Basty bet
ҚАРА ЖЕРГЕ ТЕР ТӨГІП, ТАБЫСҚА КЕНЕЛУДЕ
Кеше ғана қамбаны астыққа толтырып, «Алтын күз» мерекесін тойлаған еңбекшіл қауым қысқы демалыстан соң дала жұмысына қайта кірісіп кетті. Таң атпай кетпенін асынып, жерден несібесін жинағандар егістік алқабын егінге дайындап, көктемгі егіндерді егіпте, суарыпта үлгерді. Өткен жылдан қалған қалдықтарды өртеп, жер өңдеу, оны тегістеуде атыздарды тазалау биыл өткен жылға қарағанда ерте басталды. Өйткені биыл ауа райы ерте жылынды. Соның есебінен аудандағы барлық шаруалар көктемгі дала жұмыстарын ерте аяқтап қойды. Қазіргі таңда диқандар соңғы қырыққабат көшетін отырғызуда. Бұл жұмыста бір аптаның көлемінде аяқталады деп отыр Нұрлыкент ауылының диқандары.
Басқа ауылдық округке қарағанда Нұрлыкент ауылы мал шаруашылығынан бөлек, бау-бақша егумен де айналысады. Бұл ауылдың әрбір тұрғыны ауласына көкөністің барлық түрін отырғызады десек, артық айтқанымыз емес.
Көкөніс пен бақша дақылдары алқабының көбін Нұрлыкент ауылының тұрғындары егіп баптайды. Қарап отырсаңыз, мұның барлығы үлкен төзімділік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Өйткені Нұрлыкент ауылындағы әрбір диқан таңның атысымен кетпенін арқалап егін басына кетіп, кешке бірақ оралады. Солай олар алғашқы қар түскенше алқап басында болады.
Ауылдағы осындай еңбекқор отбасылардың бірі – Өтеновтар отбасы. Олар ерте көктемнен бастап үй іргесіндегі жерлеріне қырыққабат, қызанақ, ащы бұрыш, тәтті бұрыш, баклажан, пияз, болгар бұрышы, тағы басқа көкөністердің көшетін егіп, баптаумен айналысады. Дайын болған көшетті ауыл тұрғындарына, қала берді аудан орталығына апарып саудалайды. Одан бөлек, ағайындылар Б.Момышұлы ауылының маңынан 10 гектардай жерді жалға алып, ол жерге қырыққабат көшетінің үш-төрт сортын отырғызады. Алқап басындағы жұмысты барлығы сенікі, менікі демей теңдей бөлісіп істейді. Біз алқап басына барғанымызда тәжірибелі диқандар биыл да қырыққабат көшеттерін отырғызып, баптауға қызу кірісіп кеткен екен…
– Жылдағыға қарағанда, биылғы көктем ыстық болып тұр. Осыған байланысты болу керек, жергілікті диқандар қырыққабат басқа да көкөністерін ерте отырғызып қойды. Біз де бір аптаның көлемінде аяқтаймыз деп отырмыз. Биыл біз қырыққабаттың бухарест, заказ, эсказио сорттарын отырғызудамыз. Биыл «ринда» сортын еге алмадық. Өйткені бұл сорт биыл тапшы болғандықтан басқа сорттарын отырғыздық.
Жылдағыдай көшетті қондырмас бұрын егілетін алқапта агротехникалық шараларды сақтап, техникамен өңдейміз. Алқаптың топырағын әбден тегістеп болғаннан кейін ғана жүйектер түземіз. Одан кейін көшетті қондыратын лункалар аламыз. Біз бұл жерде міндетті түрде аммофос минерал тыңайтқышын себеміз. Жүйектерге ағын су жібергеннен кейін ғана көшеттер отырғызылады. Бұл жұмыстың барлығы көшет егу, оны күтіп баптаудың өзіндік технологиясы бар. Қазіргі таңда бізде көшет отырғызу жұмысы қызу жүруде. Бірақ су мәселесі дұрыс болмай тұр. Жылдағыдай ағынсуға келгенде үлкен мәселе туындайды. Одан бөлек, биылғы көктемде жауын-шашын да болмай, егістік жерлер қатып тұр,- дейді Мүсілім Өтенов.
Бір сөзбен айтқанда, алқап басында қызу жұмыс жүруде. Бұл жерде жұмыстың барлығы негізінен қолмен атқарылады. Әрбір көшет қолмен бапталып, алқапқа да қолмен отырғызылады. Жылда қырыққабат көшетін отырғызу кезінде қосымша жұмысшы күші тартылады. Алқапта 20 шақты жұмысшы көшет қондыру жұмысына жұмылдырылған.
Басын көтеріп елден сұрағанша, басын иіп жерден сұрайтын диқан қауымы осылайша нәпақасын табу үшін тырбанып тірлік жасауға әлдеқашан кірісіп кеткен. Ала жаздай егіннің бабын жасау үшін осы кезден барлық құрал-саймандарын сайлап алған. «Диқан жерім дейді, жері үшін ерінбейді» демекші, тілімдей жерден жылдық азық жинауға бел байлап, қызу тірлікке араласқан. Сондықтан биыл да ауданның еңбеккер диқандары ел мерейін үстем етеді деп сенеміз.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»