Basty bet

Жаңа оқу жылына дайынсыз ба?

Қазіргі таңда нарық бағасы қара халықтың қалтасын қағып жатқаны жасырын емес. Киім-кешек пен коммуналдық қызметтердің төлемін есептемеген күннің өзінде, азық-түлікті әрең сатып алып отырған отбасылар да кездеседі. Алдымызда жауапты кезең. Әнеміне дегенше жаз да бітіп, жаңа оқу жылына да аз күн қалды. Мектеп оқушылары сөмкелерін арқалап, бірінші қыркүйектегі алғашқы қоңырауды асыға күтіп жүр. Ата-аналардың ендігі басты қамы мен уайымы – балаларына мектеп формасын алып беру. Бес саусақтың бірдей емес екендігі белгілі. Әдетте жаңа оқу жылының қарбаласпен басталатыны белгілі. Қазір балаларын мектепке әзірлеу үшін дүкен-базарларды шарлаған ата-аналардың да қарасы көбейген.
Мектеп формасын сатып алып беруге барлық ата-ананың жағдайы жете ме? Сатып алған мектеп формасы өзінің бағасы мен сапасына лайық па? Осы сұрақтардың төңірегінде ата-аналардың пікірін сұраған едік. Ата-ана Бағила Айжанова: «Қазіргі мектеп формаларының бағасы қымбат, оқушының мектепке барғандағы мәселесі тек мектеп формасымен ғана шектелмейді. Оның спорттық үлгідегі киімі мен аяқ-киімдері, одан қалды сөмке, т.б. оқу құралдары бар, шамамен бір баланың өзін мектепке дайындау үшін кемінде 100 мың теңгедей қаражат қажет болады. Ал оны көп ата-аналардың қалтасы көтере бермейді. Қазіргі таңда үйде үш бала мектепке барады. Одан бөлек, студенттер бар. Оларға да киім алу керек»,- дейді көпбалалы ата-ана.
Бар жақсылық – балаларға» дейтін кез келген ата-ана баласының мектепке мұнтаздай таза болып, жарқырап киініп барғанын қалайды. Жаңа оқу жылы басталардың алдында базарлар мен сауда үйлерінде мектеп формасы мен мектепке қажетті құралдардың саудасы қызып тұр. Әдеттегідей тамыз айы киім-кешек пен оқу құралдарын алумен өтіп кетеді. Солардың ішінде, көпшілігі мектеп формасына келгенде бас қатыратыны анық. Баланың өз таңдағаны талапқа сай келмеуі мүмкін. Сол себепті, ата-аналарға құлаққағыс ретінде жыл соңында барлық білім ошақтарында Қазақстан Республикасы Білім мен ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен Орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бекітілген.
Ол жерде ұлдардың мектеп формасы пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/ кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады. Ал қыздардың мектеп формасы пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде, не түймелері бар немесе сыдырмалы тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе тенниска (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.
Одан бөлек, жекелеген санаттағы отбасы балаларына әлеуметтік көмек көрсету мақсатында дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы ағымдағы жылдың 1 тамыз – 30 қыркүйек аралығында өтуде.
Акцияның мақсаты – әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін әлеуметтік көмек көрсету. Қазіргі таңда акция барысында қайырымдылық көмек көрсетіп жатқан демеушілер саны күннен күнге артып келеді.
«Қазіргі таңда жалпыға бірдей білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға жыл сайынғы қолдау көрсету жалғасуда. Аудан әкімдігі білім бөліміне қарасты 39 мектептен 2570 балаға «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан материалдық көмек алуға құжаттар жиналып, 2025 жылдың 1 тамызынан бастап ата-аналарға аударылуда» дейді білім бөлімінің әдіскері.
-«Жалпыға бірдей білім беру» қорынан материалдық көмек алатындардың қатарында АӘК алатын отбасылардағы мектеп оқушылары мен жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім балалар, мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары бар. Білім беру ұйымының алқалық басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына (бұдан әрі – білім алушылар мен тәрбиленушілер) қаржылай және материалдық көмек көретуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағытымен есепке алу тәртібін айқындайды. «Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың есеп шоттарына қаражат аудару арқылы көмек көрсету тетігін жетілдіру шараларын қабылдады. Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен мектепке керек-жарақ құралдарын жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Осылайша сапасыз тауарларды алуды болдырмайды. Қазіргі таңда әрбір білім алушыға киім, оқу-құралдарын сатып алуға арналған ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде – 53 117 теңге қаражат белгіленген,- дейді білім бөлімінің әдіскері Айдана Артықбай.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close