Basty bet

Қоғамның күтетіні – әділ сайлау

«Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл жолғы Президенттің сайлаудың салмағы бәрінен де басым болып отыр. Өйткені, бұл жолғы саяси дода ерекше жағдайда өтеді. Бұл – жай ғана Президентті таңдау емес, жалпы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі позициясы мен ішкі саяси бағыт-бағдарын анықтауға бағытталған саяси науқан болғалы тұр. Бір сөзбен айтқанда, еліміз үлкен саяси маңызды таңдаудың қарсаңында тұрғаны анық.
Жаңа Қазақстан, жаңа өзгеріс, жаңа Президент. Бұл өте үйлесімді дүние. Президенттің өзі тілге тиек еткендей, алдағы уақытта саяси реформалардың аясында халық елде болатын саяси өзгерістердің бәрін алдын ала біліп отыратын болады. Дамыған мемлекеттерде осындай үрдіс қалыптасқан.
Ал Президентті жеті жылдық бір мерзімге сайлау – құптарлық іс. Жеті жылдық меже – бір ғана өкілеттілік үшін өте тиімді уақыт. Президентті бір реттік мерзімге ғана сайлау нормасы – Қазақстанның демократиялық бағытты берік ұстанғанының дәлелі. Елде мемлекеттік-саяси құрылымның жаңа моделі қалыптасты. Енді келесі қадам – осы модельді іске қосу болмақ. Халықтың пікірі осыған келіп саяды. Президенттің атқаратын мерзімі жеті жылға созылғанмен, бірақ ол бір реттік қана таңдау болады.
Ең бастысы, қоғамның күтетіні – әділ сайлау. Бұл сайлау «Жаңа Қазақстан» деп аталған дәуірдегі жаңа сайлау болмақ. Осы сайлаудан бастап, Президентті тек бір мерзімге сайлаймыз.
Сайлау өткізілген сайын халық жаңа биліктен жаңаша дүниені күтетіні анық. Бұл – қа¬лыпты құбылыс. Ең бастысы, әлемдегі ахуал күрде¬леніп, қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған қазіргідей қым-қуыт уақытта осындай саяси іс-шаралар мемлекеттігімізді бекітіп, ұлтымызды ұйыта түссе игі!

Мұратқали РАХМЕТОВ,
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалы
жанындағы аудандық билер кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close