Basty bet
Абайлаңыз, Туберкулез!
Қазақстанда туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші соңғы 10 жылда 2,3 есе төмендеді. Алайда, Жуалы ауданында көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда, 4 жағдайға жоғары. 2022 жылы аудан тұрғындарының жалпы санына шаққанда, туберкулезбен ауырған науқастар 2,5%, 2023 жылы бұл көрсеткіш 3,3-ға дейін өсті. Сырқаттанушылықтың көбеюіне байланысты, Жуалы АОА (аудандық орталық аурухана) және Жуалы аудандық СЭБ (санитариялық-эпидемиологиялық бақылау) басқармасы 22 ақпан мен 24 наурыз аралығында өз мекемелерінде ашық есік күндерін және де акция, семинарлармен қатар, түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыруда.
Туберкулез (лат.Tuberculum) – микобактериялардың әртүрлі түрлерінен, әдетте туберкулез микобактериясынан (яғни Кох таяқшасы) туындайтын әлемде көп таралған адам мен жануарлардың жұқпалы ауруы.
Туберкулез микобактериясының қоршаған ортадағы төзімділігі:
• ылғал, қараңғы жерде 23 C температурада 7 жылға дейін;
• қараңғы, құрғақ жерде (ауру жұқтырған адамның қақырығында немесе шаң-тозаңда) 10-12 айға дейін;
• көшедегі шаң-тозаңда (яғни құрғақ, жарық жерде) 2 айға дейін;
• кітап беттерінде 3 айға дейін;
• суда 5 айға дейін;
• топырақта 6 айға дейін;
• шикі сүтте 2 аптаға дейін, май мен ірімшікте 1 жылға дейін сақталады.
Ультракүлгін сәулелер туберкулез микобактериясына зиянды әсер етеді. Сондықтан тікелей күн сәулесі әсер еткенде, сондай-ақ қайнату кезінде олар 3-5 минут ішінде жойылады.
Туберкулездің дамуына ықпал ететін факторлар:
• Ауру адаммен тұрмыстық байланыс
• Қолайсыз әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар (ылғал, шаңды, желдетілмейтін жерлерде жиі болу)
• Ұзақ уақыт темекі шегу
• Шамадан тыс шаршау, дұрыс тамақтанбау, стресс
• Созылмалы аурулар (өкпе аурулары, қант диабеті, асқазан мен ұлтабардың ойық жарасы, алкоголизм, нашақорлық).
• Иммунитет тапшылығы, оның ішінде АИТВ және ЖИТС.
Инфекция көзі:
• Туберкулездің белсенді түрімен ауыратын адам
• Ауру жануарлар
Инфекция жолдары:
• Ауа-тамшы жолымен (жөтелгенде, түшкіргенде, науқаспен сөйлескенде, құрамында микобактериялар бар шаң арқылы).
• Тұрмыстық байланыс арқылы (зақымдалған тері және сілемейлі қабат арқылы)
• Алиментарлы жолмен (ауру үй жануарынан алынған өнім арқылы), өте сирек кездеседі.
Негізгі белгілері:
• Тез шаршау және жалпы әлсіздіктің пайда болуы.
• Тәбеттің төмендеуі немесе мүлдем болмауы, салмақ тастау.
• Қатты терлеу, әсіресе таңертең және негізінен дененің жоғарғы бөлігінің терлеуі.
• Аз ғана физикалық күш жұмсағанда ентігу.
• Дене температурасының 37,2-37, 8°C дейін көтерілуі.
• Ұзаққа созылған, емге көнбейтін жөтел немесе қақырықты жөтел (қан болуы ықтимал).
Алдын алу:
• Бала туылғанда БЦЖ вакцинациясын салдыру және химиопрофилактика.
• Жыл сайын диспансерлік бақылану және ауруды ерте сатысында анықтау (жылына кемінде 1 рет флюорографиялық тексеруден өту)
• Саламатты өмір салтын ұстану (дұрыс тамақтану, жаман әдеттерден бас тарту, дене шынықтыру, спортпен шұғылдану, шынығу).
• Жеке және қоғамдық гигиена қағидаларын сақтау.
Құрметті Жуалы ауданының тұрғындары!
Өз денсаулығыңызға немқұрайды қарамаңыздар. Жыл сайынғы медициналық тексерулерден өтулеріңізді сұраймын. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік!
Сәнімгүл Тілеш,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы