабаев «Ғалия» медресесінде, ал Тұрмағамбет Ізтілеуов «Көкелтәш» медресесінде сауат ашып, білім алған. Одан беріректе даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы және көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев сынды ел ардақтылары да медресе табалдырығын аттап, ең алғаш діни сауат ашқанын білеміз.
Жалпы мешіт пен медресе екеуі бір ұғымды білдіреді. Қасиетті Жуалы өңірінде де мешіт-медресе ұстап, жергілікті халықты имандылыққа шақырып, шәкірттер тәрбиелеген ұлт қайраткерлері аз болмаған. Міне, мұндай сауапты істердің барлығы жиыла келгенде жалпы халықтың имандылығын арттыруға сеп болғаны анық.
Алланың елшісі Мұхаммед (с.а.у) Меккеден Мәдина қаласына көшіп барғанда ең алғаш асарлатып «Құбба» мешітін салдырғаны Ислам тарихынан белгілі. Ал әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауиге арнап еңселі кесене тұрғызуы да өз алдына аңыз әңгіме. Аталған кесене бір кездері жамағат намаз оқитын мешіттің де қызметін атқарған. Ясауи кесенесі – ғажайып сәулет туындысы болып саналады.
Осы тұста өмір туралы бір тәмсілді айта кетсем деймін. Бұл – өскелең ұрпаққа қажет. Ертеде жасы ұлғайған бір қария кісі далаға шыға алмай, төсек тартып жатып қалса керек. Сонда ауыл адамдары жиналып, қарияның амандығын білмекке оның көңілін сұрап барған екен. Сонда қария жайлап басын көтеріп: «Құдай» деп жатырмын. Сыйлап келгендеріңізге рақмет. Менен бұрын кеткендердің алды да, соңы да мен емеспін»,- деген екен.
Сол қария айтқандай, имам, қажы болып, Алланың хақ дінінің жолында адал қызмет еткендердің алғашқысы да, соңғысы да мен емеспін, қарақтарым. Бұл өмірде менен бұрын да небір ғұламалар, қара суды теріс ағызатын молдалар мен ишандардың өткені белгілі. Арыға бармай-ақ, Жуалы өңірінде өткен осындай дін қайраткерлерінен – Тілеуқұл молда, Сатанқұл молда, Нәзір қожа, Оспанәлі және Әлімқожа сынды молдалардың есімдерін атап өткенді жөн көрдім. Олардың елге еткен еңбегі жергілікті халықтың жадынан әлі де шыға қойған жоқ. Өңірімізде бізден де ілім-білімі күшті жас имамдар жеткілікті.
Өзбекстанның әйгілі Самарқан шаһарындағы «Тілла қары» медресесінде: «Таққа аман жеткеніңе емес, тақтан аман кеткеніңе қуан» деген жазу бар. Ал Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде: «Ел жиренбегенде кеткен адам – бақытты адам» деп жазыпты. Міне, халыққа қалтқысыз қызмет етсек, сөйтіп жұртшылықтың көңілінен шыға білсек, онда ел алдындағы парызымыздың өтеліп, абырой-беделіміздің биіктегені деп білемін.
Қорыта келе айтарым, Жуалы ауданының 95 жылдығының қарсаңында өңірде алғаш жүргізілген мешіттің құрылысы, оның жұртшылыққа көрсетіп отырған қалтқысыз қызметі жайындағы мақалада мұның төңірегіндегі барлық мәселені қамтыдым деп айта алмаймын. Алла жазса, бұл туралы әлі де салмақты дүние жазыла жатар.
Мерейлі мерекенің қарсаңында барша жерлестерімді қасиетті өңірдің 95 жылдық торқалы тойымен құттықтай отырып, әрбір отбасына амандық-саулық, тірліктеріне береке тілеймін. Азаматтарының асқақ даңқымен атағы алысқа тараған қасиетті Жуалы өлкесінің туған елмен бірге өркендей беруіне тілектестігімді білдіремін.
Тәуелсіздігіміз ұзағынан, иманымыз берік болсын! Аумин!